Алматы облысында жас жігіттердің төбелесі 16 жастағы жасөспірімнің өлімімен аяқталған болатын.
«Әділ шешім шығарына сенім артамыз»: Сәкен Майғазиев қоғамда қызу талқыланып жатқан оқиға туралы айтты
Фото: instagram.com/saken_maigaziyev
1,267
оқылды

Әнші Сәкен Майғазиев Талғарда болған оқиғаға қатысты пікірін айтты, – деп хабарлайды Aikyn.kz.  

Ол қара жамылып отырған отбасындағы жағдайға өкініш білдіріп, әділ шешім шығарына сенім артатынын жеткізді.

«Құдайдан қорықпағаннан қорық. Жығылғанға жұдырық. Қыршын кеткен Шерзаттың өлімі мен бүгін түнде болған өрт оқиғасы, кешегі Жетіқарадағы бес бірдей баланың өртке оранып, бақилық болғаны баршамыздың қабырғамызға қатты батып жатыр. Бүгін түнде болған өрт неден шыққанын құзырлы органдар анықтай жатар. Егер шындығында қасақана қастандықпен қолдан қойылған от болса, нағыз надандық, мейірімсіздік, имансыздық осы шығар. Онсыз да қара жамылып отырған отбасының шаңырағын ортасына түсіріп от қою қандай қатыгездің қарекеті екен?! Жақсылық жасасаң өзіңе, жамандық жасасаң өзіңе. Адамның жасаған әрбір амалы өзіне айналып келетінін (бумеранг) білмеу қандай қараңғылық. Тынышы кеткен Талғардағы оқиғаға байланысты Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Бас прокуратураның баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып, Бас прокуратураның басшылығымен жедел-тергеу тобы құрылғанын, кінәлілерді әшкерелеу үшін барлық шара қабылданатынын хабарлады. Әділ шешім шығатына сенім артамыз. Шерзаттың және бес баланың жаны жәннатта болсын», - деп жазды әнші.

Айта кетейік, Алматы облысында жас жігіттердің төбелесі 16 жастағы жасөспірімнің өлімімен аяқталған болатын.

Алматы облысында марқұмның отбасына тиесілі үй өртеніп кетті.

Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Бауыржан Аленов пен Алматы облысының прокуроры Берік Адамов Талғарда болған оқиғаға, яғни марқұм болған Шерзат Болаттың отбасына тиесілі үйдің өртенуіне байланысты істің мән-жайы туралы баяндады.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»  Telegram  арнасынан таба аласыз.