Тоқаев қызметінен босатқан шенеунік жаңа лауазымға тағайындалды
Тоқаев қызметінен босатқан шенеунік жаңа лауазымға тағайындалды
218
оқылды
Жамбыл облысы әкімінің өкімімен Қайрат Әскербекұлы Досаев Жамбыл облысы әкімдігінің табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы болып тағайындалды.
Ол 1965 жылы туылған, білімі жоғары. Қазақтың Еңбек Қызыл Ту ордені ауыл шаруашылық институтын «инженер-механик», Абай атындағы қазақ ұлттық педагогикалық университетін «экономист» мамандықтары бойынша бітірген. Қайрат Досаев еңбек жолын 1987 жылы ғылыми-өндірістік бірлестіктің инженері болып бастаған. Әр жылдары «Алтын диірмен» АҚ инженері, Алматы қалалық төтенше жағдайлар басқармасының төтенше жағдайлар бөлімі басшысының орынбасары, сектор меңгершісі, ҚР Төтенше жағдайлар агенттігі төрағасының көмекшісі, Алматы облысы әкімінің көмекшісі, Талдықорған қаласы әкімінің орынбасары, Алматы облысы Қаратал ауданы әкімінің орынбасары, Алматы облысының табиғи монополияларды реттеу және бәселестікті қорғау басқармасының басшысы, Алматы облысының тарифтер жөніндегі басқармасының басшысы, ҚР Төтенше жағдайлар министрінің көмекшісі, «Мекен» ЖШС директоры, «2011 жылғы 7-ші қысқы Азия ойындарын ұйымдастыру комитетінің атқарушы дирекциясы» акционерлік қоғамының Алматы филиалының директоры, вице-президенті, департамент директоры, «Казспортинвест» АҚ вице-президенті лауазымдарында еңбек етті. Сондай-ақ, 2014-2017 жылдары Жамбыл облысы Қордай ауданының әкімі, 2017-2019 жылдары Шу ауданының әкімі, 2019 жылы Тараз қаласының әкімі қызметтерін атқарған. 2019 жылдың желтоқсанынан бастап Жамбыл облысы әкімдігінің еңбек инспекциясы басқармасының басшысы – бас мемлекеттік еңбек инспекторы ретінде жұмыс жасап келді. 2019 жылдың қарашасында Тараздағы 12 жастағы мектеп оқушысы зардап шеккен оқыс оқиғаға байланысты Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жамбыл облысының басшысына Тараз қаласының әкімін қызметінен босатуды тапсырды.
«Жамбыл облысының әкіміне Тараздағы 12 жастағы мектеп оқушысы зардап шеккен оқыс оқиғаға байланысты және жұмысында жүйелі кемшіліктер жібергені үшін Тараз қаласының әкімін қызметінен босатуды тапсырдым. Облыс әкіміне ескерту жасадым», - деп жазды Тоқаев Твиттердегі жазбасында.
Тоқаевтың тапсырмасынан кейін Тараз қаласының әкімі Қайрат Досаев қызметінен босатылып, арада 2 апта өткен соң Жамбыл облысы әкімінің өкімімен Тараз қаласының әкімі болып Айтқазы Қарабалаев тағайындалды. Тоқаевтың тапсырмасымен қызметінен кеткен Қайрат Досаев арада бір ай өткен соң Жамбыл облысы Еңбек инспекциясы басқармасының басшысы болып тағайындалды.