Жолдардың жағдайы халықты үнемі алаңдатады. Мәселен, биыл «Nur Otan» партиясының қолдауымен халықтың өтініштері мен шағымдары ең көп түскен жолдарға күрделі жөндеу жүргізу қолға алынбақ. Бұл туралы партияның Ақмола облыстық филиалының саяси бюро отырысында айтылды.
Атап айтқанда, «Бабатай-Волгодоновка-Береке-Бұлақсай» 0-15 шақырым автомобиль жолдарына; «Қабанбай батыр-Жалғызқұдық-Оразақ» бағытындағы 2 шақырым автомобиль көпіріне, «Жолымбет-Шортанды-Пригородное» бағытындағы 29 шақырым автомобиль жолдарына күрделі жөндеу жүргізу және «Новый Колутон-Ақкөл-Азат-Минское» бағытындағы Азат-Минск 172-220 шақырымдық бөлігін, Қорғалжын ауылына кіреберіс жол 0-7 шақырым, «Петровка-Улан-Мариновка» бағытындағы 55-108 шақырым автомобиль жолдарына орташа жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп жатыр. Жалпы, биыл Ақмола облысы бойынша автомобиль жолдарын жөндеу бағытында 232 жоба қолға алынып отыр. Нәтижесінде, облыстық, аудандық маңыздағы және елді мекендердегі көше жолдарының 800 шақырымы жөндеуден өтеді. Бұл жолдардың сапасын 82% жақсы және қанағаттанарлық жағдайға жеткізуге мүмкіндік береді. Яғни, жоспар орындалса, партияның Жол картасында бекітілген межеге қол жеткізіледі. Биыл жергілікті маңыздағы жолдарды жөндеуге 38 млрд теңге қарастырылса, қосымша 12,2 млрд теңге бөлінді. Сала мамандарының айтуынша, жұмыс өз деңгейінде жүргізіліп жатыр. Халық қалаулылары жолдарды жөндеу кезінде елді мекендерге кіреберістегі және көшелердегі ақпараттық жол белгілерін орнату бойынша халықтың өтінішін жеткізді. Сондай-ақ жиында 4 инвестициялық жобаның мерзімінде аяқталмау қаупінің себептері мен оны жою бағытында атқарылып жатқан шаралар талқыланды. Мәселен, Ерейментау ауданындағы қуаттылығы 50 МВт жел электростансасының құрылысын аяқтау кейінге шегерілуде. Себебі эпидемиологиялық жағдайға байланысты шетелден әкелінетін қондырғыларды жеткізуде қиындықтар туындаған. Алайда бұл жобаны орындаушыларды жауапкершіліктен босатпайды. Сондықтан бұл мәселе алдағы жиналыстарда бүге-шігесіне дейін қаралып, талқыланатын болды.Әбілмансұр ЖАСАН