Жұрттың бойындағы «фобиялар», яғни үрей түрі тағы көбейді. Азаматтар, әсіресе пандемия кезінде «сақтандырылған» мәртебесінен айырылудан қорқады. Қынжылтатыны сол, шенеуніктер, медсақтандыру қорындағылар осы үрей отын үрлеп, ушықтыра түседі: жүйеде жиі-жиі ақау шығып, жарнасы төленген адамдардың өзін сан рет шығарып тастап тұрады. Енді, міне жүйедегі кезекті кінәрат кесірінен студент емес жастардың төлемі қабылданбай, кері қайтарылып жатыр.
Сақтандырылмағандар саны миллиондап артты
Жасыратыны жоқ, МӘМС жүйесі грек аңыздарындағы Авгийдің ат қорасын көзге елестетеді. Былығы көбеймесе, азаяр емес. 2020 жылғы қаңтарда Денсаулық сақтау министрлігі 2,2 миллионға жуық адамның, өзін-өзі жұмыспен қамтушылардың МӘМС жүйесінен қалыс қалғанын хабарлады. Оларды сақтандырылғандар сапына қосу үшін 2019 жылдан бері Қазақстанда бірыңғай жиынтық төлем (БЖТ) енгізілді. Өзге де шаралар қабылданды. Мәселе толық болмағанымен, біршама шешілген болар? Жоқ. Қайта нашарлай түскенге ұқсайды. Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының дерегінше, қазір елде 15,9 миллион адам сақтандырылған. Ұлттық статистика бюросының мәліметі бойынша, Қазақстан азаматтарының саны бүгінде 18 млн 984,8 мың адамға жетті. Яғни, медсақтандыру жүйесінен тыс қалғандар саны 3 миллионнан асты. Бұл санды қордағылар жоққа шығармайды. Айтпақшы, осы қордың Saqtandyrý ақпараттық жүйесінің санағына жүгінсек, жүйеге ілікпей қалған қазақстандықтар саны 4,2 миллион адамды құрайды екен. Сорақысы сол, ӘМСҚ өз дерегін өзі «фейк» деп жариялады. Себебі оның ақпараттық жүйесінде (АЖ) «сақтандырылмаған халық саны дұрыс қалыптастырылмайды». Мысалы, онда Қазақстан азаматтығынан бас тартып, өзге елдерге көшіп кеткен, сонымен бірге о дүниелік болған азаматтар есепте тұрған көрінеді. Қордың түсіндіруінше, «Ақпараттық жүйеде азаматтардың мәліметтерін өзге мемлекеттік дерекқорлармен салыстырып, өзектілендіру тетігі жоқ». Осылайша, 2019 жылдан бері қолданылатын, әзірлеп, іске қосуына, ұстап тұруға және насихаттауға қыруар ел қаржысы шығындалған Saqtandyrý шикі болып шықты. Бұл мәселе таяуда МӘМС енгізу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысында жеке қаралыпты. Денсаулық сақтау министрлігіне «Республикалық электронды денсаулық сақтау орталығымен» және Әділет министрлігімен бірлесіп, азаматтардың мәртебесін «Бекітілген халық тіркелімі» және «Жеке тұлға» мемлекеттік деректер қорындағы қайтыс болғандар және тұрақты тұруға шетелге кеткендер дерегімен салыстырып, өзектілендіріп шығу жүктелді. ДСМ бұл процесті автоматтандыру тетігін пысықтап, АЖ-да өмірден өткендер, шетелге кеткендер бойынша сүзгі-фильтр орнатуы тиіс.Жүйеде «футбол» басталды
Осы жүйеде оң статусынан айырылғандар саны алда күрт артатын сыңайлы. Кейінгі кезде мыңдаған адамның қорға аударылған жарнасы қабылданбай, кері қайтарылып жатыр. Бұл елдің алаңдаушылығын тудырып, кәдімгідей дүрбелең туғызды. «Екі айдан бері МӘМС жарнасын төлей алмай жатырмыз. Жүйе қызметкерлеріміздің студент екенін көрсете береді. Бірақ олар кем дегенде 2 және одан көп жыл бұрын бітірген. Бұған дейінгі айларда жарна дер кезінде қабылданатын. Қорға хабарлассақ, студенттерге қатысты базаға қатысты ақау туындағанын, енді барлығы қалпына келтірілгенін мәлімдеді. Оның мамандары жарнаны қайтара аударуға кеңес берді. Әйтсе де, өзгерген ештеңе де жоқ, төлемдер қайта-қайта кері қайтарылып жатыр. Соның кесірінен салық декларациясын тапсыра алмай отырмыз, яғни уақытылы төленбеген төлемдер және берешек пайда болады», – дейді кәсіпкер А.Айтқалиева. Кәсіпкерлер әр қызметкерге жарнаны бірнеше рет аударып, банктерді «байытты»: олар төленген комиссияны қайтармайды. Бухгалтер-есепшілер де басы артық жұмыс, қосымша жүктеме мен стрестен естен тана жаздап жүрген көрінеді. Бизнесмендерді берешегі бар, төлемдері төленбеген декларация тапсырылғаннан кейін салықшылардың айыппұлдар мен өсімпұлдар есептеп, жазалайтыны мазалайды. «Әлдекімнің қателігі үшін неге біз қиналуымыз керек? Қосымша шығынымызды кім өтейді? Неге меморгандар мен квазимемлекеттік сектор базаларындағы қателіктер үшін салық төлеушілер жазаланады?» – дейді Анар Айтқалиева. Алматылық «Мебельные фурнитурные технологии» компаниясының басшысы Артем Курченко да осындай мәселе барын растады. «Қызметкеріміз үшін биылғы маусым айына аударылған МӘМС жарнасы қабылданбады. Қайтару себебі ретінде азаматтың ЖОО-да оқитыны көрсетілген. «Бәлкім, оқуға түскен болар» деп көрсетілген университетке қоңырау шалсақ, ондағылар қызметкеріміздің сонда оқығанын, бірақ 2018 жылы тастап кеткенін хабарлады. Бұл мәлімет базада тосыннан қалай шыға келгені белгісіз. Университеттегілер бұл былыққа қатысы жоғын, ол адамға қатысты мәліметті өзектілендірмегенін айтып, БҒМ-ге телефон соғуға кеңес берді. Өз кезегінде Білім министрлігіндегілер ӘМСҚ-қа сілтеді. 1414 және 1406 бірыңғай байланыс орталықтарына да жүгіндік, жауап таба алмады», – дейді А.Курченко. [caption id="attachment_154243" align="aligncenter" width="1035"]
Мұндай қиындыққа мемлекеттік органдар да кезігіпті
«Бірнеше қызметкерімізге қатысты МӘМС жарналары кері қайтып келді. Себебі ретінде «тұтынушы оқитын тұлға болып есептеледі» делінген. Маусым айы үшін төлемді 3 шілдеде төлегенбіз, 15 шілдеде қайта аудардық. Тағы да кері оралды. Күні бүгінге дейін төлемдер еш кедергісіз өтетін. Жарналары төленбей жатқан қызметкерлеріміз «Болашақ» бағдарламасының түлектері. Бірақ 2020 жылы бітіріп келгендер. Оқуын баяғыда аяқтағанын және қазір ешқандай ЖОО-да студент емесін айғақтайтын анықтаманы eGov-тан алып, бізге ұсынды. Қордың 1406 байланыс орталығына қоңырау шалдық, олар БҒМ-ге, БҒМ – ЖОО-ларға, оқу орындары ӘМСҚ-ке бағыттайды. Бұл сергелдеңнің соңы көрінбейді», – дейді орталық меморгандардың бірінің басшысы Бақтияр Баспақов. Келтіре берсе, мұндай деректер көп.Ақау емес, жаңашылдық
«Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ басқарма төрағасы Болат Төкежановтың айтуынша, бұл жерде қордың айыбы жоқ. «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы» заң бойынша орта мектеп оқушылары, сондай-ақ техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары білім беру, сондай-ақ ЖОО-дан кейінгі білім беру ұйымдарында күндізгі оқу нысанында білім алып жатқандар – студенттер, магистранттар, докторанттар үшін сақтандыру жарналарын мемлекет төлейді. «Жұмыс берушілер бұл азаматтарды жұмысқа алса, онда МӘМС төлемдерін төлеуден босатылады», – деді қор басшысы. Алайда жұмыс берушілер сауатсыз емес: олар онсыз да бос уақытында өзіне қызмет етіп, табыс тауып жүрген студенттерге жарна аудармайды. Бұл жерде оқуды баяғыда бітіріп не тастап кеткендер, сондай-ақ қашықтан (ескіше – сырттай) және MBA-де оқитындар үшін аударылған жарналардың қайтарылуы мәселеге айналды. «Мейлі, онда мемлекет төлесін!» деп қуануына тағы болмайды. Ертең ол жастардың шын мәнінде студент емесі әшкереленген соң, біріншіден олар сақтандырылған мәртебесінен айырылады, екіншіден ондаған, тіпті жүздеген мың теңге берешегі қалыптасуы мүмкін. Үшіншіден, жұмыс беруші айыппұл, өсімпұлмен жазаланады, әкімшілік іс ашылуы ықтимал. Бұған жауап ретінде қор басшысы сақтандырылатын студенттердің тізімін Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ақпараттық жүйесінің деректері негізінде «Азаматтарға арналған Үкімет» мемлекеттік корпорациясы қалыптастыратынын айтты. «Өз кезегінде Еңбек министрлігі оқитын жастарға қатысты ол деректерді БҒМ-ның ақпараттық жүйесінен алады. Ал мемкорпорация сол тізімді ақырында біздің қорға тапсырады. ӘМСҚ осы тізім негізінде азаматтарға МӘМС жүйесінде сақтандыру мәртебесін тағайындайды. Біздің қор бірде-бір азаматтың әлеуметтік мәртебесін өз бетінше анықтамайды және БҒМ-ның студенттер бойынша ақпараттық жүйесіне түзету енгізуге құқығы да жоқ! Сондықтан жұмыс берушілер оқымайтын жұмыскерінің деректерін ақпараттық жүйеден және күндізгі оқу нысанында білім алып жатқан студенттердің тізімінен алып тастату үшін Білім және ғылым министрлігінің Білім беруді цифрлық трансформациялау департаментіне жүгінуі керек», – деді Болат Төкежанов. Ол жұрттың ақау деп жүргені шынында жүйеге енгізілген технологиялық жаңашылдық болғанын жеткізді. 2021 жылғы 1 шілдеде Еңбек министрлігінің «Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» АҚ «Төлемдерді өңдеуді ұйымдастыру» автоматтандырылған ақпараттық жүйесінде «Студент» санаты бойынша МӘМС төлемдерін қабылдауға форматты-логикалық бақылау дегенді енгізеді. Осыған байланысты жүйе студент мәртебесіне ие адамдар үшін төленген сақтандыру жарнасын автоматты түрде төлеушіге кері қайтаруға кіріседі. Бұрын егер жұмыс беруші өз жұмыскері үшін жаңылыс жарна аударып қойса, ол ақшаны қайтару үшін өтініш жазатын. Енді қайтару автоматты түрде жүзеге асырылады. Салдарынан, мәселен декреттік демалыстан шыққан қазақстандықтар қиындыққа кезікті: олар үшін жұмыс беруші аударған жарналар да өтпейді. Мұндай қайтарулар жаппай сипат алған, жұмыс берушілерді дүрліктірген. Нәтижесінде, 14 шілдеде форматты-логикалық бақылау жойылыпты. Сондықтан жұмыс берушілерге декреттік демалысын үзіп, жұмысқа шыққан қызметкерлері үшін МӘМС жарнасын қайтадан аударуға тура келмек. Сонда ғана өмірге сәби әкелген аналар сақтандырылған мәртебесін сақтап қала алады. Ал студенттер тізіміндегі ағаттықтан ығыр болып, ашынған жұмыс берушілердің бәрі министр Асхат Аймағамбетовке жіберіліп жатыр. Жалпы, осы жүйеде делдалдардың көптігі қайран қалдырады. Соның кесірінен медсақтандыру мәртебесін тағайындайтын қор БҒМ-мен тікелей ынтымақтаспайды. МӘМС жүйесі бір жүйеге келгенше, қаншама адамның жүйкесін жұқартып, қанын қарайтатын түрі бар.Айхан ШӘРІП