МӘМС: тағы да былық шықты
МӘМС: тағы да былық шықты

Жұрттың бойындағы «фо­биялар», яғни үрей түрі тағы көбейді. Азаматтар, әсіресе пандемия кезінде «сақ­тан­дырылған» мәртебесінен айырылудан қорқады. Қын­жыл­та­тыны сол, шенеу­нік­тер, медсақ­тан­дыру қорын­дағылар осы үрей отын үр­леп, ушықтыра түседі: жүйе­де жиі-жиі ақау шығып, жарнасы төлен­ген адамдар­дың өзін сан рет шы­ға­рып тастап тұрады. Енді, міне жүйе­дегі кезекті кінәрат кесірінен студент емес жастардың төлемі қабыл­данбай, кері қайтарылып жатыр.

Сақтандырылмағандар саны миллиондап артты

Жасыратыны жоқ, МӘМС жүйесі грек аңыздарындағы Авгийдің ат қорасын көзге елестетеді. Былығы көбеймесе, азаяр емес. 2020 жылғы қаңтарда Денсаулық сақтау министрлігі 2,2 миллионға жуық адамның, өзін-өзі жұмыспен қамтушылардың МӘМС жүйесінен қалыс қалғанын хабар­лады. Оларды сақтандырылғандар сапына қосу үшін 2019 жылдан бері Қазақстанда бірыңғай жиынтық төлем (БЖТ) енгізілді. Өзге де шаралар қабылданды. Мәселе толық болмағанымен, біршама шешілген болар? Жоқ. Қайта нашарлай түскенге ұқсайды. Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының дерегінше, қазір елде 15,9 мил­лион адам сақтандырылған. Ұлттық ста­тис­тика бюросының мәліметі бойынша, Қазақстан азаматтарының саны бүгінде 18 млн 984,8 мың адамға жетті. Яғни, медсақ­тандыру жүйесінен тыс қалғандар саны 3 миллионнан асты. Бұл санды қордағылар жоққа шығармайды. Айтпақшы, осы қордың Saqtandyrý ақпараттық жүйесінің санағына жүгінсек, жүйеге ілікпей қалған қазақстандықтар саны 4,2 миллион адамды құрайды екен. Сорақысы сол, ӘМСҚ өз дерегін өзі «фейк» деп жариялады. Себебі оның ақ­параттық жүйесінде (АЖ) «сақтандырыл­маған халық саны дұрыс қалыптастырыл­майды». Мысалы, онда Қазақстан азамат­тығынан бас тартып, өзге елдерге көшіп кеткен, сонымен бірге о дүниелік болған азаматтар есепте тұрған көрінеді. Қордың түсіндіруінше, «Ақпараттық жүйеде аза­мат­тардың мәліметтерін өзге мемлекеттік дерекқорлармен салыстырып, өзектілен­діру тетігі жоқ». Осылайша, 2019 жылдан бері қолданылатын, әзірлеп, іске қосуына, ұстап тұруға және насихаттауға қыруар ел қаржысы шығындалған Saqtandyrý шикі болып шықты. Бұл мәселе таяуда МӘМС енгізу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысында жеке қаралыпты. Денсаулық сақтау министрлігіне «Республикалық электронды денсаулық сақтау орталығы­мен» және Әділет министрлігімен бірлесіп, азаматтардың мәртебесін «Бекітілген халық тіркелімі» және «Жеке тұлға» мемле­кеттік деректер қорындағы қайтыс болған­дар және тұрақты тұруға шетелге кеткендер дерегімен салыстырып, өзектілендіріп шығу жүктелді. ДСМ бұл процесті авто­маттандыру тетігін пысықтап, АЖ-да өмір­ден өткендер, шетелге кеткендер бойынша сүзгі-фильтр орнатуы тиіс.

Жүйеде «футбол» басталды

Осы жүйеде оң статусынан айырылған­дар саны алда күрт артатын сыңайлы. Кейінгі кезде мыңдаған адамның қорға аударылған жарнасы қабылданбай, кері қайтарылып жатыр. Бұл елдің алаңдаушы­лығын тудырып, кәдімгідей дүрбелең туғызды. «Екі айдан бері МӘМС жарнасын төлей алмай жатырмыз. Жүйе қызметкер­леріміздің студент екенін көрсете береді. Бірақ олар  кем дегенде 2 және одан көп жыл бұрын бітірген. Бұған дейінгі айларда жарна дер кезінде қабылданатын. Қорға хабарлассақ, студенттерге қатысты базаға қатысты ақау туындағанын, енді барлығы қалпына келтірілгенін мәлімдеді. Оның мамандары жарнаны қайтара аударуға кеңес берді. Әйтсе де, өзгерген ештеңе де жоқ, төлемдер қайта-қайта кері қайтары­лып жатыр. Соның кесірінен салық декларация­сын тапсыра алмай отырмыз, яғни уақытылы төленбеген төлемдер және берешек пайда болады», – дейді кәсіпкер А.Айтқалиева. Кәсіпкерлер әр қызметкерге жарнаны бірнеше рет аударып, банктерді «байытты»: олар төленген комиссияны қайтармайды. Бухгалтер-есепшілер де басы артық жұмыс, қосымша жүктеме мен стрестен естен тана жаздап жүрген көрінеді. Бизнесмендерді берешегі бар, төлемдері төленбеген декларация тапсырылғаннан кейін салық­шы­лардың айыппұлдар мен өсімпұлдар есептеп, жазалайтыны мазалайды. «Әлдекімнің қателігі үшін неге біз қи­налуымыз керек? Қосымша шығынымызды кім өтейді? Неге меморгандар мен квази­мемлекеттік сектор базаларындағы қате­лік­тер үшін салық төлеушілер жазаланады?» – дейді Анар Айтқалиева. Алматылық «Мебельные фурнитурные технологии» компаниясының басшысы Артем Курченко да осындай мәселе барын растады. «Қызметкеріміз үшін биылғы маусым айына аударылған МӘМС жарнасы қабыл­дан­бады. Қайтару себебі ретінде азаматтың ЖОО-да оқитыны көрсетілген. «Бәлкім, оқуға түскен болар» деп көрсетілген университетке қоңырау шалсақ, ондағылар қызметкеріміздің сонда оқығанын, бірақ 2018 жылы тастап кеткенін хабарлады. Бұл мәлімет базада тосыннан қалай шыға келгені белгісіз. Университеттегілер бұл былыққа қатысы жоғын, ол адамға қатысты мәліметті өзектілендірмегенін айтып, БҒМ-ге телефон соғуға кеңес берді. Өз кезегінде Білім министрлігіндегілер ӘМСҚ-қа сілтеді. 1414 және 1406 бірыңғай байланыс орталықтарына да жүгіндік, жауап таба алмады», – дейді А.Курченко. [caption id="attachment_154243" align="aligncenter" width="1035"]МӘМС © коллаж: Еркебұлан Дүйсеболатов[/caption] Әлгі қызметкеріне бұған дейін жарналар қалыпты төленіп тұрған, алайда жүйеде болған әлдебір ақау кесірінен ол адам аяқастынан студент болып шыға келген. «Маңызды салада осындай «фокустарға» қалай жол берген? Биліктегілер бір-біріне сілтейді, ешқайсысы жауаптымын, шешіп беремін демейді. Жұрт тұйыққа тірелді», – дейді бизнесмен.

Мұндай қиындыққа мемлекеттік органдар да кезігіпті

«Бірнеше қызметкерімізге қатысты МӘМС жарналары кері қайтып келді. Себебі ретінде «тұтынушы оқитын тұлға болып есептеледі» делінген. Маусым айы үшін төлемді 3 шілдеде төлегенбіз, 15 шілдеде қайта аудардық. Тағы да кері оралды. Күні бүгінге дейін төлемдер еш кедергісіз өтетін. Жарналары төленбей жатқан қызметкерлеріміз  «Болашақ» бағдарламасының түлектері. Бірақ 2020 жылы бітіріп келгендер. Оқуын баяғыда аяқтағанын және қазір ешқандай ЖОО-да студент емесін айғақтайтын анықтаманы eGov-тан алып, бізге ұсынды. Қордың 1406 байланыс орталығына қоңырау шалдық, олар БҒМ-ге, БҒМ – ЖОО-ларға, оқу орындары ӘМСҚ-ке бағыттайды. Бұл сергелдеңнің соңы көрінбейді», – дейді орталық меморгандардың бірінің басшысы Бақтияр Баспақов. Келтіре берсе, мұндай деректер көп.

Ақау емес, жаңашылдық

«Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ басқарма төрағасы Болат Төкежановтың айтуынша, бұл жерде қордың айыбы жоқ. «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы» заң бойынша орта мектеп оқушылары, сондай-ақ техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары білім беру, сондай-ақ ЖОО-дан кейінгі білім беру ұйымдарында күндізгі оқу нысанында білім алып жатқандар – студенттер, магистранттар, докторанттар үшін сақтандыру жарналарын мемлекет төлейді. «Жұмыс берушілер бұл азаматтарды жұмысқа алса, онда МӘМС төлемдерін төлеуден босатылады», – деді қор басшысы. Алайда жұмыс берушілер сауатсыз емес: олар онсыз да бос уақытында өзіне қызмет етіп, табыс тауып жүрген студенттерге жарна аудармайды. Бұл жерде оқуды баяғыда бітіріп не тастап кеткендер, сондай-ақ қашықтан (ескіше – сырттай) және MBA-де оқитындар үшін аударылған жарналардың қайтарылуы мәселеге айналды. «Мейлі, онда мемлекет төлесін!» деп қуануына тағы болмайды. Ертең ол жастардың шын мәнінде студент емесі әшкереленген соң, біріншіден олар сақтандырылған мәртебесінен айырылады, екіншіден ондаған, тіпті жүздеген мың теңге берешегі қалыптасуы мүмкін. Үшіншіден, жұмыс беруші айыппұл, өсім­пұлмен жазаланады, әкімшілік іс ашылуы ықтимал. Бұған жауап ретінде қор басшысы сақтандырылатын студенттердің тізімін Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ақпараттық жүйесінің деректері негізінде «Азаматтарға арналған Үкімет» мемлекеттік корпорациясы қалыптастыратынын айтты. «Өз кезегінде Еңбек министрлігі оқитын жастарға қатысты ол деректерді БҒМ-ның ақпараттық жүйесінен алады. Ал мемкорпорация сол тізімді ақырында біздің қорға тапсырады. ӘМСҚ осы тізім негізінде азаматтарға МӘМС жүйесінде сақтандыру мәртебесін тағайындайды. Біздің қор бірде-бір азаматтың әлеуметтік мәртебесін өз бетінше анықтамайды және БҒМ-ның студенттер бойынша ақпараттық жүйесіне түзету енгізуге құқығы да жоқ! Сондықтан жұмыс берушілер оқымайтын жұмыскерінің деректерін ақпараттық жүйеден және күндізгі оқу нысанында білім алып жатқан студенттердің тізімінен алып тастату үшін Білім және ғылым министрлігінің Білім беруді цифрлық трансформациялау департаментіне жүгінуі керек», – деді Болат Төкежанов. Ол жұрттың ақау деп жүргені шынында жүйеге енгізілген технологиялық жаңа­шыл­дық болғанын жеткізді. 2021 жылғы 1 шілдеде Еңбек министрлігінің «Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» АҚ «Тө­лем­дерді өңдеуді ұйымдастыру» автомат­тандырылған ақпараттық жүйесінде «Студент» санаты бойынша МӘМС төлем­дерін қабылдауға форматты-логикалық бақылау дегенді енгізеді. Осыған байла­нысты жүйе студент мәртебесіне ие адам­дар үшін төленген сақтандыру жарнасын автоматты түрде төлеушіге кері қайтаруға кіріседі. Бұрын егер жұмыс беруші өз жұмыскері үшін жаңылыс жарна аударып қойса, ол ақшаны қайтару үшін өтініш жазатын. Енді қайтару автоматты түрде жүзеге асырылады. Салдарынан, мәселен декреттік демалыс­тан шыққан қазақстандықтар қиындыққа кезікті: олар үшін жұмыс беруші аударған жарналар да өтпейді. Мұндай қайтарулар жаппай сипат алған, жұмыс берушілерді дүрліктірген. Нәтижесінде, 14 шілдеде фор­матты-логикалық бақылау жойылып­ты. Сондықтан жұмыс берушілерге декреттік демалысын үзіп, жұмысқа шық­қан қызметкерлері үшін МӘМС жарнасын қайтадан аударуға тура келмек. Сонда ғана өмірге сәби әкелген аналар сақтандырылған мәртебесін сақтап қала алады. Ал студенттер тізіміндегі ағаттықтан ығыр болып, ашынған жұмыс берушілердің бәрі министр Асхат Аймағамбетовке жі­беріліп жатыр. Жалпы, осы жүйеде дел­далдардың көптігі қайран қалдырады. Соның кесірінен медсақтандыру мәрте­бесін тағайындайтын қор БҒМ-мен тіке­лей ынтымақтаспайды. МӘМС жүйесі бір жүйеге келгенше, қаншама адамның жүй­ке­сін жұқартып, қанын қарайтатын түрі бар.

Айхан ШӘРІП