Өксікпен өткен өмір
Өксікпен өткен өмір
334
оқылды

Бұрын 25 жасқа дейінгі жастар арасында шекара асып, шетелге кетуге құлшыныс танытқандар көп болса, қазір өзге елден жұ­мыс іздеушілердің қатарында қырық­тан асқан кісілердің үлесі де артып келеді. Олардың қата­рын­­да білім қуғандарға қара­ған­да, қара жұмысқа жегіліп, тұр­мы­сын жақсартуға кеткендер көп. Бірақ армандаған айлықтарын бермек түгілі, соқыр тиын ұстат­пай, қыздарымызды күң, ұлдары­мыз­ды құл қылғандарын күнде ес­тиміз. Өкінішке қарай, өткен­нен сабақ алғандар аз.

Тірі «тауарды» туыстары тапқан

Былтыр Бахрейнге жоғары жа­лақы табамын деп барып, басы­байлы күңге айналған 15-26 жас аралығындағы 39 қыз елге қайта­рылды. Сұмдығы сол, ертегіге бер­гісіз өмірді іздеп барғандардың арасында кәмелеттік жасқа тол­маған 9 қыз бар. Трансұлттық қыл­мыстық топ қыздарға тұрмысын түзету үшін, ал кәмелеттік жасқа толмағандарды «басқа қалада оқытамыз» деген сылтаумен ата-анасына сенімхат жаздырып алып, шетелге 5 және 15 мың АҚШ дол­ла­рына сатып отырған. Алданған ата-аналар балаларын өз бетте­рінше іздегенімен, қылмыстық топтан үнемі қысым көріп келіпті. Сол үшін де қыздардың өздері ғана емес, ата-аналары да арыз жазуға батылы бармаған. Қазақстан, Қырғыз Республикасы, Бахрейн Королдігімен Ресей азаматтарынан құралған қылмыстық топ тұрақты түрде жұмыс істеген. Олар өзде­рінің қылмысын Қазақстанда бастап, Бахрейнде аяқтапты. Қылмыстық топтың құрдымы­на түскендердің барлығы Түркістан облысының тұрғындары. Бір қы­зы­ғы, қыздардың құжаттарын рә­сімдеп, шетелге жібергендер жә­бірленушілердің жақын туыстары. Олар жақындарының сеніміне кіріп, ұшаққа отырғызып жіберу­мен айналысса, күтіп алушылар түскен бойда құжаттарын тартып алып, күңдікке салған. Қыздардың құжаты, визасы мен билет құны 300 мыңнан бастап 600 мың теңгеге дейін сатып алынған. Осыншама ақшаны ойланбастан бере салған таныстарының «жомарттығы» жас қыздардың жақындарын ойлан­дырмаған. «Барсаң бақыр да жоқ екенін» түсінгенімен, өзге елде ба­рар жері, басар тауы жоқ қыздар қылмыстық топтың айтқанына көніп, айдауымен жүруге мәжбүр болады. Оларды мәжбүрлеп ұстау­шылар қатаң кестемен жұмыс іс­теуге көнгісі келмеген жезөк­ше­лерді аяусыз жазалап, жертөледе аш-жалаңаш жатқызыпты. Жас қыздарды алдап, құлдыққа жіберіп отырған Саодат есімді айыпталушы 2016 жылдан бастап адам саудасымен айналыса бас­таған. Бір қызды шекара асырғаны үшін мың доллардан 15 мың дол­ларға дейін табыс табатынын біл­ген ол қысқа уақыт ішінде Бахрейн және Ресей азаматтарымен бірге қылмыстық бизнестің жоспарын сызған. Сөйтіп, Бахрейндегі на­рықтың сұранысын әбден зерт­теген олар қыздарды арбап-алдау үшін әрқайсысы жеке-жеке міндет алады. Бірі қыздарды тартумен, екіншісі құжаттарын жасатып, үшіншісі күтіп алушының рөліне енеді. Оңай олжаға қол жеткізуге жәбірленушілердің жақындары бірден келіскен. Себебі оларға да қомақты қаржы берілетіні алдын ала ескертіліп отырған. Топ мү­шелері тірі тауарды әлеуметтік аз қамтылған отбасылардан, жетім­дер үйі мен қорғаушысы жоқ қа­рапайым отбасылардан іздеген. Кейбір қыздарға Саодат шекара сыртында қандай жұмыс күтіп тұрғанын жасырмай айтса, енді бірін тәнін саудалауға мәжбүрлеп көндірген. Мәселен, топ мүшесі Сер­гей Сузанна есімді қызбен кез­десіп жүрген болып үйіне шақы­рады. Ертесі Сузаннаны ұрлықшы ретінде көрсетіп, полицияға та­быстаймын деп қорқытады. Амалы таусылған жас қыз олардың бар айтқанын орындаудан басқа амалы қалмайды. Бүгінде «Бахрейн ісі» бойынша қылмыстық топтың 19 мүшесі анықталып, 15-і қамауға алынса, үшеуіне халықаралық іздеу жа­рияланған. Іздеуде жүрген бір кү­дікті Бахрейн Королдігінде тұт­қындалса, былтыр осы қылмыстық топ құрамының төрт мүшесі Бахрейндегі басқа да қылмыстық іс бойынша сол елде сотталған. Қылмыстық жауапкершілікке барлығы 12 әйел мен төрт ер адам тартылған. Оның ішінде Шымкент пен Түркістан облысының, Ресей мен Қырғыз Республикасы, Бах­рейн азаматтары бар.

Адам саудасының артында тұрған кім?

Біраз жыл бұрын көрші елге ақша табуға барып, алты жыл қор­лық көрген шымкенттік әпкелі-сіңілі Фатима мен Әлияны да Мәс­­кеуге өзге емес, өз танысы же­тектеп апарған. Адам көргісіз қор­лық көрген қазақ қыздарын бөтен елде басыбайлы күңдікке ұстағандар да өзге емес, өз қаза­ғымыз. Дүкен иесінің үстінен қан­ша рет арыз жазса да, қылмыстық іс ашылмаған. Амалы таусылған қыздар әлеуметтік желі арқылы заңгер Айгүл Орынбектен көмек сұрапты. «Менімен таныс болған кездің өзінде қыздардың құлдық­тан босап шыққанына 5-6 жыл бол­ған екен. Арада көп уақыт өт­кен. Өз тарапымнан қажетті бүкіл шараны жасадым. Бірақ қылмыс­тық іс біздің елде болмағандықтан, 11 томдық істі бастан-аяқ орыс тіліне аударып, Ресейге тапсырдық. Сол елдің құқық қорғау қызмет­керлері айыппұл салып, дүкенді жапқанын естідім. Алайда біздегі секілді Ресейде де жемқорлық барын ұмытпаған дұрыс. Жалпы, бүкіл елде адам саудасының үштен біріне полиция қызметкері жәрдем береді. Жәбірленуші қыздар сол жердің учаскелік полицейлерінің бастығы дүкен иесіне «қамқорлық» жасап келгенін ашық айтқан», – дейді Айгүл Орынбек. адам саудасы Қоғамда үлкен резонанс ту­дырған апалы-сіңілі қыздар мен Бахрейн оқиғасы елдегі өзге қыз­дарға сабақ болғаны шамалы. Қазір де шетелге сатылып жатқан және құлдық қамытын киген өзге елдегі қаракөздеріміз көп. Көбісі жақын құрбыларына, туыстарына сеніп қалғандар. «Жақында ғана Түркия арқылы Парсы шығана­ғына құлдыққа кетіп бара жатқан қызды құтқарып қалдық. Жап-жас қызды Түркиядағы құрбысы тігін фабрикасында жұмыс істейміз, айлығың мың доллар болады деп алдап шақырған. Барған кезде қыз анасына аман-есен жеткенін айтып WhatsAрp-қа жазған. Анасы хабарлама келген жерді белгілеп алған. Одан кейін хабарсыз кеткен. Қызына хабарласа алмаған соң, анасы бір шикіліктің барын түсініп бізге шықты. Дереу Түркия кон­сулдығынан көмек сұраттық. Абы­рой болғанда, Парсы шығанағына кеткелі тұрған жерінен Түркия по­лициясы құрықтады. Ол жерде бірнеше қыз болды. Қазақ қыз­да­рын саудаға салған сыныптас қы­зы, өзіміздің қаракөз қызымыз», – дейді заңгер.

Желіде жәрдем сұрайтындар көп

Елімізде адам трафигіне қарсы тұру және адам саудасына қарсы күрес бойынша түрлі шаралар қабылданғанына қарамастан, жыл сайын құлдыққа түсетін ондаған мың адамның тек жүздегені ғана ҮЕҰ мен құқық қорғау органда­ры­ның қызметі арқасында бостан­дыққа қол жеткізеді екен. Сол жүздеген жәбірленушінің ішінен оны ғана сотқа жетеді. Себебі мұндай істерде тергеуге тым көп уақыт кетеді әрі кінәлілер әрдайым тиісті жаза ала бермейді. Оның үстіне, құлдықта болғандар қорлық көрсеткен қожайындарынан қатты қорқады. «Шетелдегіні айтпағанда, өз елімізде құлдықта жүргендер көп. Жылдар бойы құлдықтың қамытын киген бір-екі адамға қол ұшымды создым. Бейнежазбасы сақтаулы. Бірақ оны ел-жұртқа көр­сетуге өздері келісім берген жоқ. Жуырда тағы бір әйелді қы­зымен бірге күңдікке салған шаруа қожалығы белгілі болды. Анасы мен қызына жылдар бойы зорлық көрсеткен. Олар ешкімге артық ауыз ештеңе айта алмаған. Сыртқа шығуына мүмкіндік болмаған. Үйдің иесі үлкен төбеттерін боса­тып қояды екен. Бөтен адамдарға жолап қойса, таяқтың астына ал­ған», – дейді Айгүл Орынбек. Талай жылдан бері физикалық және моралдық тұрғыда қорлық көрген адамға арыз жаздыру өте қиын. Үкімет тарапынан қолға алынған ұйымдарды білетіндер аз. Ондай ұйымдардың құлдықта болған адамдарға қолдау білдіретін уақыттары жоқ. Өйткені статис­тика мен көрсеткішке жұмыс іс­теу­мен-ақ қолдары босамайды. Сондықтан жәбірленушілер көп жағдайда әлеуметтік желідегі көмектесе алады-ау деген адам­дарға шығатын көрінеді. Заңгердің айтуынша, құлдықтағы адамдарға қолдау көрсетіп, психологиялық көмек берілсе, халық желіде жәр­дем сұрамас еді.

Құлдықта өткен 22 жыл

Он алты жасында күңдікке түс­кен Мадина Аманбаева қырыққа келгенде құлдық қамытын шешіп­ті. Өмірінің 22 жылын азаппен өткізген келіншек осы уақытта үш баланы дүниеге әкелген. Жаста­йынан жетім қалған оны балалар үйінің тәрбиешісі ауылға алдап апарып, шаруашылықтың отымен кіріп күлінен шығуға мәжбүрлепті. Қыста ферманың қарын күреп, су тасып, көң тазаласа, жазда шөп шауып, мал бағып, сиыр сауып, сеператор тартқан. Арқасының сау тамтығы қалмаған келіншектің қы­зын да қожайындар шашынан сүйреп, қамшымен сабайды екен. Қожайынның бауыры болса кә­мелет жасқа толмаған қызын аз­ғын­дамақ болыпты. Былтыр құл­дық­тан қашып шыққан шопан фер­ма иелерінің қатыгездігі жайлы құзырлы органдарға хабарлаған. Соның арқасында ғана бостан­дық­қа шыққан келіншек басындағы жағдайды бүкпесіз жеткізіп, ферма иесінің үстінен арыз жазыпты. Тоғыз жолдың торабында тұр­ған елімізде адам саудасы мемле­кет­аралық және трансұлттық си­патқа ие бола бастады. Соңғы уа­қытта үкіметтік емес ұйымдардың айтуынша, әлемде рекрутингтік және модельдік агенттіктер жан­данды. Ғаламтор бетінде қыздар­дың «бағын» жандыруға уәде ете­тін мұндай агенттіктер жетіп ар­тылады. Олардың көбісі соңғы бес жылдан бері қызмет көрсетеді. Қыз­дардың көбісі Бахрейн Ко­роль­дігі, БАӘ, Түркия, Катар, Оң­түстік Кореяға баруға құмар. Бұл елдерге тірі тауарды іздеушілер әдетте кафеде, мейрамханада не­месе түнгі клубта жүреді. Ол қыз­дар­мен жақынырақ танысып, ақ­ша тола әмиянын көрсетіп, шетел­дік өмір туралы сыр шертеді. Осылайша, жаңа «тауарды» уы­сына түсіреді. Сарапшылардың айтуынша, әлемде екі жарым мил­лионға жуық адам құл иеленуші­лердің қолында. Былтыр адам саудасы, адам ор­гандарын сату, пайдалану мақса­тында оны ұрлау және заңсыз бас бостандығынан айыру, жеңге­тай­лық және притон ұстау фактілері бойынша 111 қылмыстық іс тір­кел­ген. Бас прокуратураның қыл­мыстық қудалау қызметінің бас­шысы Серік Шалабаевтың ай­туын­ша, былтырмен салыстыр­ғанда биыл адам саудасы екі есе көп. Сол үшін мамандар құқық қорғау тарапынан жасалатын ша­ралардан бөлек, адам саудасының құрбаны болмау үшін тұрғындарды жұмыс ұсынған компания туралы құзырлы орындардан біліп, еш­қандай құжаттарға қол қоймауға шақырады.

Жадыра МҮСІЛІМ