Жалған паспорт кімге ем?
Жалған паспорт кімге ем?
© коллаж: Әсел Балтақызы
277
оқылды

Қазақстанда коронавирусқа қарсы вакцинаның бірнеше түрін таңдауға мүмкіндік болса да, оны салдыртуға ынталы адам көп емес. Антиваксерлердің де белсеніп жүргенін әлеуметтік желілерден көріп қаламыз. Енді бұл аздай, эпидемиологиялық ахуал күрделене түскенде вакцина құжатын қолдан жасап сату оқиғалары жиілеп бара жатқанға ұқсайды. Жуырда сондай оқиғалар Атырау облысында тіркелді.

Індетті тоқтатуға бірден-бір мүмкіндік – вакцина. Дегенмен өте қысқа мерзімде дайындалған вак­циналарға деген күмән мен Үкі­меттің халыққа түсіндіру жұ­мыс­тарының кемшіліктерінен халық өз таңдауын жасауда ты­ғырыққа тірелді. Күмәнді дерек­терге тіпті білімді адамдардың сенуі, вак­цина алуды кейінге қалдыруы халықты таңдау жасай алмай­тын жағдайға жеткізді. Мұның ақыры вакцина құжатын сатуды жолға қойып отырған­дар­ға жү­гінуге итермелеуде. Өткен айда Алматы мен өзге қалаларда жал­ған вак­цина құжаттары жа­са­­лып, eGov.kz ақпарат жүйе­сіне енгені тура­лы деректі Ден­саулық сақтау министрінің өзі айтқан. Енді оған Атырау қосы­лып отыр. Еліміздің бас қалаларында орын алған оқиғалар Атырауды да айналып өтпеді. 31 шілдеде eGov.kz ақпарат жүйесіне нақты егілмеген адамдарды COVID-19 вирусына қарсы вакцина егілді дейтін ақпаратты ақшалай сый­ақыға енгізумен айналысқан бір тұрғын ұсталды. Ол қалалық емханалардың бірінде медбике болып жұмыс істейді. Медицина қызметкерін же­дел-іздестіру шаралары бары­сын­да жергілікті Полиция депар­таментінің қызметкерлері әкім­дікпен және прокуратурамен бірлесіп ұстады. Денсаулық сақтау басқарма­сы бастығының орынбасары Қайсар Абдалиевтың айтуын­ша, бұл өңір­­де бірінші рет тір­келген жағдай. – Бұл – сыбайлас жемқор­лық қана емес, халықтың ден­сау­лығына қауіп. Облыс әкімі Ма­хамбет Досмұхамбетовтің тікелей тапсырмасы бойынша, вакци­налау құжаттарының қолдан жа­салуына жол бермеу бойынша профилактикалық шара жүр­гі­зілуде. Өңірдегі барлық егу орын­дарында бейнебақылау ка­мерасы орнатылған. Сондай -ақ медицина қызметкерлеріне тү­сіндіру жұмыстары жүргізілді, – деді Қ.Абдалиев. Кінәсін толық мойындаған 40 жастағы күдікті жалған ақ­парат енгізу үшін 10 мың теңге алғанын айтқан. – Аталған факті бойынша Қылмыстық кодекстің 206-бабы 1-тармағы («ақпараттық жүйеге қасақана жалған ақпарат енгізу») бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде, – деп хабарлады ПД баспасөз қызметі.

Ұсталғандар жазаға тартыл­ғанымен, айылын жыймай­тын­дар әлі бар

Кеше Атырауда вакцина ал­ғаны жайлы құжат сатумен а­й­налысқан тағы бірнеше адам ұс­талды. Атырау қалалық емха­налардың бірінде медбике болып қызмет ететін екі мейірбикенің вакцина алғаны туралы жалған ақпаратты дерекқорға енгізгізіп келгені анықталды. Олар вакци­наның әр кезеңі үшін 50 мың теңгені, яғни екі кезеңі үшін 100 мың теңгені банктік есепшотқа аудартып алып отырған. Ақша­сын аударған тұрғындар емханаға еркін келіп вакцина алмай-ақ вакцина паспортын алып жүрген. Атырау облысы Полиция депар­таменті мен облыстық прокура­тура бірлесіп жедел іс-шара жүр­гізу барысында медбике­лер­дің бірі жалған ақпаратты жүйеге енгізгенін, екінші медбике қи­тұрқы әрекетке барып, вакцина сұйықтығын адам денесіне сал­мағанын анықтады. Қазір аталған екі күдіктіге қа­тысты Қылмыстық кодекстің 206-бабы 1-бөлігі бойынша сот­қа дейінгі тергеу амалдары бас­талды. Сондай-ақ медбикелердің нақты қанша тұрғынға жалған вакцина паспортын жасағаны анықталуда. Атырау облыстық тубер­ку­лезге қарсы күрес диспансері ба­лалар бөлімінің меңгерушісі, жоғары санатты дәрігер-фти­зиатр Марат Шуақбаевтың пі­кіріне сүйенсек, вакцина алғаны жөніндегі құжатты сату – жиір­кенішті іс. «Ол пандемиядан қорғай ала­тын жалғыз қорғаныш құра­лы­мыз – вакцинация идеясын жоқ­қа шығарады. Ұжымдық имму­нитет екі жолмен қалып­тасады, бірі – халықтың басым бөлігі коронавируспен сырқат­тану, екіншісі – вакцина алу. Соңғысы сырқаттанудың алдын алу бағытында болатындықтан, вакцина алғаны туралы жалған құжат жасау өзін ғана емес, қор­шаған ортасын қауіпке тігу, оны жасап шығарған ғалымдардың, жалпыға вакцина салып жатқан медицина қызметкерлерінің, өзге де көптеген адамдардың жанқиярлық еңбегін жоққа шы­ғару», – дейді М.Шуақбаев. Жыл басынан бері полиция вакциналау төлқұжаты мен ПТР-тесті қолдан жасағаны үшін 86 қылмыстық іс қозғады.

Жалған құжат алу жүйесі қалай жұмыс істейді?

Бұл оп-оңай екен. Екпе алуды мүлде қаламайтын, ал жұмысы талап ететін кісі амалы жоқтан жалған құжат жасауға келісетін адам табуға тырысады. Сол кезде 5 мың теңгеден 30 мың теңгеге де­йінгі сомада екпе алмай-ақ, де­­рекқорға ол туралы ақпарат енгі­зуді ұсынатын медқыз­мет­кер­лер көмекке келеді. Вакцина «ал­ған» адам туралы ақпарат мәлі­меттер базасына енгізіліп, есеп беру кезінде сәйкес келу үшін вак­цина дозасы жойылып отырады. Вакцина алудан бас тартып отырғандар – барлық санаттағы адамдар. Елдегі жағдайды көре-тұра соның қорғанышы болар вакцинаға деген көзқарасы мүл­дем кереғар білімді адамдар да бар. Олардың айтқанына еріп кеткендерде есеп жоқ. Ал жастар жағы келешекте толық зерттел­меген вакцина әсері ұрпағына да, өздерінің денсаулығына да өзгеріс әкеледі деген сенімде. Жасталап пен Жадыраның үйленгендеріне екі жыл. Сәби сүйе қоймаған екеуі де дәрігерлік тексеруден өтіп жүр. «Сәби сүюден үміттіміз. Сон­дықтан денсаулығымызға зиян келтіруі мүмкін деген емдерден бас тартып, барынша сақтанып, үй мен жұмыстан өзге жерге қадам аттап шықпай отырмыз. Елде халықты вакциналау мәж­бүрлі болмаған кезде денсаулы­ғына сенімді адамдар вакцина алса, өңіріміз 60 пайызға қор­ғал­ған болар еді. Сонда жалған құжат жасау секілді қитұрқылық болмас еді. Вакцинаға деген көз­қарастың екіге жарылуы біз се­кіл­ді жас­тарды тығырыққа тіреп отыр», – дейді Жасталап Әбдешұлы. Сайып келгенде, вакцина алғаны туралы жалған құжат жа­сату Үкіметтің «Елімізде халық­тың 70 пайызы вакцина алса, өз­гелердің ауру жұқтыруын тоқ­­тата алады» деген үмітін тас-тал­қан етті деуге негіз бар. Әлемді шарлаған індеттің ұлт танда­май­тынын ескерсек, жал­ған құжат жасауға келісім бе­ріп, содан пайда тапқандардың көздегені тек ақша ма, жоқ, әлде вакцина алса оның жанама әсерінен өліп не мүгедек болып қаламын деп қорыққан аза­мат­тардың көз жасын көріп аяу­шы­лық білдіруі ме, оны сотта біле­тін боламыз. Әзірге жұртшылыққа ішкі істер қызметкерлерінің вак­ци­на­ның жалған құжатын жаса­ғандар мен жалған вакцинация пас­пор­тын қолданушыларға 160 АЕК көлемінде айыппұл салуға, не сол мөлшерде түзеу жұмыс­та­ры­на не 160 сағатқа дейінгі мер­зімге қоғамдық жұмыстарға тартуға не 40 тәулікке дейінгі мерзімге қа­мауға алуға құқы бар екенін ес­керткеннен басқа амал жоқ.

Тұрсын ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ, Атырау облысы