Қазақстанда коронавирусқа қарсы вакцинаның бірнеше түрін таңдауға мүмкіндік болса да, оны салдыртуға ынталы адам көп емес. Антиваксерлердің де белсеніп жүргенін әлеуметтік желілерден көріп қаламыз. Енді бұл аздай, эпидемиологиялық ахуал күрделене түскенде вакцина құжатын қолдан жасап сату оқиғалары жиілеп бара жатқанға ұқсайды. Жуырда сондай оқиғалар Атырау облысында тіркелді.
Індетті тоқтатуға бірден-бір мүмкіндік – вакцина. Дегенмен өте қысқа мерзімде дайындалған вакциналарға деген күмән мен Үкіметтің халыққа түсіндіру жұмыстарының кемшіліктерінен халық өз таңдауын жасауда тығырыққа тірелді. Күмәнді деректерге тіпті білімді адамдардың сенуі, вакцина алуды кейінге қалдыруы халықты таңдау жасай алмайтын жағдайға жеткізді. Мұның ақыры вакцина құжатын сатуды жолға қойып отырғандарға жүгінуге итермелеуде. Өткен айда Алматы мен өзге қалаларда жалған вакцина құжаттары жасалып, eGov.kz ақпарат жүйесіне енгені туралы деректі Денсаулық сақтау министрінің өзі айтқан. Енді оған Атырау қосылып отыр. Еліміздің бас қалаларында орын алған оқиғалар Атырауды да айналып өтпеді. 31 шілдеде eGov.kz ақпарат жүйесіне нақты егілмеген адамдарды COVID-19 вирусына қарсы вакцина егілді дейтін ақпаратты ақшалай сыйақыға енгізумен айналысқан бір тұрғын ұсталды. Ол қалалық емханалардың бірінде медбике болып жұмыс істейді. Медицина қызметкерін жедел-іздестіру шаралары барысында жергілікті Полиция департаментінің қызметкерлері әкімдікпен және прокуратурамен бірлесіп ұстады. Денсаулық сақтау басқармасы бастығының орынбасары Қайсар Абдалиевтың айтуынша, бұл өңірде бірінші рет тіркелген жағдай. – Бұл – сыбайлас жемқорлық қана емес, халықтың денсаулығына қауіп. Облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетовтің тікелей тапсырмасы бойынша, вакциналау құжаттарының қолдан жасалуына жол бермеу бойынша профилактикалық шара жүргізілуде. Өңірдегі барлық егу орындарында бейнебақылау камерасы орнатылған. Сондай -ақ медицина қызметкерлеріне түсіндіру жұмыстары жүргізілді, – деді Қ.Абдалиев. Кінәсін толық мойындаған 40 жастағы күдікті жалған ақпарат енгізу үшін 10 мың теңге алғанын айтқан. – Аталған факті бойынша Қылмыстық кодекстің 206-бабы 1-тармағы («ақпараттық жүйеге қасақана жалған ақпарат енгізу») бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде, – деп хабарлады ПД баспасөз қызметі.Ұсталғандар жазаға тартылғанымен, айылын жыймайтындар әлі бар
Кеше Атырауда вакцина алғаны жайлы құжат сатумен айналысқан тағы бірнеше адам ұсталды. Атырау қалалық емханалардың бірінде медбике болып қызмет ететін екі мейірбикенің вакцина алғаны туралы жалған ақпаратты дерекқорға енгізгізіп келгені анықталды. Олар вакцинаның әр кезеңі үшін 50 мың теңгені, яғни екі кезеңі үшін 100 мың теңгені банктік есепшотқа аудартып алып отырған. Ақшасын аударған тұрғындар емханаға еркін келіп вакцина алмай-ақ вакцина паспортын алып жүрген. Атырау облысы Полиция департаменті мен облыстық прокуратура бірлесіп жедел іс-шара жүргізу барысында медбикелердің бірі жалған ақпаратты жүйеге енгізгенін, екінші медбике қитұрқы әрекетке барып, вакцина сұйықтығын адам денесіне салмағанын анықтады. Қазір аталған екі күдіктіге қатысты Қылмыстық кодекстің 206-бабы 1-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Сондай-ақ медбикелердің нақты қанша тұрғынға жалған вакцина паспортын жасағаны анықталуда. Атырау облыстық туберкулезге қарсы күрес диспансері балалар бөлімінің меңгерушісі, жоғары санатты дәрігер-фтизиатр Марат Шуақбаевтың пікіріне сүйенсек, вакцина алғаны жөніндегі құжатты сату – жиіркенішті іс. «Ол пандемиядан қорғай алатын жалғыз қорғаныш құралымыз – вакцинация идеясын жоққа шығарады. Ұжымдық иммунитет екі жолмен қалыптасады, бірі – халықтың басым бөлігі коронавируспен сырқаттану, екіншісі – вакцина алу. Соңғысы сырқаттанудың алдын алу бағытында болатындықтан, вакцина алғаны туралы жалған құжат жасау өзін ғана емес, қоршаған ортасын қауіпке тігу, оны жасап шығарған ғалымдардың, жалпыға вакцина салып жатқан медицина қызметкерлерінің, өзге де көптеген адамдардың жанқиярлық еңбегін жоққа шығару», – дейді М.Шуақбаев. Жыл басынан бері полиция вакциналау төлқұжаты мен ПТР-тесті қолдан жасағаны үшін 86 қылмыстық іс қозғады.Жалған құжат алу жүйесі қалай жұмыс істейді?
Бұл оп-оңай екен. Екпе алуды мүлде қаламайтын, ал жұмысы талап ететін кісі амалы жоқтан жалған құжат жасауға келісетін адам табуға тырысады. Сол кезде 5 мың теңгеден 30 мың теңгеге дейінгі сомада екпе алмай-ақ, дерекқорға ол туралы ақпарат енгізуді ұсынатын медқызметкерлер көмекке келеді. Вакцина «алған» адам туралы ақпарат мәліметтер базасына енгізіліп, есеп беру кезінде сәйкес келу үшін вакцина дозасы жойылып отырады. Вакцина алудан бас тартып отырғандар – барлық санаттағы адамдар. Елдегі жағдайды көре-тұра соның қорғанышы болар вакцинаға деген көзқарасы мүлдем кереғар білімді адамдар да бар. Олардың айтқанына еріп кеткендерде есеп жоқ. Ал жастар жағы келешекте толық зерттелмеген вакцина әсері ұрпағына да, өздерінің денсаулығына да өзгеріс әкеледі деген сенімде. Жасталап пен Жадыраның үйленгендеріне екі жыл. Сәби сүйе қоймаған екеуі де дәрігерлік тексеруден өтіп жүр. «Сәби сүюден үміттіміз. Сондықтан денсаулығымызға зиян келтіруі мүмкін деген емдерден бас тартып, барынша сақтанып, үй мен жұмыстан өзге жерге қадам аттап шықпай отырмыз. Елде халықты вакциналау мәжбүрлі болмаған кезде денсаулығына сенімді адамдар вакцина алса, өңіріміз 60 пайызға қорғалған болар еді. Сонда жалған құжат жасау секілді қитұрқылық болмас еді. Вакцинаға деген көзқарастың екіге жарылуы біз секілді жастарды тығырыққа тіреп отыр», – дейді Жасталап Әбдешұлы. Сайып келгенде, вакцина алғаны туралы жалған құжат жасату Үкіметтің «Елімізде халықтың 70 пайызы вакцина алса, өзгелердің ауру жұқтыруын тоқтата алады» деген үмітін тас-талқан етті деуге негіз бар. Әлемді шарлаған індеттің ұлт тандамайтынын ескерсек, жалған құжат жасауға келісім беріп, содан пайда тапқандардың көздегені тек ақша ма, жоқ, әлде вакцина алса оның жанама әсерінен өліп не мүгедек болып қаламын деп қорыққан азаматтардың көз жасын көріп аяушылық білдіруі ме, оны сотта білетін боламыз. Әзірге жұртшылыққа ішкі істер қызметкерлерінің вакцинаның жалған құжатын жасағандар мен жалған вакцинация паспортын қолданушыларға 160 АЕК көлемінде айыппұл салуға, не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не 160 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға не 40 тәулікке дейінгі мерзімге қамауға алуға құқы бар екенін ескерткеннен басқа амал жоқ.Тұрсын ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ, Атырау облысы