Президент кәмелетке толмағандарға қарсы және тұрмыстық қылмыстарды азайтуды тапсырды
Президент кәмелетке толмағандарға қарсы және тұрмыстық қылмыстарды азайтуды тапсырды
Фото: Айнур Халиолла
224
оқылды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевты қабылдады. Министр Президентке елдегі қазіргі криминогендік ахуал мен ішкі істер органдары жұмысының нәтижесі туралы баяндады. Бұл туралы Ақорда хабарлады.

Ерлан Тұрғымбаевтың айтуынша, ведомство қылмыстың көптеген түрін ашу көрсеткіштерін жақсартқан. Кісі өлтіру, тонау, бұзақылық, ұрлық, сондай-ақ, кәмелетке толмағандар жасаған құқықбұзушылықтар саны азайған. Қоғамдық орындар мен көшедегі қауіпсіздік деңгейі жоғарылаған. Алайда, интернетте жасалатын алаяқтық қылмыстар саны артқан. Бұған пандемия кезіндегі онлайн-қызметтерге сұраныстың артуы ықпал еткен. Мемлекет басшысына вакцина алғандығы жөнінде жалған құжаттар таратудың жолын кесу бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы айтылды. Жыл басынан бері полиция жалған вакцинация паспорттары мен ПТР-анықтамаларын жасауға қатысты 110 қылмыстық іс қозғаған. Министр ІІМ бөлімшелеріндегі жеке құрам қызметкерлерінің 96%-ы екпе алғанын жеткізді. Кездесу қорытындысы бойынша Қасым-Жомарт Тоқаев министрлікке басқа мемлекеттік органдармен бірлесіп, карантин шараларын қамтамасыз етуге ерекше көңіл бөлуді, сондай-ақ, кәмелетке толмағандарға қарсы қылмыстардың, тұрмыс саласындағы құқықбұзушылықтардың алдын алу және жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі жұмысты жандандыруды тапсырды.