Тұрғындардың сұрағына жауап берді
Тұрғындардың сұрағына жауап берді
219
оқылды

«Nur Otan» партиясы Алматы қалалық филиалының тө­ра­ғасы, Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев аза­мат­тарды кезекті рет қабылдауды онлайн форматта өткізді.

Қабылдау барысында ол тұр­ғындардың сауалына жауап беріп, олардың түйткілді мәселесін ше­шуге көмектесетінін айтты. Қала тұрғыны Н.Кенжебаевтың ха­лық­тың мүмкіндігі шектеулі топ­тары үшін ғимараттарға қойылған құ­рыл­ғыларға қатысты сұрағы жө­нінде Б.Сағынтаевтың тапсырма­сы бойынша комиссия құрылатын болды. Түрлі басқармалардың, оның ішінде Жайлы қалалық орта, Әлеуметтік әл-ауқат басқармала­рының мамандары қоғам бел­сенділерімен бірге көтергіш құ­рыл­ғыларының техникалық жағ­дайы мен қауіпсіздігін тексереді және бақылауға алады. Сондай-ақ О.Костюлинаның Натаров көше­сіндегі жол жамылғысын қалпына келтіру жөніндегі өтініші бойынша қала әкімінің орынбасарына сол жерге арнайы барып, тұрғындарға инженерлік желілерді қосу және жолдарды асфальттау жұмыста­рының аяқталу мерзімі туралы ақпарат беру тапсырылды. Ақжар шағынаудан тұрғын­дарының атынан Е.Әділбеков Наурызбай ауданындағы жобаға енбеген Лашын мен Берел көше­леріне инженерлік желілерді тарту мәселесін сұрады. Алматы қала­сының әкімі Б.Сағынтаев биыл сумен жабдықтау желілерін тар­туды және келер жылы осы кө­шелерге су бұру желілерін салуды жобаға енгізуді тапсырды. Жалпы, Ақжар шағынау­данында 21 мың адам тұрады және 5,5 мың үй бар, өткен жылы 8,5 шақырым сумен қамту, 6,7 ша­қырым су бұру желілері салынды. Биыл 10,5 шақырым сумен қамту және 9 шақырым су бұру желілерін салу жоспарланып отыр. Осы жылы шағынаудан тұрғындарын сапалы ауызсумен қамтамасыз ететін Ақсай су тазарту стан­са­сының құрылысы басталады. Қала әкімінің қабылдауына жазылған А.Темештің өтініші бо­йын­ша Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасына оның кіш­кен­тай баласының денсаулық жағдайын дұрыс анықтау үшін арнайы ко­миссия құрылып, қажет болса медициналық-әлеуметтік сарап­тамаға жіберілетін болды. «Қамқор» әлеуметтік үйінде тұратын В.Денисенконың сұра­ғына жауап берген мегаполис әкімі Б.Сағынтаев психоневрологиялық патологиясы бар балаларды оңалту қызметтері «Қамқор» ғимаратынан Шәріпов көшесіндегі өзге нысанға көшірілетіні туралы хабарлады. Бұл ерекше қажеттілігі бар бала­ларды толық 8 сағаттық сабақпен қамтуға мүмкіндік береді. Ал өзге нысанға көшіру жыл соңына жос­парланып отыр.

Әбілмансұр ЖАСАН