Жамбыл облысында «Nur Otan» партиясы жанынан құрылған Отбасы, әйелдер және балалардың құқығын қорғау жөніндегі аймақтық қоғамдық кеңесінің отырысы өтті.
Онда партияның сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі Жол картасында белгіленген мектептерде инклюзивті білім беруге жағдай жасау, кәмелетке толмаған балалардың құқығы мен тәртібі, оқушылардың жазғы сауықтыру лагерін ұйымдастыру және «Бақытты отбасы» партиялық жобасы аясында құрылған жедел әрекет ету топтарының атқарған жұмыстары қаралды. Күн тәртібіндегі бірінші мәселе бойынша облыстық Білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Т.Жамаловтың баяндамасы тыңдалды. Бүгінде партияның сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі облыстық Жол картасында белгіленген білім беру ұйымдарында инклюзивті білім беруге жағдай жасау көрсеткіші бойынша аймақтағы мемлекеттік колледждерде – 43%, мектепке дейінгі және орта білім беру ұйымдарында 35% жағдай жасалып, биылға белгіленген көрсеткіш толық орындалды. Айта кету керек, 2020-2021 оқу жылында облыста 0-18 жас аралығында ерекше білімді қажет ететін 7 944 бала тіркелген. Оның 6 146-сы біліммен және тәрбиемен қамтылды. Сондай-ақ Т.Жамалов оқушыларды жазғы демалыспен қамту шаралары туралы айтты. Жалпы, биыл Төтенше жағдайлар және Санитариялық-эпидемиологиялық департаменттерінің рұқсатын алған қала сыртындағы 7 лагерь жұмыс істеуде. Қазір медициналық бақылаудан өткен 5 023 бала сауықтыру шарасымен қамтылды. Ал мектеп жанындағы 124 лагерьде көпбалалы, аз қамтылған отбасылардан шыққан 6 971 бала бар. Кеңес отырысында әлеуметтік желі белсенділерінің Жамбыл ауданына қарасты «Болашақ» лагеріне жүргізген зерделеуі туралы айтылды. Бұл бойынша басқарма тарапынан тиісті мекеме мамандарымен бірлесіп, аталған демалыс орнына тексеріс жүргізілген. Ондағы олқылықтың орны толтырылып, кемшілік түзетілді. Бұдан бөлек, Шу, Т.Рысқұлов аудандары әкімдерінің орынбасарлары баяндама жасап, Жол картасындағы көрсеткіштердің орындалу барысымен таныстырды. Жиын соңында бірқатар ұсыным қабылданып, өзекті деген мәселе бақылауға алынды.Әбілмансұр ЖАСАН