Әлеуметтік желілерде қазақстандықтарға 50 мың теңге мөлшерінде әлеуметтік жәрдемақы рәсімдеуге уәде беретін аккаунттар тағы да пайда болды. Өтініш беруші ақшаны алу үшін банктік шотқа 3120 теңге аударуы қажет. Бұл жалған ақпарат, - деп жазады stopfake.kz.
Мұндай жарнамалары бар парақшалар үнемі жасалады және бір-бірінен біршама айырмашылықтары болады. Біз осындай парақшалар туралы наурыз айында, содан кейін мамыр айында жазған болатынбыз. Жақында жаңасы шықты.
Әр жолы пайдаланушыларға 50 мың теңге мөлшерінде әлеуметтік жәрдемақы төлеуге «100% кепілдік беріледі». Сілтеме telegram-bot-қа апарады. Онда өтініш берушіден 3120 теңгені банктегі карточкалық шотқа аударуды сұрайды. Бұл қызметке төленген ақы екен.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі төлем туралы ақпаратты жоққа шығарды.
«Мессенджерлер мен әлеуметтік желілерде таратылған 50 мың теңге мөлшерінде әлеуметтік көмек тағайындау жөніндегі қызметтер үшін 3120 теңге мөлшерінде төлемді жүзеге асыру қажеттігі туралы ақпарат шындыққа жанаспайды. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Қазақстанда қандай да бір төлемдерді міндетті түрде аударуға «байланыстырылған» жәрдемақылар мен әлеуметтік төлемдер жоқ екенін хабарлайды», – делінген ведомствоның ресми хабарламасында.