Талдықорғанда өндірістік аймақтан жасөспірімнің денесі табылды, деп хабарлайды облыстық Полиция департаменті.
Қыз 20 шілдеде үйден шығып кетіп, содан қайтып оралмаған.
"Жоғалған жасөспірім туралы арызды тіркеу кезінде кезекші бөлімге Талдықорған қаласының Шығыс мөлтекауданында орналасқан өндірістік аймақтан қыздың мәйіті табылғаны туралы екінші хабарлама келіп түсті. Тергеу-жедел тобы жоғалған 12 жасар қыздың көз жұмғанын анықтады", - делінген хабарламада.
Оқиға болған жерді шолу және мәйітті қарау кезінде зорлық-зомбылық белгілері табылған жоқ.
"Алдын ала болжам бойынша, қыз ғимараттың төртінші қабатынан құлаған. Қазіргі уақытта ҚР Қылмыстық кодексінің 105-бабы, 3-бөлігі (Өз-өзіне қол жұмсауға итермелеу) бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. Сот-медициналық сараптама тағайындалды, - делінген ақпаратта.
Нәтиже алынғаннан кейін қосымша сот-ситуациялық сараптама тағайындалады.
"Бұл факт бойынша барлық куәгер мен марқұмның туыстарынан сұрақ-жауап алынды. Полиция тергеудің толыққандылығы мен жан-жақтылығын қамтамасыз ету үшін болған оқиғаның бірнеше нұсқасы бойынша жұмыс істеп жатыр. Қылмыстық істі тергеу барысы Алматы облыстық ПД басшылығының бақылауына алынды", - деп хабарлады облыстық ПД баспасөз қызметі.