8 әуекомпаниясының жұмысы неге тоқтады?
8 әуекомпаниясының жұмысы неге тоқтады?
149
оқылды

Еліміздің азаматтық авиациясы пандемияға бай­ланысты карантин шектеулері салдарынан 326 миллиард теңге жоғалтқан. Ал Бас санитар дәрігердің әуеком­паниялар мен әуежай қызметкерлерінен, жүргіншілерден COVID-19-ға байланысты ПТР-тест анықтамасын сұрату және ұшақ салонында жолаушыларды шахмат тәртібімен араларына бос орын тастап отырғызу талаптары жолақы билеттерін қымбаттатып қана қоймай, сонымен бірге ұшу қауіпсіздігіне де кері әсер етіпті.

2020 жылы отандық әуеком­па­ниялар 5,5 млн жолаушыны тасы­мал­даған, бұл 2019 жылмен салыс­тырғанда 36%-ға кем. Статистика­лық көрсеткіштердің кемуіне ко­ронавирус індетіне байланысты ұшу жиілігінің қысқартылуы мен кей бағыттарда мүлдем тоқтатылуы әсер етті. Алайда Қазақстан авиа­циялық әкімшілігінің бас дирек­торы Питер Гриффитстің айтуын­ша, қазір Қазақстан авиациясы бұрынғы толыққанды жұмыс ре­жиміне қайтып келе жатқан көрі­неді. Бүгінде еліміздің авиациялық әкімшілігінде 150 адам еңбек етеді. Барлық қызметкер ИКАО халық­аралық стандартына сәйкес білік­тілігін жетілдірген. «Авиация саласының то­лық­қанды жұмыс режиміне көшуіне орай, біз үздік халықаралық тәжі­рибелерге сүйене отырып, тексеру нәтижелері мен бақылау негізінде ұшу қауіпсіздігінің тәуекелдерін анықтау және жоюға бағытталған «Адам өмірі бәрінен жоғары» бағ­дарламасын толығымен жүзеге асыратын боламыз», – дейді Питер Гриффитс. Қазірдің өзінде аптасына 590 рейс жасайтын ішкі 45 бағыт қалпына келтірілген. Халықаралық бағыттар бойынша 14 мемлекетке аптасына 40 маршрут бойынша 118 рейс ұшып шығады: Түркия, Корея, БАЭ, Беларусь, Украина, Германия, Өзбекстан, Қырғыз Республикасы, Египет, Ресей, Грузия, Тәжікстан, Мальдив және Шри-Ланка. Қазақстанның азаматтық авиа­ция комитеті таратқан ақпаратта «алдағы уақытта республика ау­мағында жолаушы тасымалдайтын компаниялардың бәріне ортақ бі­рыңғай қауіпсіздік талабы енгізі­леді. Қазір қолданыстағы заңға отан­дық және Еуропа одағы аума­ғына ұшатын шетелдік әуекомпа­нияларға арналған өзгертулер әзірленіп жатыр» делінген. Сондай-ақ ИКАО (Халықаралық азаматтық авиация ұйымы) аудитін өткізу және одан кейін 2023 жылдың со­ңына дейін CAT1 санатын алу үшін FAA (АҚШ азаматтық авиацияның Федералдық басқармасы) аудитін өткізу жоспарланған. Оған өтініш беру мерзімі COVID-19 індетіне байланысты кейінге шегерілген.

Заңбұзушылықтар шамадан тыс көп

2020 жылы еліміздің авиация са­ласына 458 инспекциялық тексе­рістер жүргізіліп, соның барысында бес мыңнан астам заңбұзушылық анықталған. Ал алдындағы жылы Бас прокуратура республика аума­ғында 300-ге тарта ұшақтың мерзімі өткен сертификатпен ұшып жүр­генін, ал 200 ұшақтың мүлде есепке алынбағанын мәлімдеген болатын. Қазақстан авиациялық әкімші­лігінің бас директорының айтуын­ша, қазір жағдай өзгерген. «Қазір біз республикадағы әуе кемелеріне берілген лицензия­ларды түгел тексеріп шықтық. Бұл жұ­мыстарды ең бірінші тәуекел қаупі үлкен жүк және жолаушы тасы­малдаушы ұшақтардан бас­тадық. Олардың техникалық жағ­дайын, ұшу қауіпсіздігін сараптан өткіздік. Ендігі кезекте әуеком­паниялардың қызметіне қажетті барлық құжатты, сертификаттауды электронды түрге ауыстыру ісіне көшіп жатырмыз. Мұны цифрлау үрдісінің жалғасы деп қабылдау қажет. Ал алдағы уақытта әуе ке­мелеріне кейінгі 10 жылда берілген барлық құжатқа ау­дит жүргізетін боламыз. Егер сер­тификат немесе ИКАО-мен келісім болмаған жағдайда, біз мұндай ұшақтардың ұшырылуына тыйым саламыз», – дейді Питер Гриффитс. Инспекциялық тексерістердің нәтижесінде құжаттарынан түрлі кемшіліктер табылған сегіз әуе­компанияның қызметі тоқтатылды. Олар: Bek Air, Sigma Airlines, Jet Airlines, JENIS AIR, Phoenix, Qazaq Helicopters, AZEE AIR, MS AIR KZ. Естеріңізге сала кетейік, 2019 жылы 27 желтоқсанда Алматыда ұшу жолағынан көтеріле бере үйге соғылып, апатқа ұшыраған Bek Air компаниясы ұшағының да серти­фикаты жоғы анықталған. Ол кезде бортта экипаждың бес мүшесінен басқа 93 жолаушы болған. Апат салдарынан 12 адам қаза тауып, көпшілігі дене жарақатын алды. әуекомпаниясы Осы оқиғаға байланысты Bek Air компаниясының лицензиясы қайтарылып алынған еді. Дегенмен оқиғаның себеп-салдарын анықтау бүгінге дейін созылып келеді. Индустрия және инфрақұрылым­дық даму министрі Бейбіт Атам­құлов тексеру жұмыстарының ұзақ­қа созылуын пандемияға бай­ланысты шетелдік сарапшылардың Қазақстанға уақыты келе алмауы­мен байланыстырады. Сондай-ақ ұшу қауіпсіздігіне жерүсті инфрақұрылымының са­пасы да көп ықпал ететіні белгілі. Қазіргі күні республикада 20 әуежай жұмыс істеп тұрса, соның 12-сі мемлекет иелігінде.

Әуеотынның құны және ұшқыштардың жалақысы

Енді бір көкейкесті мәселе – әуеотынның құны. Мәселен, Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларында әуеотынның бағасы Лондондағы, Дубайдағы, Гонконг пен Мәскеудегі бағадан анағұрлым жоғары. Оған қазақ авиациясының ресейлік отынға тәуелділігі мен жанармайды жеткізіп беруші аралық делдал­дардың шамадан тыс көптігі түрткі болған. Соның кесірінен Ресейден келетін әуекеросин Қазақстанға жеткенде 20-30%-ға қымбаттап кетеді. Қазір Қазақстан авиациялық әкімшілігі де, әуекомпаниялар да жанармайды арзандату бағытында жұмыс істеп жатыр. Дегенмен Лит­ва, Латвия және Польша мемле­кет­терінің мысалдарына қарасақ, олар осы нарықтағы ресейлік ­дел­дал­дардан құтылу үшін ба­­қандай бес жылын сарп еткен. Яғни, ішкі на­рықты әуекеросин­мен өзіміз қам­тамасыз ету үшін біз­ге де біршама уақыт керек бо­ла­тыны сөзсіз. Ал ұшқыштардың жалақысына келетін болсақ, ол жолаушы биле­тінің құнымен тікелей байланысты, яғни бағасының ішіне енеді. Сон­дықтан әуе кемесі экипажының жа­лақысы өскен сайын жолаушы­лар билетінің құны да арта беретінін ұмытпаған жөн. Осы тұрғыдан алғанда, Қазақ­станға әуе кемелерін басқару үшін сырттан шақырылған шетелдік ұшқыштар мен командирлер жа­лақысы жергілікті мамандарға қа­рағанда 2-3 есе көп. Олар халық­ара­лық бағыттағы әуе кемелерін бас­қарады. Өйткені қазақстандық ұшқыштарға берілген лицензия шет мемлекеттерде мойындалмайды. Бүгінде республикадағы әуекомпа­нияларда 2 669 ұшқыш болса, соның 193-і шетелдіктер. Мәселен, қазақстандық ұш­қыш­тардың айлық жалақысы 6-8 мың доллар аралығында болса, ша­қыртылған шетелдіктердің жа­лақысы 7-15 мың доллардың ай­нала­сында. Одан төмен жалақы­ға шет­ел­діктер келіспейді. Әл­бетте, шет­елге, оның ішінде Еуро­паға ұш­ып жүрген қазақстандық ұшқыштар да бар, бірақ олар лицензияларын Ұлыбританиядан алып келген ма­мандар. Олардың жалақысы шет­елдік мамандармен бірдей. Әлбетте, біздің мемлекет отан­дық әуеиндустрияны өз маманда­рымызбен толықтай қамтамасыз етуге мүдделі. Ол үшін ұшқыштарды шетелдерге оқытуға жіберудің де, сырттан тәжірибелі нұсқаушыларды шақыртудың да маңызы үлкен. Қазір қазақстандық мамандар шет­елдерде біліктілігін жетілдіріп жа­тыр. Атап айтқанда, Air Astana ком­паниясының ұшқыштары – Финляндияда, ал диспетчерлері Швециядан оқиды. Мағлұмат үшін айта кетсек, ірі коммерциялық әуе кемесін басқару үшін 6-10 жыл бойы үдемелі бағдарлама бойынша оқу қажет.

Әуекомпаниялардың әзірлігі жақсарды

Шетелдік сарапшылардың пі­кірінше, қазақ әуеиндустриясының жағдайы жылдан-жылға жақсарып келеді. Мәселен, жекелеген әуеком­паниялар туралы айтсақ, Air Astana негізгі тәуекелдерді төмендетті: мұз басуға қарсы өңдеуді, әуежайларда қызмет көрсетуді, ұшып-қону жо­лағының қауіпсіздігін жақсартты, сондай-ақ ұшақтардың құстармен қақтығысу проблемасына айрықша көңіл бөлінетін болды. «SCAT әуекомпаниясы» АҚ 2030 жылға дейін 20 Boeing ұшағын сатып алуды және пайдалануға бе­руді жоспарлаған. Әуетасымал­дау­шы Шымкент әуежайында әуе­торабын дамыту бойынша кешенді шара­лар­ды жүзеге асыруға мүдделі. Сондай-ақ 2021 жылы мұнда тер­минал құ­рылысын аяқтап, 2022 жыл­дан бас­тап өндірістік қыз­мет­терге то­лық­тай кірісуді көздеп отыр. Әуе­ком­пания таяу жылдары ішкі және халықаралық сыртқы бағыттарда ұшу жиілігін көбейтуді жоспарлаған. «Казавиаспас» АҚ мұның ал­дындағы жылы жалпы саны 1 726 рет ұшақ ұшырса, соның ішінде төтенше жағдайлар бойынша – 613 рет, санитарлық мақсатында 497 рет әуе кеңістігіне көтерілген. Компа­ния 2030 жылға қарай әуе паркін 58 бірлікке арттыруды ойластырып отыр. Биыл төрт Ми-8 тікұшағы пайдалануға беріледі. Qazaq Air әуекомпаниясы апта­сына 22 маршруты бойынша 104 барып-келу сапарын жүзеге асы­рады. Оның 17-сі коммерциялық және 6-уына субсидия беріледі. Қа­­зақстанның азаматтық авиация ведомствосы жария еткен дерекке сүйенсек, Нұр-Сұлтан қаласында хабты дамыту қарастырылып жа­­тыр. Мұнда өңіраралық ұшуларды шоғырландыру және EASA стан­дар­ты бойынша техникалық қыз­мет көрсету ұйымдастырылатын болады. Prime Aviation әуекомпаниясы өз қызметінде бизнес-авиацияны дамытуға, ұшу қауіпсіздігі мен мәдениетін арттыруға мейлінше екпін береді. Қорыта айтқанда, жыл өткен сайын қазақ әуеиндустриясының ахуалы жақсарып келеді деуге болады.

Дәулет АСАУ