Стационарда маман тапшы болмай ма?

Стационарда маман тапшы болмай ма?

Тамыз айынан бастап індетпен күресіп жатқан дәрі­герлерге төленетін үстемеақы екі есеге қысқарды. Қа­заннан бастап мүлде төленбейді деседі. Үкімет «дәрі­гер­лерді қолдаудың өзге шаралары енгізіледі, эпидемио­логиялық жағдайға тәуелді болмайды» десе де, бұған мамандар сеніңкіремей отыр. Олардың айтуынша, қазірдің өзінде мейірбике мен санитарлар жұмыстан шығып жатыр. Бұлай жалғаса берсе, күзде стационарда жұмыс істейтін дәрігер таба алмай қалмаймыз ба?

Үстемеақының тарихына көз жүгіртсек, қол­даудың мұндай түрі дәрігерлерге өткен жылдың нау­рыз айынан бері төленеді. Содан бері оларға қазынадан 229 мил­лиард теңге берілген. Ал 2021 жыл­дың І жартыжылдығында індетпен қарсы күресте қызмет еткен 27 мыңнан астам медицина қызметкеріне 10,65 млрд теңгеден аса үстемеақы төленген-ді. Иә, үстемеақы турасында шыққан дау да аз емес. Мегаполис пен өңірлерден «табельге жұмыс сағатын қысқартып жазған», «ақша алмағанымызға бірнеше ай болды» дейтін хабарды әлсін-әлсін естіп тұрдық. Дегенмен үс­темеақы алған медицина қызмет­керлері бір жасап қалған еді. Өйткені бірінші тәуекел тобында жұмыс істегендер 850 мың теңге, екінші топтағылар 424 мың алса, үшінші тәуекел тобындағылар 212 мың теңге қосымша ақы алды. Енді бұл цифрлар екі есеге қыс­қарып, қызметкерлер арасында толқу басталғаны бар. Жағдайды толыққанды білу үшін індетпен күресте алғы шепте жүрген бір­неше дәрігермен сөйлестік. Гүлмира ЛИНАТҚЫЗЫ, реаниматолог:

Көпшілігі үстемеақыға бола жұмыс істеп жүр

– Індетпен күресте бел шеше жұмыс істеп жүргеніме 1,5 жыл бол­ды. 2020 жылғы 20 наурызда ковид стацио­нарында жұмы­сы­мызды бас­тап, сол жылы 10 қыр­күйекте соңғы науқасты шығарып салғанбыз. Алайда 23 желтоқ­сан­нан бастап қайта жұмысқа шық­тық. Иә, осы уақыт аралығында ухань­дық, оңтүстікафрикалық, британдық, нью-йортік штамды бақылап, ем-шара жүргіздік. Қа­зір «дельта» штамымен күресіп жатырмыз. Мутацияланған бұл штам­ның инкубациялық кезе­ңі­нің өзі күрделі. Мысалы, «ухань» штамында 2-14 күн инкубациялық кезең өтетін. Ал «дельта» шта­мы­мен ауырған науқас бірінші тәу­лікте КТ-ға түссе, өкпесінің 5-7% зақымданғанын көрсетеді. Арада 5-7 күн өткен соң қайта түскен КТ талдамалары өкпесінің 90-98% зақымдалғанын көрсетеді. Одан кейін амбулато­рия­лық кезеңде ем-шара қабылдағандардың жағдайы мәз емес. Өйткені бас­тапқы кезеңде мобильді топ пен жеке клиникаларда емделгендер реанимацияға түскенде жағдайы тіптен қиындап кетеді. Көпшілігі өкпені желдету аппаратына та­ңылады. Міне, осылайша жұмыс істеу бұрынғыдан да қиындап кетті. Оған науқастар мен олардың жақындары тарапынан агрес­сия­ны қосыңыз. Мәселен, өзім «Ха­лық аренадағы» стационарда жұ­мыс істеп жүрмін. Науқастарға орын жоқ екенін, жетпей жат­қанын айтсақ, өзімізге дүрсе қоя береді. Қанша түсіндірсек те, айтқанға көнбейді. Ал үстемеақы жайына келсек, бұл дәрігерлерді ойландырып қойды. Бәріміз бұйрық шыққанын білеміз. Тамыз бен қыркүйек айында 50% үстемеақы аламыз. Сонда реаниматолог-пульмо­но­лог ретінде 425 мың аламын. Қа­зан айынан бастап ол да жоқ. Ме­ніңше, бұлай жалғаса берсе, дә­рігерлердің дені стационардан кетіп, өзінше жұмыс істейді. Ін­детпен күрес алаңында тең өз ісіне адалдар ғана қалатын сияқ­ты. Өйткені қазір көпшілігі ақ­шасына бола ковид стациона­рында жұмыс істеп жүр. Тағы қосарым, халық вакци­наға бейжай қарамаса екен. Қо­ғамдық орында бетперде тақпай, қолғап кимей қалаған жеріне ба­рып жүр. Одан қалса, туған күнін, мерейтойын атап өтуге құмар. Бәрін ойын ретінде көріп, ығы-жығы халық автобусқа мінеді. Аталған жерлер вирустың жылдам таралуына жағдай жасайтынын түсінбейді. Жұртқа мұның бәрі шынайы, жағдай қиын екенін қалай жеткізерімізді білмейміз. Оның үстіне, қазір ауырып жат­қандардың саны көп. Динара БЕКТАСҚЫЗЫ, инфекционист-дәрігер:

Маман жетіспеушілігі туатыны сөзсіз

– Иә, қазір үстемеақы мөл­ше­рін төмендеткен соң медбике, ме­йіргер мен са­нитарлар жұмыс­тан шығып жатыр. Қазан айынан бастап қосымша ақыны мүлдем алып тастаса, маман жетіс­пеу­­ші­лігі туатыны сөзсіз. Мысалы, өзім жұмыс істейтін елордадағы ста­ционарға терапевтер, ревмато­лог­тер, пульманологтер басқа ста­ционардан келіп, жұмыс істейді. Ақша төлемейтін болса, олар ке­луін тоқтатады. Ал инфекцио­нис­тердің жетіспей жатқаны тағы бар. Мәселен, 1 тамыздан бастап үстемеақының 50%-ын төлейміз деген соң бүгін бірнеше санитар мен медбике жұмыстан шығып кет­ті. Менің ойымша, қазан айы­нан бастап стационарда жұмыс істейтіндердің саны біршама азаяды. Себебі қазір күнкөріс қым­бат, бәріне ақша керек. Дәрі­герлерге келсек, қорғаныш киімі­мен 24 сағат тікесінен тік тұрып жұмыс істеу кім-кімге де оңай емес. Стационарда науқастарға қа­рау қарапайым халық ойла­ған­дай жеңіл емес. Өйткені бұл кә­дуілгі стационар емес, науқас­тар­дың күтімі бөлек. Мысалы, ауыр халде жатқан науқасқа бір ғана дәрігердің әлі келмейді. Жанында міндетті түрде мейіргерлер мен санитарлар жүреді. Кейде бір науқастың өзіне 4-5 адам аздық етеді. Оған қосымша түнгі кезекте жұмыс істеп, науқастарға қарай­тындар бар. «Күзде вакцина ал­ғандар көбейіп, мұндай қажеттілік тумайды» дегенге өз басым сен­беймін. Қазірдің өзінде стацио­нар­лар жеткіліксіз. Білесіз, күзде тұмаудың өршитін кезеңі. Сту­денттер мен оқушылар сабағына барып, барыс-келіс көбейсе, вирусты ауыздықтай алмаймыз ба деп қорқамын. Сондықтан бұлай ерте шешім шығарудың жөні жоқ. Қазір коронавирустың төртін­ші толқыны жүріп жатыр. Бұл тол­қын басқаларына қарағанда ауыр өтіп жатыр. Науқастар мен дәрігерлерге қиын. Жансақтау бө­лімінде жатқан жастар көп. Осыған қарап шарасыз күй ке­шесің. Өк­пені желдету аппара­тын­да жатқан науқастар да же­терлік. Штамдар ауысқан сайын індет өршіп бара жатыр. «Дельта» штамы турасында оқып, біліп жатқан боларсыздар. Тұмауға ұқсас белгілермен бастал­ғанымен, өкпеңіздің көп бөлігі әп-сәтте зақымдалғанын байқамай қа­ласыз. Сондықтан өздігінен емде­луге кеңес бермеймін.

Айзат АЙДАРҚЫЗЫ