Елдің дамуы ауылдан бастау алады
Елдің дамуы ауылдан бастау алады
209
оқылды

Ауыл – алтын бесік. Халықтың тілегі орындалып, елімізде тұңғыш рет ауыл әкімдерін сайлау сәтті аяқталды. Ауыл тұрғындары белсенділік танытқан сайлауда Атырау облысынан шалғай ауылдағы Сафон ауылдық округіне Роза Камзаева сайланды.

Мұнайлы аймақтың Құр­манғазы ауданы Сафон ауыл­дық округі әкімінің сайлауына «Nur Otan» партиясынан үміткер Роза Камзаева өзі туған ауыл тұр­­ғын­дарының көп дауысына ие болды. 2000 жылдан бастап 2017 жылдың тамыз айына дейін Са­фон ауылдық округі әкім аппа­ратының бас маманы қызмет­терін атқарған. 2017 жылдан Са­фон ауылдық округі әкімінің лауазымын атқарып келген. Өз туған ауылында тапжылмай қыз­мет атқарып келе жатқан Роза Шамарқызы әкім болған жыл­да­ры ауылда халық саны артты, жол, электр желісі, көше жарығы, газ, ауызсу жүргізілді. Жаңа әлеуметтік нысандар халық игілігіне берілді. «Халықтың әкімді сайлауы – қоғамда әркез талқыланып келе жатқан мәселе. Биыл ауыл әкімдерін сайлаудың тұрғындардың ықтиярына берілгені барлығымызды қуантты. Елдің алтын бесігі ауыл екені сөзсіз. Тәуелсіз елдің өркениетке жетудегі қарышты қа­да­мына ауылдың қосар үлесі зор. Сондықтан ауылдардағы проб­лемалар шешімін тапса, онда сол аймақтың проблемалары да кезеңімен шешімін тауып, халықтың әл-ауқатын арттыратын иігіліктерге қол жеткізу мүмкіндігі болады. Мен өз тарапымнан ауыл әкімі болуға лайық деп дауыс берген тұрғындарға ризашылығымды білдіремін. Ауылдағы проблемаларды тұрғындармен бірлесіп шешу мақсатым келешекте Сафон ауылының қарқынды дамуына үлесін қосатынына сенемін», – дейді жаңа сайланған әкім. Егемен елдің ертеңіне демократиялық жолмен жетуді мақсат ет­кен ауыл әкімдерін сайлау халықтың құзырына берілуі туған жерге туын тігетін азаматтар қатарының көбеюіне жол ашады деген ауыл әкімі Роза Шамарқызы ауылдың қандай проблемаларын шешуге атсалысатынын айтты. Оның айтуынша, келер жылдан бастап ауыл тұрғындарын қоғамдық көлік тасымалымен қамтамасыз ету, жол салу, жастарды спортқа бейімдеу, ауыл жастарына қолдау көрсету, жұ­мыссыздық мәселелерін шешу, кәсіпкерліктің дамуын қолдау, ауыл та­залығы, көшелерді абаттандыру, көгалдандыру, ауылішілік жол­дарды жөндеп ұстау секілді проблемаларды шешу жоспарында бар. «Ауылдың бюджеті шектеулі екенін түсінемін, сондықтан қо­сым­ша қаржыландыру көздерін іздеймін. Қосымша қаражат көздерін қа­­растыру арқылы халықты ауызсумен және жазғы сумен қамтамасыз етуге өзек түбін тереңдетуге, балалар ойын аланың салып, демалыс орын­дарын кеңейтуге күшімді саламын. Халықтың аз қамтылған тобы – зейнеткерлерге, көпбалалы, жалғызбасты аналарға жан-жақты қолдау көрсетуге, ауылдан шыққан танымал тұлғалардың мәдени-рухани мұрасын насихаттауға үлесімді қосамын. Бұл қыруар жұ­мыс­тарды өзіме сенім артқан ауыл тұрғындарымен бірге шешетініміз сөзсіз», – деген Сафон ауылдық округ әкімі Роза Камзаеваға сәттілік тіледік.

Тұрсын ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ, Атырау облысы