«Екі түйе сүйкенсе...»
«Екі түйе сүйкенсе...»
©А.Ахметқазы
445
оқылды

Солтүстік Қазақстан облысындағы Обухов тау-кен байыту комбинатының акционерлері арасындағы дау он жылдан бері шешімін табар емес.  Кен орнына талас салдарынан қара­пайым жұмысшылар зардап шегіп отыр.  Өндірілген тауарды ел аумағынан шығаруға тыйым са­лынғандықтан, оларға жалақы төленбейді. Мұндай жағдай бұған дейін де бірнеше рет қайталанған-тын. Қарыз бен несиеге белшесінен батқан жұмысшылардың соның кесірінен өз-өзіне қол жұмсағаны да жасырын емес. Құрылтайшылар арасындағы талас-тартыс кәдімгі төбелеске ұласқандықтан,  талай рет бас жарылып, жақ сынғанынан да көпшілік хабардар.

тау-кен комбинаты

АУСТРАЛИЯДА ҒАНА БАР

Әңгіменің әлқиссасын әріден бастаған жөн. Тайынша ауданы­ның аумағында орналасқан титан-цирконий кен орны 1958 жылы ашылған. Жер бетінде осыған ұқ­сас кен орны тек Аустралияда ға­на бар деседі. Мұның бірегейлігі сол, өндірілетін шикізат құм сияқ­ты ұсақ болғандықтан, оны ұқсату оңай. Бұл жерде барлау жұмыстары 90-жылдары жүргізіле бастағаны­мен, кейін дағдарысқа байланысты тоқтап қалған көрінеді. Адам қолы тимеген кезде кен орнының қоры 7,2 миллион текше метр болған. 1999 жылы Қостанай облысындағы Лисаковск тау-кен байыту комби­натында жұмыс істеп жүрген Виктор Долгалевтің көзі осы Обухов кен орнына түседі. Сол жылы комбинат банкротқа ұшы­рап, титан-цирконий зауыты мен қаңырап қалған цехты Виктор Долгалев сатып алады. Қолындағы цехты іске жарату үшін ол Обухов кен орнында жаңа кәсіпорын ашпаққа оқталады. Бірақ кен ор­нын игеру үшін өз қаржысы жет­кі­ліксіз болғандықтан, жаңа та­нысқан «тамырлары» ресейлік кәсіпкерлерді жаңа кәсіпорынға қаржы құюға көндіреді. Сөйтіп, жеті құрылтайшының қаржы са­луы нәтижесінде ашылған «Тио­лайн» ЖШС 2006 жылы сол кездегі Энергетика және ми­нерал­дық ресурстар министрлігімен жер қойнауын пайдалануға ке­лі­сім­шарт жасайды.

ЖОЛАЙРЫҚ

Алайда құрылтайшылардың қуанышы ұзаққа созылмады. Көп ұзамай олардың арасында қар­жыға қатысты алауыздық туын­дап, достықтары шорт тыйылды. Жолайрыққа келіп тірелген құрылтайшылар үлестерін бөлісу үшін талай соттың табалдырығын тоздырды. Үлес салмағы көбірек ресейлік кәсіпкерлер Виктор Долгалевты директордың орын­тағынан тайдырып, өз адамын тағайындаған соң, экс-басшы өз ұлы Даниилмен бірлесіп басқа серіктестік құрады. Қазір «Обу­хов­ский ГОК» ЖШС даулы кен ор­нында титан-цирконий өнді­румен айналысып жатыр. Дирек­торы Даниил Долгалевтың ай­туынша, «Тиолайн» компа­ниясы­мен жасалған жер қойнауын пайдалану туралы келісімшарт негізінде өзі басқаратын серік­тестік бұл жұмыстарды жүргізуге құқылы. Бірақ әкесі Виктор Долгалев бұл құжат ұрыс-керіс барысында қолды болғанын алға тартады. Ал қарсыластары ол кенді заңсыз өндіріп жатқанын айтып отыр. Он жылдан астам уақытқа созылған дау-дамайдың детек­тивке ұқсайтын тұстары көп. Бір-біріне жұдырық ала жүгіру, атыс-шабыс, ұрыс-төбелес, қаса­қана жол апаты, түрлі жарақат, ұрлық-қарлық, жалған құжат, есік күзету – осының барлығын кен орнындағылар кинодан емес, шынайы өмірден көріп отыр. Қозғалған қылмыстық істерден көз сүрінеді. Тәртіп сақшылары, прокуратура, жергілікті билік мұндағы жағдайдан хабардар. «Құрылтайшылардың ара­сын­дағы дау осындай жағдайға әкеліп соқтырып отыр. Біз үшін де бұл – үлкен мәселе. Әрине, біз кәсіпорынның жұмысын тоқ­татуға мүдделі емеспіз, керісінше жұмыс істегенін қалаймыз. Бірақ барлығы заң аясында болуы тиіс», – дейді облыс әкімі Құмар Ақсақалов. Облыс прокуроры Бағбан Тайымбетов те сот шешімі бар екенін, онымен келіспегендер Жоғарғы Сотқа жүгінуге бола­тынын айтып, кәсіпорын жұмы­сын заңға сәйкестендіру керек деген пікірді қолдайды.

ҚАРЫЗЫ БАСТАН АСАДЫ

Компания мойнына алған міндеттемелерін орындама­ған­дықтан, Индустрия және инфра­құрылымдық даму министрлігі 2006 жылы берілген лицензияны жуырда қайтарып алды. Вице-ми­нистр Руслан Баймишев түсін­діргендей, «Жер қойнауын пайда­ланушыға келісімшарт талабы орындалуы тиіс екенін, жағдайды түзеу керегін бірнеше рет ескерт­тік. Уақыт бердік. Өкі­нішке қарай, «Тиолайн» ком­па­ниясының бас­шылығы кәсіпорын аумағына кіре алмай отырған­дықтан, қолдан келер амал жоғын айтып жауап жолдады. Сол себепті біз біржақты тәртіппен келісімшартты бұзуға мәжбүр болдық. Кәсіпорын басшылығы біздің шешімге қатысты ешқандай шағым түсірген жоқ», – деді вице-министр. тау-кен Солтүстік Қазақстан облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы Төле­ген Қабдөшевтің мәліметінше, 2017 жылдан бастап бұл кәсіп­орын салық төлеуді күрт тоқтат­қандықтан, мәжбүрлі шаралар қолданылған. Бүгінде кәсіп­орынның 56 миллион теңгеден астам салық қарызы бар. Даниил Долгалев «Тиолайн» қарызының «ОГОК»-қа қатысы жоқ» дейді. Бүгінде Обухов кен орнында әртүрлі бірнеше компания жұмыс істеп жатыр. Акционерлер ара­сындағы алауыздық күн санап етек жаюда. Титан-цирконий қолданылатын электроника, атом энергетикасы, ракета құрылысы сияқты салалар қарыштап дамып келе жатқан заманда бұл таластың себебі түсінікті де.

АҚОРДАДАН АРАША СҰРАМАҚ

Обухов кен орнында 500-ден астам адам жұмыспен қамтылған. Айдың-күннің аманында зардап шегіп отырған да – солар. «Екі сиыр сүйкенсе, ортасында шы­бын өледінің» кері. Жуырда қайтадан қылмыстық іс қозғалып, комбинаттан шикізат шығаруға тыйым салынды. Да­ниил Долгалев «Тиолайнның» емес, өздері өндірген шикізатты тасымалдағанын айтады. Облыс­тық Полиция департаменті бас­пасөз қызметіндегілер: «Қазақ­стан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексiнің 201-бабына сәйкес сотқа дейінгі тергеп-тек­серулердің мәліметтерін таратуға болмайды. Прокуратура да рұқсат бермеді», – деп қысқа қайырды. Аудандық прокуратурадағылар ресми сауалға 7 күн ішінде жауап беретінін айтты. 17 миллион теңгенің шикізаті тиелген жүк көліктері аудандық полиция бөлімінің тұрағында қаңтарулы тұр. «Обуховский ГОК» директоры Даниил Долга­лев шикізатты бұлай сақтауға болмайтынын, концентраттан бөлінген радионуклидтер адам денсаулығына да, топыраққа да, ауаға да зиянын тигізетінін айтады. Бұл – олардың Қытайға экспорттайтын тауары. Тауар сатылмаса, жұмысшылар еңбек­ақысыз қалады деген сөз. 2017 жылы осы кәсіпорында жұмыс істеп нәпақасын табу үшін Көкшетаудан әдейі көшіп келген комбинат шебері Марат Шеген­нен маза қашқалы қай заман?! «Бармаған жеріміз, баспаған тауымыз қалмады. Кәсіпорын жа­былып қалса, не істемекпіз? Қи­рап жатқан кәсіпорынды ая­ғынан тік тұрғыздық. Не үшін? Сон­дықтан соңына дейін күре­семіз. Жалақымыз жақсы: 500-700 мың теңге. Мәселе шешімін табады деген үміттеміз», – дейді ол. Зертхана және техникалық бақылау бөлімінің бастығы На­талья Александрова болса, оқу жылы таяп қалғанын, балаларды мектепке әзірлеу керегін, одан қалды қысқа отын, көмір алу қажетін айтып қапаланады. «2017 жылдан бері осында жұмыс істеймін. Қарамағымда 26 қызметкер бар. Олар мені күнде сұрақтың астына алады. «Бейбіт күні тыныш жұмыс жоқ. Еңбе­кақымыз уақытылы төлене ме?» деп беймаза күй кешіп жүр. Бәрі­нің де бала-шағасы бар, мектепке, балабақшаға керек-жарақтарын алуы керек. Қыс таяп келеді, отын-көмір, мал азығы тағы бар. Өзімнің де екі балам бар. Жұба­йымның жалақысына төрт жан күн көре алмаймыз. Жұмыссыз қаламыз ба деп қорқамыз. Біздің жұмысымыздың аясы тар. Бұл өңірде мұндай жұмыс тауып алу қиын. Сондықтан өз жұмыс орнымыз үшін соңына дейін күресеміз. Көбі университет бітіргелі осы жерде жұмыс істеп жүр. «Мылтықсыз майдан» дейді мұндайды. Уайымнан көз ашатын күніміз бар ма?», – дейді ол. Амалы таусылған жұмыс­шы­лар енді Ақордаға барып, ел Пре­зидентінің араласуын өтінбекші. Компания акционерлерінің өзара тіл табыса алмауы талайдың бас ауруына айналып отыр.

Роза ШӘКЕН, Солтүстік Қазақстан облысы