Елімізде шілде айында тұрғын үйді сату-сатып алу мәмілелерінің саны азайды. Бұл туралы ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросынан мәлімдеді.
«2021 жылғы шілдеде тұрғын үйді сату-сатып алу бойынша тіркелген мәмілелер саны 46 255 құрады және өткен аймен салыстырғанда 14,4% аз болды», - делінген ақпаратта.
Өткен шілде айында тұрғын үйді сату-сатып алу бойынша ең көп келісім Алматы қаласында жасалған – 6 833. Одан кейінгі орындарда Нұр-Сұлтан қаласы (5 708), Қарағанды облысы (5 361), Маңғыстау облысы (3 356) және Алматы облысы (3 252) тұр.
Жалпы, биылғы қаңтар-шілде айлары аралығында баспанаға қатысты барлығы 323 693 келісім жасалған. Бұл өткен жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда 2,2 есе көп.