Алматыда ірі есірткі зертханасын ашқан адам 11 жылға сотталды. Қалада мұндай зертхана бары 2020 жылғы тамыз айында анықталған-ды. Полицейлер орынды Наурызбай ауданының аумағында орналасқан бау-бақшалардың бірінен тапқан еді.
«Есірткі зертханасына айналған үйден синтетикалық есірткі өндіруге арналған түрлі жабдық табылды. Сондай-ақ ірі көлемде дайын өнімдер – «Мефедрон» мен а-PVP жүйкеге әсер ететін заттар тәркіленді», – деді Алматы қалалық ПД Тергеу басқармасы бастығының орынбасары Әділ Салаев. Мәліметке сүйенсек, полицейлерге Алматы қаласындағы көлік-логистикалық компаниялардың біріне синтетикалық есірткі дайындайтын зертхана құралдары тиелген жүк кезіккен. «Жүкке» 45 жастағы К. есімді азамат тапсырыс берген. Арнайы шаралар жүргізілген соң оның заңсыз қызметі мен есірткі зертханасы анықталған. Зертхана иесі ұсталып, ҚР ҚК 297-бабы 3-бөлігі 3-тармағы бойынша айыпты деп танылады. Осылайша, ол 11 жылға бас бостандығынан айырылды.Айбике ЖАНАСЫЛ