Серікбай Трұмов: «Мал азығын қолжетімді етеміз»
Серікбай Трұмов: «Мал азығын қолжетімді етеміз»
248
оқылды

Маңғыстау облысы кейінгі жылдары туристік тұрғыда тартымды аймаққа айналып келеді. Дегенмен өңір дамуында өзге салалардың да үлесі зор. Тәуелсіздік алғаннан бергі 30 жыл ішінде аймақ қарыштап дамыды. Елдің ірі көліктік-логистикалық орталықтарының біріне айналды. Осы орайда біз облыс әкімі Серікбай Трұмовтан тәуелсіздік жылдарындағы аймақ жетістіктері мен атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде сұраған едік.

– Маңғыстау облысы инвестиция тарту бойынша республикада үздік аймақтар қатарында. Қай салалар бойынша инвес­тиция тартылып жатыр? – Жыл сайын өңірдің әлеуметтік-эко­номикалық жағдайын дамыту үшін әр салаға қатысты қысқамерзімді жоспарлар қабылдаймыз. Өңірдің негізгі экономи­калық бағыты – мұнай-газ саласында. Биыл облыстың мұнай өндіру көлемі 16,8 млн тонна болады деп жоспарланып отыр, бұл былтырмен салыстырғанда 0,4%-ға артық. Жарты жылдың қорытын­дысы бойынша облыста негізгі макрокөр­сеткіштер оң нәтиже көрсетті. Оның ішіне өңдеу өнеркәсібі, инвестиция, ауыл шаруашылығы, құрылыс жұмыстары, тұрғын үйді іске қосу, сауда және көлік қатынасы кіреді. Бүгінде инвестицияның ең көп үлесі туризм саласында. Осы орайда теңіз жағалауындағы демалыс орындарына байланысты ірі жобалар іске асып жатыр. Оның ішінде бес жүз орын­дық RixosWaterWorldAktau қонақ үйіне 68 млрд теңге көлемінде инвестиция тар­тылды. Биыл қонақ үйдің жалғасы ре­тінде демалыс аймағын дамытуға 200 миллиардқа жуық инвестиция тартылып жа­тыр. Бұған бірнеше қонақ үйдің құры­лысы, тематикалық парк, сауда орын­дары, виллалар сияқты жобалар кіреді. Бұл өңірде жаңадан жұмыс орнын құруға, өндіріс көлемдерін арттыруға үлкен сеп­тігін тигізеді. Өңірде арнайы экономика­лық аймақ бар. Алдағы уақытта шетелдік және отандық инвесторлардың қатысуы­мен тағы 5 жаңа жоба жүзеге асырылмақ. – Өңірдегі туризм саласы қалай дамып жатыр? Облыс көлемінде қандай жобалар жүзеге асуда? –Маңғыстау өңіріндегі бірден-бір байлығымыз – Каспий теңізі. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 2018 жылы Ақтауда өткен саммит кезінде «Ақтау заманауи теңіз курортына айналуы тиіс» деген болатын. Біріншіден, былтыр шілде айында RixosWaterWorldAktau көпфунк­ционалды туристік-қонақ үй кешенінің бірінші кезеңі іске қосылды. Екіншіден, өңірімізде қасиетті орындар, жерасты мешіттері, Шерқала, Айрақты, Тамшалы, Бозжыра сияқты тарихи орындар өте көп. Сондықтан облысты туристік аймаққа айналдыруға толық мүмкіндік бар. Об­лыста туризмді дамытуға арналған өңірлік бағдарлама бар. Осының аясында бірегей бренд-бук, логотип, visitmangystau.kz сай­ты жасалып, іске қосылды. Осы сайттан тарихи орындарға қалай бару тиімді, гид сияқты барлық ақпаратты табуға болады. Қалалық автобустар мен аялдамалар бір­дей стильде безендірілді, туристер үшін облыстың, Ақтау қаласының жолсілтемесі мен картасы жасалды. Туристерге жағдай жасау үшін жергі­лікті кәсіпкерлер де атсалысып жатыр. Мысалы, былтыр күзде Ақтау қаласында HolidayInn – Aktau – Seaside қонақ үй кешенін кеңейту шеңберінде аквапарк, бассейн пайдалануға берілді. «Достар» деп аталатын демалыс аймағында да аква­парк салынып жатыр. Туристердің таң­дауы мен бағасына сай келетін әртүрлі орындар бар. Биылдың өзінде өңірге 200 мыңға жуық туристер келеді деп күтіліп отыр. Қазір Ақтауда отыздың үстінде қо­нақ үй бар, олардың көпшілігі жаз мезгі­лінде бос емес. Ақтау қаласы туристік ор­та­лыққа айналу үшін әрбір тұрғын осы­ған мүдделі болуы керек. Себебі әр турист өңір экономикасына өз үлесін қосады. Осы бағытта шетелдермен де тәжірибе алмасып жатырмыз. Өңірде туризм колледжі де осы бағытта жұмыс істейді. Түркия сияқты елдерден көп нәрсе үйренуге ұмтылуымыз қажет. – Ел арасында көп талқыланған Боз­жыра маңында салынатын визит орталық туралы айтып өтсеңіз? Жоба қазір қай са­тыда? – Бозжыра тақырыбы қоғамда көп тал­қыланды. Инвесторлар барлық ұсы­ныстар мен талап-тілектерді сараптай келе этноауыл, визит орталық ретінде жо­баны қайта жасақтап жатыр. Осы аумақта Жабайұшқан деген қаумалдық бар, біз инвесторларға визит орталық табиғи ортаға зиян тигізбеу керек деген талап қойдық. Қазір мұнда туристер ағы­лып келіп жатыр. Біз осының барлығын реттегіміз келеді. Себебі Бозжыраның қасына дейін автокөлікпен бару бола­шақ­та оның табиғи бұзылуына әкелуі мүмкін. Бұл жерде туристерге барлық жағдайды жасайтындай мүмкіндіктер қарастырылады. Жоба барлық талапқа сай болса, құрылысын бастау жөнінде тиісті шешімдер қабылданады. Жоба бас­талған соң жарты жылдың көлемінде бітеді деп жоспарланып отыр.  – Тәуелсіздік алғалы Маңғыстау хал­қының саны екі есе өскен. Халық санының артуы жұмыспен қамту мәселесін тудыра­ды. Бұл мәселені шешу қалай жолға қойыл­ған? – Облыста халық саны жылдам өсіп келеді. Қазір облысымызда 724 мың халық тұрады. Бұл қандастарымыздың келуіне, туу көрсеткішінің жоғары бо­луына байланысты. Тұрғындарды жұ­мыспен қамтамасыз ету үшін өңірге ин­вес­тиция тартып, жаңа жұмыс орындарын ашып жатырмыз. Мемлекеттік «Еңбек» бағдарламасы аясында жұмыспен қамту, кәсіпкерлікке баулуға жұмыстар жүргі­зіледі. Жыл басынан бері осы бағдарлама аясында 13 мыңнан астам адам әртүрлі жұ­мыспен қамтудың белсенді шаралары­мен қамтылды. «Бастау бизнес» жобасы бойынша 769 адам онлайн оқыту арқылы оқуға жолданды. Гранттар, жеңілдікпен несиелердің барлығы халық өзін-өзі жұ­мыспен қамтамасыз ету үшін жасалып жатыр. Биылғы біздің межеміз – 32 000-нан астам жұмыс орнын құру. Бүгінде 20 000 жұмыс орны құрылды, оның 15 мыңға жуығы – тұрақты жұмыс орны. Бұлар негізінен құрылыс, туризм сала­сында, шағын орта бизнес саласында жүзеге асып жатыр. Жаңаөзен қаласында жер­гілікті бюджеттен қаржы бөліп, «Жұмыс істеймін» деген бағдарлама қа­былдадық. Бұл тұрғындарды кәсіпкерлік мекемелерде жұмысқа орналастыру үшін атқарылып отыр. «Өзенмұнайгазда» бір­неше жылдан бері штатқа адам алуға мораторий бар. Осы мекемемен бірігіп тұрғындарды компанияға кезең-кезеңі­мен жұмысқа орналастыру мүмкіндіктерін қарап, жүзеге асырып жатырмыз. Мұның барлығы жаңа жұмыс орнын ашу, халықты жұмыспен қамтамасыз ету мақсатында жасалып жатыр. – Өңірде ауызсу тапшылығын шешу үшін қандай жұмыстар атқарылып жатыр? – Маңғыстауда су тапшылығы мәсе­лесі бар. Былтыр өңірдегі ауызсу мәсе­лесін шешу үшін бес жылға арналған арнайы бағдарлама қабылдадық. Қазір аймақты сумен жабдықтау үш көзден жүзеге асырылады: «Астрахань – Маң­ғышлақ» су құбыры, теңіз суын тұщыту және табиғи жерасты көздері. Бүгінде ауызсуды тұтыну тәулігіне – 149 мың м3. Алайда бұл әлі де жеткіліксіз әрі жаз мезгілінде жетің­кіремейді. Бүгінде су көлемінің тапшы­лығы – 51 мың м3. Осы проблеманы шешу мақсатында ірі жо­балар іске асырылып жатыр. «Каспий» су тұщыту зауытының қуаттылығын тәу­лігіне 40 мың м3 дейін жеткізудің екінші кезеңі басталды. Осы жұмыстарды биыл не келесі жылдың басында аяқтау жоспар­ланған. Ақтауда «МАЭК-Қазатомөнер­кәсіп» аумағында тәулігіне 24 мың м3 су тұшыту қондырғы­сын салудың жобалық – сметалық құжатын жасап жатырмыз. Жаңаөзенді сумен қамтамасыз ету мақ­сатында Кен­дірлі жерінде қуаты тәулігіне 50 мың м3 су тұшыту зауытының құрылы­сына тех­никалық – экономикалық негіз­деме жа­садық. Үкімет бұл жұмысты «Қаз­мұнай­газға» тапсырды. Осы жылдың соңы­на дейін құрылыс жұмыстары бас­талуы керек. Ал Форт-Шевченко қала­сында қуаты тәулігіне 5 мың м3 су тұщы­татын жоба жасақтап, экспертизаға тапсырдық. Сондай-ақ аймақта бірнеше жерасты су көздері – Бейнеуде Төңірекшін, Шетпеде Тасмұрын, Құйылыс деген жерлер бар. Осы үш жердің су көлемін, құрамын анықтауымыз қажет. Кішігірім модульді су тұщытатын қондырғыларды биыл Баянды, Мұ­най­лыға қойдық. Ақшұқыр елдімекеніне де өзіміздің жергілікті бюджеттің көмегімен қоюды жоспарлап отырмыз. Мұның барлығы алдағы екі-үш жылдың ішінде су тап­шылығын шешетін жобалар. – Жақында Түпқараған ауданында ірі құс фабрикасы іске қосылды. Осы жобаның әлеуеті туралы айтып берсеңіз? – Мемлекет қолдауы арқасында іске қосылған «Ақтау агро» жылына бес мың тонна құс етін шығарады. Жалпы, жоба­ның құны – 5,1 млрд теңге. «Ақтау агро» құрылымына құс бағуға арналған цех; 30 мың бас құс сыятын цех; қуаттылығы сағатына екі мың бас құс соятын цех; Мұнайлыда сағатына он мың тонна құ­рама жем шығаратын зауыт бар. Жалпы, өңірдің құс етіне сұранысы 11,5 мың тоннадан астам, фабрика тек сұраныстың жар­тысын жабады. Сондықтан кәсіп­кер­лермен ақылдасып, ұлғайту мақсатында сөйлесіп жатырмыз. Жақында фабрика халал сертификатын алды. Енді жобамыз­ды толықтыратын теміржолдың құрылы­сы бар. Жақында бюджеттен қаражат бөлініп, құрылысын жасақтап жатырмыз. Теміржол құрылысын аяқтасақ, кешен толыққанды жұмыс істейді. Қазір біз балапан шығаратын жұмыртқаларды Ресейден алдыртып отырмыз. Олардың өз талаптары, бағасы дейтін мәселелер бар. Осыны да өзіміз жасау жоспарда бар. Осы кешеннің іске қосылуы тоқсаннан астам тұрақты жұмыс орнын ашты. – Тұрғындарды баспанамен қамтамасыз ету мәселесі қалай шешіліп жатыр? Жаңа­өзен тұрғындарын облыс орталығына көшіру туралы айтып өтсеңіз? – Облысымыз соңғы үш жылда тұр­ғын үй құрылысы бойынша республикада үздік үштік қатарынан көрінді. Былтыр 1 млн 192 мың шаршы метр тұрғын үй пай­далануға берілді. Бұл өңірдегі сұраныс пен мемлекет қолдауымен жүзеге асып жатыр. Тұрғындарды үймен қамтамасыз етуге бірнеше бағыт бар: несиелік, жал­дамалы тұрғын үй, «Отбасы банк» арқылы берілетін жеңіл несиелер бар. Екі пайыз­дық несиемен көпбалалы отбасыларға берілетін тұрғын үй бағдарламалары бар. Былтыр «Бақытты отбасы» бағдарлама­сымен 130 отбасыға берсек, биыл 180-ге жуық отбасыға үй беру жоспарда тұр. Биыл облыста «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасының жалдамалы тұрғын үй бағыты бойынша құрылысқа және пәтер сатып алуға 2,4 млрд теңге қарастырылды. Несиелік тұрғын үй бағыты бойынша биыл 1 282 пәтерге арналған тұрғын үйлердің құрылысы аяқталады.

– Бозжыра тақырыбы қоғамда көп талқыланды. Инвесторлар барлық ұсыныстар мен талап-тілектерді сараптай келе этноауыл, визит орталық ретінде ­жобаны қайта жасақтап жатыр. Осы аумақта Жабай­ұ­шқан деген қаумалдық бар, біз инвесторларға визит орталық табиғи ортаға зиян тигізбеу керек деген талап қойдық. Қазір мұнда туристер ағылып келіп ­жатыр.

Ал Жаңаөзен қаласын кешенді дамытудың жоспарына сәйкес 2019 жылдан бері кезекте тұрған азаматтарға Ақтаудан пәтер беріп, көшіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Алғашқы кезекте 2019 жылы 394 отбасын көшірдік. Былтыр «Қазмұнайгаз» АҚ-ның есебінен 150 пәтер сатып алынып, кезекте тұрған аза­маттарға үлестірілді. Ал биыл 130 отбасын көшіру үшін тиісті қаражат бөлінді. Өйткені қазір Жаңаөзенде тұрғын үй құрылысы жүріп жатқан жоқ. Осыған байланысты жұмыстар атқа­рылып жатыр. Осы салада жеке кәсіпкерлердің үлесі жоғары. – Ақтауды жасыл желекпен қамту мәселесі қалай шешіліп жатыр? – Бұл – өте өзекті мәселе. Бұл – өңір­дің табиғи ерекшелігі мен су тапшылығына байланысты туындайтын мәселе. Қазір талды еге бермей, бар талды күтіп ұстауға көбірек көңіл бөлуді тапсырдым. Ол үшін бар талдың суару жүйесін жаңартып, тамшылатып суаруға көшу керек. Қазір барлық жерге желілер тартып жатырмыз. Осы арқылы тұрақты түрде суғаруға көшеміз. Өйткені тұрақты суғарылмаған соң, нәтиже көрінбейді. Биыл жергілікті бюджеттен қаланың көгалдандыру жұмыстарына 890 млн теңге қаражат қа­рас­тырылған. Бір қиындығы, бұл жұмыс бәсекелестікке берілген. Яғни, жыл сайын конкурс өтеді, жыл сайын кәсіпкер таңдаймыз. Биыл бір кәсіпкер, ал келер жылы басқа кәсіпкер келеді. Олар бір-бірінің жұмысына жауап бермейді, сондықтан жұмыс ақсап тұр. Бұл мәселені Үкіметтің алдына бірнеше мәрте қойдық. Бірақ заңның аты – заң. Тек талапты дұрыстап қойып, жүйені өзгерту арқылы жөнге келтіреміз деп ойлаймын. Осы там­шылатып суаруға көшу арқылы суды, жұмыс күшін де үнемдеп, мәселені реттей аламыз деп ойлаймын. Сонымен қатар шағынауданішілік жасыл желектерді суару жұмыстарына қосымша 44 ПИТК пен МИБ тартылып, келісімшарт жасақ­талды. – Соңғы жылдары өңірде қуаңшылық белең алып, әсіресе биыл шаруаларға ауыр соғып отыр. Осы мәселені шешу үшін қан­дай жұмыстар атқарылды? Жағдай тұрақ­талды ма? – Кейінгі жылдары жауынның аз түсуінен өңірде қуаңшылық болып, төрт түлікті жемшөппен қамту мәселесі туын­дады. Жағдайды тұрақтандыру мақ­сатында бірқатар жұмыс атқарылды. Атап айтқанда, Маңғыстауға өзге өңірлерден жемшөп тасымалдана бас­тады. Алайда Ақтөбеде бір орам шөп 5-6 мың теңге болса, бізге келгенге дейін баға 16-17 мың­ға дейін жетеді. Соны арзандату мақ­сатында тиісті қаражат бөлініп жатыр. Осылайша, бір орам шөп 12 мың теңге көлемінде сатылып жатыр. Ал бір түк шөп 1 300 болса, оны 900 теңгеге дейін түсір­дік. Екіншіден, мал басын тіркеу жұмыс­тарын атқарып жатырмыз. Тіркелген аналық мал басына беруге Үкіметтен 1,9 млрд қаржы бөлінді. Осы қаражатты мал бағып отырған тұрғын­дарға беру жұмыс­тары басталып кетті. Осы қаражат арқылы мал басын сақтап қалғымыз келеді. Үшіншіден, күз-қыс мезгіліне да­йындалу үшін Үкіметтен 5,4 млрд теңге кө­лемінде қаражат сұрадық. Бұл қара­жатты бізге беру туралы шешім қабыл­данды. Бұл қаражатқа Ақтөбе, БҚО, солтүстік облыстармен келісім жасап, шөп дайындаймыз. Әр ауданнан шөп жи­нақтайтын орындар даярлап жа­тырмыз. Төртіншіден, жергілікті бюд­жеттен 200 млн теңге қаражат бөлінді. Осы бойынша арпа жеткізіп жатырмыз. Басқа облыстармен келіссөздер жүргі­зіліп жатыр. Егін орағы енді басталды, осыған орай кебек те өңірге жеткізіледі. Мүм­кіндігінше, мал азығын қолжетімді бағада сатуды ұйымдастырып жатырмыз. Өн­дірістік мекемелер де жанар-жағар­маймен қамтуға көмегін көрсетіп жатыр. Бұл жұмыстар жалғасады. – Облыста маман тапшылығы бар ма? – Маман тапшылығы медицина, білім, IT саласында бар. Медицина саласындағы мамандарды даярлау бойынша жұмыстар атқарып жатырмыз. Жыл сайын облыстық бюджеттен грант бөлеміз. Былтыр 170 грант бөлдік. Биыл да осы шамада, негізінен медицинаға ар­налған. Биыл осы салаға 65 маман келді. Халық саны мен медициналық мекеме­лердің өсуіне байланысты бұл әлі де жеткіліксіз. Былтыр Жаңаөзен қаласына 220 млн теңге қаражат берілді. Осыған жиырма пәтер алынып, сырттан келген маман­дарға берілді. Бір кәсіпкер өңірде мед­и­нс­титут ашқысы келеді. Әрине, мұның бар­лығы министрліктің шешімі­мен жү­зеге асады. Егер министрлік талаптарын орындай алсақ, өңірден осы институтты ашқымыз келеді. Ал білім саласында математика, орыс тілі, физика мамандары жетіспейді. Гранттар арқылы жергілікті жерде оқып жатқан, БҚО-ның ЖОО бітіріп жатқан түлектерін тартқымыз келеді. Осы жылы 400-ден астам маман келіп жұмыс істейді деп жоспарланып отыр. Қазір облыста 15 үш ауысымды мектеп бар. Биыл оқу жылында үш мек­теп пайдалануға беріледі, бес мектептің құрылысы жүріп жатыр және үш жеке­меншік мектептің құрылысын бастаймыз деп отырмыз. – Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай облыста атқарылып жатқан маңызды жобаларды айтып өтсеңіз? – Биыл – еліміз үшін үлкен мерекелі жыл. Маңғыстау облысында мерекеге орай 153 іс-шара өтеді. Бұл бағытта артық шығынға алып келетін, имидждік, бір реттік шаралар қысқартылды. Халыққа қажетті, әлеуметтік салада маңызды жо­баларға ден қойылды. Қазіргі эпиде­мио­логиялық ахуалға байланысты көпшілігі онлайн өтіп жатыр. Өңірдегі мұнай-газ саласының 60 жылдығы да осы мерекеге орайластырылып отыр. 27 өндірістік және әлеуметтік-мәдени нысанды халық игілігіне тапсыру жоспарланып, бірқа­тары пайдалануға берілді. Сондай-ақ мерейтой аясында «Ел игілігі үшін!» жо­басы жасалды. Ал «Жаңарған Жаңаөзен» жобасы қаланың әлеуметтік инфрақұры­лымын дамытуды, әлеуметтік-мәдени, бі­лім, спорттық іс-шараларды ұйым­дастыруды көздейді. – Өңірдегі саяси қуғын-сүргін құр­бан­дарын толық ақтау мәселелері жөніндегі жұмыстар туралы айтып өтсеңіз? – Облыс әкімдігі осы мәселелер жөніндегі өңірлік комиссияның құрамын, комиссия туралы ережені бекітті. Бүгінде комиссия құрамында мемлекеттік және құқық қорғау органдарының өкілдері – 7 адам, ғалымдар, тарихшылар мен өлке­танушылар – 9 адам, азаматтық қоғам мен қоғам өкілдері – 10 адам. Комиссия құрамында өлкетанушы Алқажан Еділ­хан, осы салада біраз жыл қызмет атқарып жүрген Нұрлан Құлбай, арабшадан аудара алатын Нияз Тобыш дейтін азаматтар бар. Қазір 604 әскери тұтқындардың тізіміне және 478 қуғын-сүргінге ұшырағандардың тізіміне қатысты мәліметтерді зерделеу жұ­мыстары жүргізіліп, әскери тұтқын­дардың тізімі жасақталды. Жергілікті тұр­ғындардың саяси қуғын-сүргін құр­баны болған ата-бабалары туралы мәлі­меттерін жинақтау мақсатында арнайы жұмыстар атқарылып, ақпараттарды жи­нақтау бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. – Жақында өткен ауыл әкімдерін сайлау облыста қай деңгейде өтті? – Облыста сайлау жоғары деңгейде өтті деуге толық негіз бар. Облыста он әкім сайланды. Бейнеу мен Маңғыстау аудандарында төрт, Түпқараған мен Қарақия аудандарында бір-бірден әкім сайланды. Жалпы, халықтың сайлауға деген ынтасы, қызығушылығы жоғары болды. Ауыл халқының сексен пайыздан астамы сайлауға қатысты. Бұл – өте жоғары көрсеткіш. Тікелей халықпен сайланған әкім жүйелі түрде жақсы жұмыс істейді деп есептеймін. Ауылдарда бел­сенді азаматтардан құралған қауым­дастықтар бар. Әкімдер осы қауымдас­тық­пен ақылдаса отырып, жұмыс жүргі­зетін болса, Мемлекет басшысы қабыл­даған мемлекеттік реформа жақсы нәтижесін береді деп ойлаймын. – Сұхбатыңызға рақмет!  

Сұхбаттасқан Мәдина ЖӘЛЕЛҚЫЗЫ, Маңғыстау облысы