Биылғы қуаңшылық пен аптап ыстықтың салдары салымызды суға кетіретін сияқты. Батыс пен оңтүстік облыстарды былай қойғанда Ақмола облысында да ауыл шаруашылығын кәсіп еткендер күрделі жағдайға тап болған. Қу тақырға айналған шабындық жерлерден шөп таппай қиналған жұрт малына азық таппай сенделгенін айтады. Бағып-қағу қиынға соққан соң жемшөп сатып алу үшін қазірдің өзінде қорасындағы қой-ешкісі мен ірі қара малын арзанға сатпасқа амалы қалмаған. Ал тиын-тебенге сатып алған делдалдар оны қаладағы базарларға қымбатқа өткізуді әдетке айналдырыпты.
Ала жаздай жаңбыр тамбаған соң егінмен қоса қыр басына шөп те аз шыққан. Кейбір жерлер мүлде қу тақыр болып, малдың тұяғымен тапталып кеткен. Бұл өз кезегінде шөптің құнын ондаған есе өсіріп, қорасындағы малына сенген ауылдағы ағайынның жайын тіпті қиындата түсіпті. Өйткені осыған дейін шөптің бір орамы 3 мың, яғни 3,5 мың теңгеге бағаланса, енді кемінде 15-20 мың теңгеге дейін бір-ақ көтерілген. Ал бұл қарапайым ауыл тұрғындарына ауыр тиген түрі бар. «Туғаннан көзімізді мал бағумен ашқан соң тек осы қорадағы он саулыққа қарап отырмыз. Бірақ қазіргі жағдайға қарап, мұны да қою қажет пе деген ойға қалып отырмыз. Басқа амал да қалмай тұр. Жыл сайын жемшөп қымбаттап барады. Мәселен, биыл әрбір орам шөпті 15 мыңнан сатып алып жатырмыз. Маңайдағы шабындық жерлердің бәрі қу тақыр. Сынған Т-40 тракторымды утилизация арқылы арзанға сатып, ақшасына малға 50 орам ғана шөп алуға мәжбүр болып отырмын. Ал егін аз шыққан соң жемнің бағасы қазірдің өзінде аспандап тұр. Оны қалай аламыз деп тағы уайымдаймыз. Азын-аулақ алған күннің өзінде жемге 1 миллионға жуық кететіні анық болып тұр. Ал сатып алуға келгендер малды арзанға бағалайды. Сиыр етін 1 500-1 800-ден асырмайды. Ал қала базарларына кемінде 2 500-2 800-ге дейін сатады», – дейді Нұрлыкөш ауылының тұрғыны Төлеужан Сайлау. Қорасындағы азын-аулақ малына азық таппағандармен қоса ірі шаруашылық серіктестіктері де мал басын қыстан қалай алып шығатындарына алаңдайды. Мал шаруашылығымен айналысатын фермерлер оған бірнеше себептің барлығын атады. Негізінен жанармайдың қымбаттығы, оған қоса қуаңшылықтан жемшөптің шықпауы себеп болған. Сондай-ақ техникаларға қосалқы бөлшектер кемінде 10 пайызға қымбаттап кеткен. «Мал басын көбейтуді қалағанымызбен, биылғы жаз барлық ойлаған жоспарымызды күл-талқан етті. Егіннің түсімі қазірдің өзінде аса мәз болмайтыны көзге көрініп тұр. Былтырғымен салыстырғанда 40 пайызға төмен екені анық. Жемшөпті шамамен 4 мың тоннадай жинауымыз керек. Әзірге жартысын ғана жинап үлгердік. Шөпті қазір 100 шақырымнан барып шауып тасып жүрміз. Сондықтан биылғы қыс бәрімізге де оңайға соқпайтын сияқты», – дейді Атбасар ауданындағы шаруашылық серіктестіктің басшысы Алтынбек Құрманқұлов.Шөптің құны 4-5 есе өскен...
Өңірде шөп қорының аздығын Ақмола облысы Ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Еркеш Әленов те мойындады. Оның айтуынша, облыста шөпке қажеттілік 1 миллион 260 мың тоннаны құрайды. Алайда уақыт тамыздың ортасы болса да орылған шөп 820 мың тоннаға, яғни 72 пайызға зорға жеткен. Мұның ішінде былтырғыдан қалған 85 мың тонна шөп бар екен. Ал ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің қорында 110 мың тонна жемшөп сақталыпты. Қажетті пішен 245 мың тонна болса, соның небәрі 51 мың тоннасы жиналған. Ведомство басшысының орынбасары мәселені шешу үшін жүргізіліп жатқан шараларды жіпке тізді.Ақмола батысқа шөп жібере алмайды
«Биылғы қуаңшылықтың салдары, әрине көпшілікті тығырыққа тірегені анық. Дегенмен облыс деңгейінде әкім орынбасары Әбдіхалықовтың басқаруымен әрбір ауданда жедел штаб құрылды. Оның құрамына облыстық жауапты басқармалардың басшылары, аудан әкімдері мен әрбір ауылдық округ әкімдері кірген. Қазір шөптің тоннасы 20-25 мың теңгеден болып тұр. Біз қазір бағаны ұстап тұру үшін шаруашылық серіктестіктерден шөптің орамын 7-8 мың теңгеден ғана сатуды сұрап отырмыз. Ал өздері шауып алып сататын адамдарға біз қалай арзанға сат дей аламыз? Сондай-ақ барлық ірі серіктестіктер мен ауылдық округ әкімдеріне әрбір үй шөпсіз қалмауын қадағалауды қатаң тапсырдық. Орман шаруашылығынан шөп шабуға жарамды 43 мың гектар жерді шабындыққа алдық. Халықтың шөппен қамтамасыз ету үшін қолданылмайтын бос жерлерден шөп шабу үшін 377 меморандум жасалды. Қазір жер-жерде батыстағы облыстарға шөп жіберіп жатқаны рас. Бірақ бізде малдың басы көп болғандықтан, өзіміздің облысты қамтудың өзі күш болып жатыр. Біз батысқа шөп жібере алмайтын болып отырмыз», – дейді басқарма басшысының орынбасары Еркеш Әленов. Өңірде ет бағасы да қымбаттап кеткен. Орташа есеппен былтырғы желтоқсанда 1 766 теңге болған ет шілде айында 1 998 теңгеге бір-ақ шырқаған. Бірақ бұл базардағы сауда орындарынан әлдеқайда төмен. Базарда сиыр етінің құны – 3 200-3 500 теңге. Саудагерлер алып келетін делдалдардың қымбат бағада сататынын айтады. Ал делдалдарға тұсау салу әзірге мүмкін болмай тұр. Бұл қарапайым халықтың қалтасының қағылуына әкеліп соққан. «Етті ауыл-ауылдан ет тиеп әкелетін алыпсатарлардан аламыз. Бағасын 2 800-3 000-ға дейін қояды. Оның үстіне базарда тұратын жерлерімізге жалдау ақысы да қымбаттаған. Құнын ақтау үшін етті қымбатырақ сатуға тура келіп тұр. Ал енді жемшөптің қымбаттауынан еттің одан сайын бізге де қымбат келетінін аңғарып отырмыз», – дейді Гүлмира есімді ет саудагері. Аталған мәселені тиісті органдар бірлесіп комиссия құрып, тексеріс жүргізуге ниеттенген. Бірақ заңсыздық анықталғанымен, тиісті ықпал ету тетігі болмағандықтан, оларға ешқандай амал жасай алмайтынын айтады. «Ертеңнен бастап Ауыл шаруашылығы, Кәсіпкерлік және Өнеркәсіп басқармасы, басқа да тиісті органдар бірлесіп базарға барып ауыл шаруашылығы тауарларының құнын салыстырып көруді жоспарладық. Таңғы 5-6 кезінде барып ет әкелетін алыпсатарлардың бағасын біліп, одан базардағы саудагерлердің қосатын бағаларын көрмекпіз. Базар саудагерлері алған бағадан заңға сәйкес 15 пайыздан асырмауы тиіс. Бірақ олардың 50, тіпті 100 пайызға дейін өсіріп жатқаны байқалады. Алайда біздің қолымызда ықпал ету тетігі болмағандықтан, оларға қарсы ештеңе істей алмаймыз. Бар болғаны Монополиялық комитетке байқалған заңбұзушылықтарды бере аламыз», – дейді Еркеш Әленов.P.S. Жалпы, еліміздің Ауыл шаруашылығы министрлігінің ресми дерегі бойынша, еттің барлық түрлерінің құны орта есеппен 13 пайызға дейін қымбаттаған. Ал биылғы қуаңшылықтың салдарынан әлі қанша қымбаттайтыны белгісіз болып отыр...
Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, Ақмола облысы