Колледж ұстазсыз қалмай ма?
Колледж ұстазсыз қалмай ма?
352
оқылды

Жалақы мәселесі – қоғамда жиі талқыланатын тақырып. «Педагог мәртебесі» туралы заң қабылданып, мұғалімдердің жағдайы да, жалақысы да көтеріліп, мәселе оң шешімін тап­қандай. Керісінше, бұдан колледж мұғалімдері сырт қалып қойған секілді. Мектеп пен кол­ледж мұға­лім­дерінің білім беру бағдарламалары ұқсас келетіндіктен, ендігі жерде олар да мектепте сабақ беруге ұмтылады. Мұндай жағдайда колледждеріміз мұғалімсіз қалып қой­май ма?

Жекеменшік колледждің жыры басқа

Мәселен, Жанна Төлеубайқызы 10 жыл бойы Қарағанды гуманитарлық көп­салалы колледжінде жұмыс істеген. Еңбек еткен жылдары директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары, кафедра меңгеру­шісі болған, әдістемелік нұсқау шығарып, кітап жазған. Кейін­нен колледж жеке­меншікке өткен соң жағ­дай өзгеріп сала берген деседі. Сөй­тіп, педагог гимназияға жұмысқа тұрған екен. «Колледж жекеменшікке өтіп кетті. Жала­­қыны директор өзі белгілеген­діктен, жыл сайын 10 мың теңге ғана қосылатын. Мысалы, аталған колледжде әлі күнге жұмыс істейтін таныстарым 140-150 мың теңге алатынын айтады. Есептеп көріңіз, жо­ғары санатпен, 1,5 мөл­шерлемемен осындай көлемде ай­лық алып жүр. Өз ба­сым мұның себебін жекеменшік болғаны­мен байланыс­тырамын. Қазір гимназияда жұмыс істеймін. Жоғары санатпен, оған қоса педагог-зерттеуші дейтін статуспен, 20 сағат жүктемемен 300 мың теңгедей жа­ла­қы аламын. Біріншіден, жалақы кол­леджге қарағанда 2 есе жоғары. Бірақ со­ған сай мектепте көбірек тер төгуге тура келе­ді. Дегенмен осыншама жала­қы алып жатқан соң барыңды салып жұмыс істей­сің. Жоғары жалақы педагог үшін таптыр­мас мотивация деген осы шы­ғар», – дейді педагог-зерттеуші Жанар Төлеубайқызы. Иә, бірнеше педагогпен тілдес­кенімізде қазір колледжден гөрі мек­тепте сабақ берген тиімді екенін білдік. Көпшілігі мек­теп­тің мемлекеттікі еке­нін, сондықтан онда жалақы жоғарылау болатынын алға тартты. Осы тұста мем­лекеттік колледж­дер­дің жағдайы туралы сұрақ туады. Мы­салы, Ләйлә Ерменова «Мектеп пен кол­ледж арасындағы айыр­­машылық жала­қыда, колледжде тек сағатқа ақша төлейді. Олар мектеп мұғалімінің айлығының 50%-ын алады» деп уәж айтты. Бір байқағанымыз, колледжден мек­теп­ке ауысу «Педагог мәртебесі» заңы қа­былданғалы бері жүзеге асқан процесс емес. Өйткені колледждегі айлықтың аз екені ұзақ жылдан бері күн тәртібінде тұр. Мұны министр де айтқан еді. Бірақ мектеп педагогінің жалақысы артқалы бері кол­ледж­ден жұмыстан шығып, мектепке ауыс­қандар жетерлік. Мұнда да «Арқада қыс жақсы болса, арқар ауып несі бар­дың» кері. «2013 жылдары колледжде 60 мың тең­ге жалақы алатынмын. Кейіннен мектепке ауысып кеттім. Қазір педагог-сарапшы болғандықтан, жалақыма 56 мың теңге үстемеақы қосылады. Бас-аяғы 230 мың теңге айлық аламын. Иә, осы жалақы мә­селесі үшін колледжден жұмыстан шығып кеткенмін. Әйтпесе, колледжде сабақ беру әлдеқайда жеңіл. Қазір министр жалақы­ларын жоғары­латып жатқанын естідім. Колледждегі әріптестерімнің де ел қатарлы жалақы алғанын қалаймын», – дейді тарих пәнінің мұғалімі Жанна Қуандық.

Үстемеақы бар, бірақ...

Колледж директорларымен сөйлес­кенімізде бірден үстемеақы бары жайлы айтады. Бірақ мектептен кейінгі білім беру жүйесіне үстемеақы енгізілгеніне көп бола қойған жоқ. Оның үстіне, мемлекеттік бюд­жеттен қаржылан­дырылатын кол­ледж­дерде жалақы жағы қанағаттан­дырарлық болуы мүмкін. Ал жекеменшік колледждерде жағдай мәз емес сияқты.

Колледждегі еңбекақының мектептегі айлықтан төмен екені көрініп тұрғандай. Сондықтан да болар, педагогтер басымдықты колледжге емес, мектепке береді. Ал «колледжде жұмыс істейтін, үстемеақы алмайтын ұстаздардың ақшасының айырмашылығы жер мен көктей» деген сөзінде де жан бар. «Сағат жүктемесі толық болса, айырмашылық жоқ» дейтіндер де табылады.

Жалпы, колледж педагогтері 2020 жыл­дың қаңтар айынан бастап біліктілік тестінен өткеннен кейін айлық та­бысына 30-дан 50%-ға дейін үстемеақы қосылып жатыр. Министр алдағы жылдары да қо­сым­ша ақы артатыны туралы айтып жүр. Оған қоса, колледж дирек­торлары мен директор орынбасар­ларының атқарған жұмысының тиім­ділігіне байланысты жалақысының 100%-ына дейін қосымша ақы алу мүмкіндігі бар. Бірақ мұндайда колледжге жаңадан жұмысқа тұрған жас мамандарға тиімсіз. Себебі мектепке жұмысқа тұрған жас ма­манға жан-жақты қолдау бар. Тіпті, тал­пынсаңыз, жалақыны келесі оқу жылында айтарлықтай көтеріп алуға мүмкіндік қарас­тырылған. Мысалы,  колледжге 2020 жылы жұмысқа тұрған жас маман модератор болуға 2022 жылдың көктемінде тест тапсыра алады. Сол аралықта азғантай жалақыға күнел­туге мәжбүр. Колледжде де «Жас маман» бағдарламасы бар. Бірақ бұл бағдарлама техникалық жабдықтау мен білім беру бағдарламасын жаңартуға ден қойған. Көпшілігі колледждегі жалақымен «жа­қын­нан» танысқысы келеді. Осы мақ­­сат­та біз де министрлікке сұрау са­лып, жағдайды білгіміз келді. Баспасөз хат­шысы айлық табысы жайлы ақ­паратты төмендегідей түсіндіріп берді. Оның айтуынша, колледжде жұмыс істейтін педагогтің жалақысы жұмыс өтіліне, білім беру деңгейіне байла­нысты. Мысалы, 1 жылға дейінгі еңбек өтілі 133 мың теңге, оған қосымша біліктілік санаты үшін 30% үстемеақы алса, шамамен 170 мың теңге айлық алады. Еңбек өтілін 16 жыл деп есеп­те­сек, 150 мың теңге жалақыға 40 500 тең­ге үстемеақы қосылады да, нәти­жесінде 190 мың теңге шығады. Егер мұғалімнің еңбек өтілі 25 жыл болса, 155 мың айлыққа 42 мың теңге үстемеақы қосылып, шамамен 197 мың теңге жалақы төленеді. Әрине, мұның бәрі шамамен есептелген дүние. Мұнда да жүктеменің маңызды рөл ойнай­тынын ұмытпаған жөн. Десе де, колледждегі еңбекақының мек­­тептегі айлықтан төмен екені көрініп тұрғандай. Сондықтан да болар, педа­гогтер басымдықты колледжге емес, мек­теп­ке береді. Ал «колледжде жұмыс іс­тей­тін, үстемеақы алмайтын ұстаздардың ақша­сы­ның айырма­шылығы жер мен көктей» деген сөзінде де жан бар. «Сағат жүктемесі толық болса, айырмашылық жоқ» дей­тіндер де табылады. Байқасаңыз, мектеп­тегі мұғалім сағат жүктемесіне байланысты белгілі бір уақытта ғана жұмысына бара­ды. Колледж педагогі  таңнан кешке дейін жұмыста жүруге міндетті. Бірақ маң­дай тері еңбегін ақтамай отыр. Бұ­лай жалғаса бер­се, педагогтер жиналып «мектеп қай­да­сың?» деп тартып тұра­тындай. Ұстаз­дардың арасында «кол­ледж­дің статусы жо­ғары болғанымен, айлығы төменгі та­риф­пен төленеді» дейтіні осындайда ай­тылса керек-ті. Статус пен еңбекақыны тең­естіретін уақыт жетті емес пе?..

Айзат АЙДАРҚЫЗЫ