Жалақы мәселесі – қоғамда жиі талқыланатын тақырып. «Педагог мәртебесі» туралы заң қабылданып, мұғалімдердің жағдайы да, жалақысы да көтеріліп, мәселе оң шешімін тапқандай. Керісінше, бұдан колледж мұғалімдері сырт қалып қойған секілді. Мектеп пен колледж мұғалімдерінің білім беру бағдарламалары ұқсас келетіндіктен, ендігі жерде олар да мектепте сабақ беруге ұмтылады. Мұндай жағдайда колледждеріміз мұғалімсіз қалып қоймай ма?
Жекеменшік колледждің жыры басқа
Мәселен, Жанна Төлеубайқызы 10 жыл бойы Қарағанды гуманитарлық көпсалалы колледжінде жұмыс істеген. Еңбек еткен жылдары директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары, кафедра меңгерушісі болған, әдістемелік нұсқау шығарып, кітап жазған. Кейіннен колледж жекеменшікке өткен соң жағдай өзгеріп сала берген деседі. Сөйтіп, педагог гимназияға жұмысқа тұрған екен. «Колледж жекеменшікке өтіп кетті. Жалақыны директор өзі белгілегендіктен, жыл сайын 10 мың теңге ғана қосылатын. Мысалы, аталған колледжде әлі күнге жұмыс істейтін таныстарым 140-150 мың теңге алатынын айтады. Есептеп көріңіз, жоғары санатпен, 1,5 мөлшерлемемен осындай көлемде айлық алып жүр. Өз басым мұның себебін жекеменшік болғанымен байланыстырамын. Қазір гимназияда жұмыс істеймін. Жоғары санатпен, оған қоса педагог-зерттеуші дейтін статуспен, 20 сағат жүктемемен 300 мың теңгедей жалақы аламын. Біріншіден, жалақы колледжге қарағанда 2 есе жоғары. Бірақ соған сай мектепте көбірек тер төгуге тура келеді. Дегенмен осыншама жалақы алып жатқан соң барыңды салып жұмыс істейсің. Жоғары жалақы педагог үшін таптырмас мотивация деген осы шығар», – дейді педагог-зерттеуші Жанар Төлеубайқызы. Иә, бірнеше педагогпен тілдескенімізде қазір колледжден гөрі мектепте сабақ берген тиімді екенін білдік. Көпшілігі мектептің мемлекеттікі екенін, сондықтан онда жалақы жоғарылау болатынын алға тартты. Осы тұста мемлекеттік колледждердің жағдайы туралы сұрақ туады. Мысалы, Ләйлә Ерменова «Мектеп пен колледж арасындағы айырмашылық жалақыда, колледжде тек сағатқа ақша төлейді. Олар мектеп мұғалімінің айлығының 50%-ын алады» деп уәж айтты. Бір байқағанымыз, колледжден мектепке ауысу «Педагог мәртебесі» заңы қабылданғалы бері жүзеге асқан процесс емес. Өйткені колледждегі айлықтың аз екені ұзақ жылдан бері күн тәртібінде тұр. Мұны министр де айтқан еді. Бірақ мектеп педагогінің жалақысы артқалы бері колледжден жұмыстан шығып, мектепке ауысқандар жетерлік. Мұнда да «Арқада қыс жақсы болса, арқар ауып несі бардың» кері. «2013 жылдары колледжде 60 мың теңге жалақы алатынмын. Кейіннен мектепке ауысып кеттім. Қазір педагог-сарапшы болғандықтан, жалақыма 56 мың теңге үстемеақы қосылады. Бас-аяғы 230 мың теңге айлық аламын. Иә, осы жалақы мәселесі үшін колледжден жұмыстан шығып кеткенмін. Әйтпесе, колледжде сабақ беру әлдеқайда жеңіл. Қазір министр жалақыларын жоғарылатып жатқанын естідім. Колледждегі әріптестерімнің де ел қатарлы жалақы алғанын қалаймын», – дейді тарих пәнінің мұғалімі Жанна Қуандық.Үстемеақы бар, бірақ...
Колледж директорларымен сөйлескенімізде бірден үстемеақы бары жайлы айтады. Бірақ мектептен кейінгі білім беру жүйесіне үстемеақы енгізілгеніне көп бола қойған жоқ. Оның үстіне, мемлекеттік бюджеттен қаржыландырылатын колледждерде жалақы жағы қанағаттандырарлық болуы мүмкін. Ал жекеменшік колледждерде жағдай мәз емес сияқты.Колледждегі еңбекақының мектептегі айлықтан төмен екені көрініп тұрғандай. Сондықтан да болар, педагогтер басымдықты колледжге емес, мектепке береді. Ал «колледжде жұмыс істейтін, үстемеақы алмайтын ұстаздардың ақшасының айырмашылығы жер мен көктей» деген сөзінде де жан бар. «Сағат жүктемесі толық болса, айырмашылық жоқ» дейтіндер де табылады.
Жалпы, колледж педагогтері 2020 жылдың қаңтар айынан бастап біліктілік тестінен өткеннен кейін айлық табысына 30-дан 50%-ға дейін үстемеақы қосылып жатыр. Министр алдағы жылдары да қосымша ақы артатыны туралы айтып жүр. Оған қоса, колледж директорлары мен директор орынбасарларының атқарған жұмысының тиімділігіне байланысты жалақысының 100%-ына дейін қосымша ақы алу мүмкіндігі бар. Бірақ мұндайда колледжге жаңадан жұмысқа тұрған жас мамандарға тиімсіз. Себебі мектепке жұмысқа тұрған жас маманға жан-жақты қолдау бар. Тіпті, талпынсаңыз, жалақыны келесі оқу жылында айтарлықтай көтеріп алуға мүмкіндік қарастырылған. Мысалы, колледжге 2020 жылы жұмысқа тұрған жас маман модератор болуға 2022 жылдың көктемінде тест тапсыра алады. Сол аралықта азғантай жалақыға күнелтуге мәжбүр. Колледжде де «Жас маман» бағдарламасы бар. Бірақ бұл бағдарлама техникалық жабдықтау мен білім беру бағдарламасын жаңартуға ден қойған. Көпшілігі колледждегі жалақымен «жақыннан» танысқысы келеді. Осы мақсатта біз де министрлікке сұрау салып, жағдайды білгіміз келді. Баспасөз хатшысы айлық табысы жайлы ақпаратты төмендегідей түсіндіріп берді. Оның айтуынша, колледжде жұмыс істейтін педагогтің жалақысы жұмыс өтіліне, білім беру деңгейіне байланысты. Мысалы, 1 жылға дейінгі еңбек өтілі 133 мың теңге, оған қосымша біліктілік санаты үшін 30% үстемеақы алса, шамамен 170 мың теңге айлық алады. Еңбек өтілін 16 жыл деп есептесек, 150 мың теңге жалақыға 40 500 теңге үстемеақы қосылады да, нәтижесінде 190 мың теңге шығады. Егер мұғалімнің еңбек өтілі 25 жыл болса, 155 мың айлыққа 42 мың теңге үстемеақы қосылып, шамамен 197 мың теңге жалақы төленеді. Әрине, мұның бәрі шамамен есептелген дүние. Мұнда да жүктеменің маңызды рөл ойнайтынын ұмытпаған жөн. Десе де, колледждегі еңбекақының мектептегі айлықтан төмен екені көрініп тұрғандай. Сондықтан да болар, педагогтер басымдықты колледжге емес, мектепке береді. Ал «колледжде жұмыс істейтін, үстемеақы алмайтын ұстаздардың ақшасының айырмашылығы жер мен көктей» деген сөзінде де жан бар. «Сағат жүктемесі толық болса, айырмашылық жоқ» дейтіндер де табылады. Байқасаңыз, мектептегі мұғалім сағат жүктемесіне байланысты белгілі бір уақытта ғана жұмысына барады. Колледж педагогі таңнан кешке дейін жұмыста жүруге міндетті. Бірақ маңдай тері еңбегін ақтамай отыр. Бұлай жалғаса берсе, педагогтер жиналып «мектеп қайдасың?» деп тартып тұратындай. Ұстаздардың арасында «колледждің статусы жоғары болғанымен, айлығы төменгі тарифпен төленеді» дейтіні осындайда айтылса керек-ті. Статус пен еңбекақыны теңестіретін уақыт жетті емес пе?..Айзат АЙДАРҚЫЗЫ