Бекіре өсіретін зауыттардың халі мүшкіл
Бекіре өсіретін зауыттардың халі мүшкіл
598
оқылды

Елімізді қара алтынмен бірге қара уылдырығымен тамсандырып, әлемге әйгілі еткен балық сала­сы­ның бүгінгі ахуалы оншалықты жақ­сы емес. Жайық өзенінің тартылуы, ба­лықтардың тағылықпен аулануы, уылдырық шашатын жерде су болмай, жағаға шығып қалуы әрі белгісіз себептермен уланып жат­қа­ны – ең үлкен күрделі мәселеге ай­налды. Балықты сақтаудың бір ғана жолы бар, ол – уылдырықтан ша­бақ өсіріп, су айдынына жіберу.

Балық шаруашылығы са­ласында қызмет ететін мамандар уылдырықтан шабақ өсіріп, жыл сайын Жайық өзені мен Каспий теңізіне жібереді. Екі зауыттан кем дегенде 7 миллион шабақ жі­беріледі. Жуырда екі зауыт дәстүрлі түрде мәпелеп өсірген шабақтарын Жайық өзеніне жіберді. Дегенмен зауыттардың жайы мәз емес. Ел Үкіметі қазір­ден назар аудармаса, зауыт­тардың жұмысы тоқтап қалуы мүмкін екенін мамандар айтып жатыр. Оған не себеп? Айталық, «Жайық-Атырау бекіре балық өсіру зауытының» жобасын 1979 жылы КСРО Балық шаруашы­лығы министрлігіне қарасты «Гидробалықжоба» институты­ның Астрахан бөлімі жасаған болатын. Нысанның құрылысын 1985 жылы Жайық өзеніне тас­талып отырған зиянды заттардан келетін шығынды өтеу үшін Орын­бор гелий зауыты бастаған. Ол 1998 жылы пайдалануға бе­рілді (ҚР Үкіметінің 1998 жылғы 16 қыркүйектегі №909 қаулысы). Кәсіпорынның қызметі – Жа­йық-Каспий бассейнінде бекіре балығының түрлерін қолдан ­өсі­ру және шабағын шығару. Яғни, «Орман ресурстарын және жа­нуарлар әлемін басқару, сақ­талуын қамтамасыз ету және да­мыту» бюджеттік бағдарлама­сы аясында құнды балық түрле­рін көбейтуді көздейтін мемле­кеттік тапсырыстарды орындау­мен айналысады. Жобалық қуаты – жылына 3,5 млн дана бекіре тұқымдас балықтың (бекіре, ақсерке, шоқыр, қортпа, сүйрік) шабағын өсіру. Зауытта 94 адам жұмыс істейді. «Жайық-Атырау бекіре ба­лық өсіру зауытының» дирек­торы Ғилман Сәрсемалиевтің айтуынша, зауытта жаңғырту жұмыстары жүргізілмеген. Бар болғаны өңірдегі ірі кәсіп­орын­дардың демеушілігімен зауы­т­тағы құрылғыларды ішінара жаңарту жұмыстары жүргізілген. Ал 2010 жылы уылдырықтан 20-25 грамм шабақ өсіріп, өзенге жіберіп, тарихи оқиғаға куә еткен «Атырау бекіре балығын өсі­ру зауыты» РМҚК-нің жағда­йы тіпті ауыр. Аталмыш зауыт 1998 жылы Жайық өзенінің аты­ра­бында компенсациялық нысан ретінде салынып, пайдалануға берілген. 2007 жылғы 26 ақпан­дағы №144 қаулыға сәйкес «Жа­йық-Атырау бекіре балық өсіру зауыты» РМҚК-ге қосылып, қайта құрылған.

Жөндеу көрмеген зауыттар

Үкіметтің 2011 жылғы 1 қара­шадағы №1252 қаулысымен «Жа­йық-Атырау бекіре балық өсіру зауыты» бөлек еншісін алады да, «Атырау бекіре балық өсіру зауыты» қайта құрылады. Кәсіпорынның қызметі – бекіре балығын өсіру және оның шабақтарын Жайық-Каспий бассейніндегі су қоймаларына жіберу. «Атырау бекіре балық өсіру зауыты» республикалық мемле­кеттік қазыналық кәсіпорнының негізгі міндеті – мемлекеттік тап­сырыс аясында бекіре тұқым­дас балықтардың шабағын өсі­ріп, Жайық өзеніне жіберу.

Кәсіпорындағы қондырғылардың бәрі тозып, әупірімдеп жұмыс істеп тұр. Зауыт басшылығын да, мамандарды да толғандыратын мәселе – тоғандарға су жеткізетін 4 сорғының әбден ескіруі. Үздіксіз 8 сағат су айдайтын техника қазір бар-жоғы 3 сағат ғана жұмыс істейді.

«Атырау бекіре балық өсіру зауытының» жобалық қуаты жы­лы­на бекіре тұқымдас балық түрлерінің салмағы 3 грамдық 3,5 млн данасын өсіруге жетеді. Брендке айналған бекіре балы­ғын өсіретін зауыттың күйі адам аярлық жағдайда. Зауыт ашыл­ғалы бірде-бір рет жөнделмеген. Кәсіпорындағы қондырғылар­дың бәрі тозып, әупірімдеп жұ­мыс істеп тұр. Зауыт басшылығын да, мамандарды да толғанды­ратын мәселе – тоғандарға су жет­кізетін 4 сорғының әбден ес­кіруі. Үздіксіз 8 сағат су айдай­тын техника қазір бар-жоғы 3 сағат ғана жұмыс істейді. «Атырау бекіре балық өсіру зауытының» директоры Рашиден Қалидуллиннің айтуынша, то­ғандарға су жеткізетін сор­ғылар алғашқы қалпындағыдай су сора алмайды. Себебі жаңарту жасал­мағаннан кейін қоңдырғы өзінің күшін азайта береді. Қоңдыр­ғыны қайта-қайта жөндеуден өткізу сөзсіз шығынға әкелуде. Тозығы жеткен сүзгілер мен то­ғандардың, су көліктерінің де жағ­дайы мәз емес. Бес жыл са­йын жөнделуі тиіс кемелердің бірде-бірі жаңартылмаған. Үшеуі істен шыққан. Тиісінше, мұның өзі еңбек өнімділігін арттыруға кедергі болуда. «Атырау бекіре балық өсіру зауытының» цех меңгерушісі Г.Шайдуллинаның айтуынша, тоғандар мен сүзгілердің тозығы жеткендіктен, балықтарға жақсы кислород келмейді. Өз ісінің шеберлері тозығы жеткен за­уытқа қарамастан, биыл да мем­лекеттік тапсырысты артығымен орындады. 3 млн 500 мыңнан астам шоқыр балығының 8-9 грамм шабақтарын Жайық өзе­ніне жіберді. Қосымша табиғат пайдаланушыларға 13,7 грамм салмақты шабақтар жіберілді. Егер кәсіпорын бастан-аяқ жөнделсе, қызметкерлер шабақ қорын молайтып, рекордтық көрсеткішке жетуді көздейді.

Бекірені сақтап қалды

Бекіре тұқымдас балық­тар­дың су айдынынан жойылып кетпеуіне «Атырау бекіре балық өсіру зауыты» РМҚК-ның балық өсірушілерінің еңбегі орасан. Айталық, 2010 жылы Атырауда еліміз бойынша балық шаруа­шы­лығында бұрын-соңды бол­ма­ған тәжірибе өз нәтижесін берді. Бекіре өсіру мамандарының қол жеткізген осы табыстары балық өнеркәсібі туралы тарих парағына ерекше айшықталып жазылып қалды. «Атырау бекіре балық өсіру зауыты» РМҚК мамандары ша­бақтарды өзенге жіберу маусы­мын сол жылы кешіктіргенімен, бұрынғы 3 грамдық шабақтардың салмағын 20-25 грамға жеткізді. Ал салмағы әжептәуір шабақтың ұзындығы 22 см жетіп қалған. Қазір ауланған балықтарды зауытта арнаулы сканер арқылы тексеру жүргізілуде. Теңізге жі­берілген «құжатталған» шабақ­тар­ға қайта келер болса, маман­дар оның 2010 жылдан бері қанша салмақ жиғанын, дене бітімі қаншалықты өзгергенін, оның қай жерде ауға түскені ту­ралы барлық ақпаратты жинақ­тап, сақтайтын болады. бекіре өсіру Дегенмен 2010 жылы балық шаруашылығын дамытуда жа­санды ұрықтандыруды дамытып, осылайша балық қорын көбей­туді мақсат етіп отырған екі за­уыттың жаңғыртылуы туралы ай­­тылған жоспарлар бүгінге дейін орындалмады. Нақты айт­сақ, Елбасының табиғи бай­лық­ты сақтау және оны көбейту туралы тапсырмасына сәйкес, 2001-2014 жылдары Атырау өңірінде бекіре өсіру зауытының жаңа жобасы салынып, пайда­лануға беріледі деген жоспар сөз жүзінде қалып қойды. Қара уылдырықтан шабақ өсі­ріп отырған екі зауыттың мүшкіл халі елімізге мәлім. Бұл проблеманың өзекті екенін сала комитеті де біліп отыр. Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі Балық шаруа­шы­лығы комитеті төрағасының орынбасары Алмас Асылбеков сұхбатында: «Кәсіпорынды қай­та жаңғырту үшін ұсыныс бе­ріледі, мақұлданса 2026 жылы жө­нелуі тиіс. Қазір жобаның тех­­никалық-экономикалық не­гіз­демесі әзірленіп жатыр. Қоры­тындысы оң болған жағдайда, қаражат сұралады» депті. Дегенмен халық та, балық саласы мамандары да, жобалар­дың техникалық-экономикалық негіздемеден әріге аса алмай­ты­нынан әбден ығыр болған. Ай­талық, 2016 жылы бұл мәселе ту­ралы Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ерлан Нысан­баев­тың да мәлімдемесі есімізде қалыпты. Ол «Қазір Жайық-Аты­рау бекіре балық өсіру за­уытын қайта жаңарту жобасының техникалық-экономикалық не­гіздемесін түзету аяқталды және ТЭН бойынша қыркүйек айында сұрау салу түрінде қоғамдық тыңдау аяқталды. Мемлекеттік сараптамадан өткеннен кейін «Жайық-Атырау бекіре балық өсіру зауытын» қайта жаңартуға жобалық-сметалық құжаттама әзірлеу үшін қаражат бөлу ту­ралы мәселені шешуге Ұлттық экономика министрлігіне енгі­зілетін болады» деп еді.

P.S. Жылда Атырау, Маң­ғыс­тау облыстарында көктем мен күзде «Бекіре» шарасы өтеді. Одан бөлек, тағылықпен аулана­тын балықтардың дені – бекіре тұқымдас балықтар. Соған қара­мастан жергілікті балық шаруа­шылығы мамандарының бекіре тұқымдас балықтарды сақтаудағы еңбегі ерен. Қазір Жайық өзенінің жағдайы аянышты жағдайда. Өзен суының таяздануы жалғаса берсе, шабақтарды өсірудің ма­ңызы бола қояр ма екен? Бәлкім, екі зауытты жаңғыртудан өткіз­беудің салдары келешекте ша­бақтарды өсіруге бөлінетін ли­миттің тоқтауына әкеп соқпай ма? Біздің қауіп – осы.

Тұрсын ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ, Атырау облысы