Жамбыл облысында аудан әкімі 60 жас мерейтойын туыстарының ықпалымен атап өткен. Салдарынан әкім қатаң сөгіс түріндегі жауапкершілікке тартылған.
Әлеуметтік желіде бейнежазбасы тараған Байзақ ауданының әкімі Бақыт Қазанбасовтың қатысуымен өткен отбасылық басқосуға байланысты әкімнен түсініктеме алынған. Жамбыл облысы әкімінің міндет атқарушының 3 тамыздағы №173-Ж/Қ өкімімен Қазанбасовқа қатаң сөгіс түріндегі тәртіптік жаза қолданылды. Бұл туралы облыс әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.
«Сондай-ақ, Жамбыл облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің хатына сәйкес, Бақыт Қазанбасовқа ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық кодексінің 425-бабымен 87510 (сексен жеті мың бес жүз он) теңге көлемінде айыппұл салынып, төленген», - делінген хабарламада.
[embed]https://www.youtube.com/watch?v=YgKuyPSIZqo[/embed]
Оның үстіне, Б.Қазанбасовтың өз түсініктемесінде көрсетілгендей, мерекелік іс-шара аудан әкіміне тосынсый ретінде туыстары тарапынан жасалғаны жазылған. Аудан әкімі отбасылық іс-шараны сол жерге келгенде біліп, құттықтауларды қабылдап, үйіне қайтқан. Түсініктемеде іс-шараға жақын туыстардан 38 адам қатысты делінген.