Жамбыл облысының Қордай ауданында 10 жастағы бала аттракционнан құлап, жазым бола жаздады.
Әлеуметтік желіде тараған видеода үш баланың әткеншекте отырғаны анық көрінеді. Ал үлкендердің біреуі бәрін видеоға түсіріп тұр. Аттракционды қосып қалғанда бір бала жерді сүзіп, қатты құлайды.
Ресми мәліметке сәйкес, бұл оқиға 9 тамызда болған. Аттракционнан құлаған бала медициналық көмекке жүгінбеген. Ата-анасы полицияға арыз түсірмепті. Әкімдік қызметкерлерінің сөзіне қарағанда, 10 жастағы бала абайсызда қауіпсіздік белдігін шешіп тастаған.
"Ол бала қауіпсіздік белдігін шешіп тастады. Сол себепті жерге құлаған. Саябақ дирекциясы аттракционның жұмысын уақытша тоқтатуға шешім қабылдады", – дейді аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Нұрболат Сатымқұл.