Ақмолада белгісіз этимологиядағы мал ауруы анықталды
Ақмолада белгісіз этимологиядағы мал ауруы анықталды
©https://nauka.vesti.ru
170
оқылды

Ақмола облысының алты ауданында малдың белгісіз ауруы анықталды. Бұл туралы Ақмола облысы ветеринария басқармасының басшысы Талғат Жүнісов өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында мәлім етті.

Ақкөл, Аршалы, Ерейментау, Целиноград, Біржансал және Степногорск қалаларында анықталған мал ауруының әзірге нақты қандай ауру екені белгісіз. Бүгінгі күнге дейін облыс бойынша 2453 сиыр, 520 қой және 4 шошқадан ауру тіркелген. «Мал иелерінің айтуынша үй жануарлары осы жылдың маусымынан бастап ауыра бастаған. Тамақтан және су ішуден бас тартып, температурасының 40°С дейін көтерілетіні, сілекейінің шұбырып және шырышты қабаттың қызаруы, ауыз қуысының қабынуы, ақсау, тіл шырышының тартылуы сияқты жалпы ортақ белгілері бар. Ветеринарлық қызмет мамандары күн сайын ауылдардағы ауру малды қарап, тиісті емдеу шараларын жүргізіп жатыр. Қазіргі сәтке дейін аудандарда ауруға ұшыраған малдың 90 пайызы емделді, - деп атап өтті Талған Жүнісов. Басқарма басшысы осы жылы облыс аудандарында жауын-шашынның жылдағы нормадан төмен болып, қуаңшылықтың салдарынан шөпке де кері ықпалы тигенін атап өтті. Мәселен қатты шөп малдың ауыз қуысы мен ішкі шырышты қабаттарын жарақаттауы мүмкін екен. Дегенмен заңнамаға сәйкес бюджеттен малды емдеу шараларына қаржы қарастырылмаған. Сондықтан емдеу мал иелерінің өздерінің қаражаты есебінен жүргізілуде.

«Қауіпті аурулардың диагнозын анықтау үшін патологиялық материалдар ветеринариялық зертханаларға жолданды. Бірақ алған нәтиже теріс екенін көрсетті. Сондай-ақ, қайта ауырған малдан да биологиялық материал алынып, зертханаға жолданды. Жалпы жағдай облыс ветеринарлық қызметінің күнделікті бақылауына алынған", - дейді басқарма басшысы.

Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ,

Ақмола облысы