252 406 теңге: Air Astana билеттің құны неліктен шарықтап кеткенін түсіндірді
252 406 теңге: Air Astana билеттің құны неліктен шарықтап кеткенін түсіндірді
©А.Ахметқазы
382
оқылды

Әлеуметтік желіде бір топ белсенділер Қазақстандағы әуе билеті бағасының тым шарықтап кеткені жайында дабыл қағып, мәселе көтерді.

Қоғам белсендісі Мұрат Әбенов фейсбук парақшасындағы жеке аккаунтында Air Astana компаниясына тиесілі Нұр-Сұлтан – Алматы рейсіне билеттер 252 мың теңгеге сатылғаны туралы пост жазды. Блогер аталған мәселеге Президент араласу керектігін алға тартты. Ал Air Astana әуекомпаниясы әлеуметтік желілерде Нұр-Сұлтан – Алматы бағыты бойынша әуе тасымалы үшін 252 406 теңге тарифі туралы таратылған ақпарат шындыққа сәйкес келмейтінін түсіндірді. – Air Astana әуекомпаниясында Нұр-Сұлтан-Алматы бағытында мұндай тариф бұрын-соңды болмаған. Еліміздің екі үлкен қаласын байланыстыратын рейске сатылатын эконом-класстағы ең жоғары тариф – 53 320 теңге. Ал ең төменгі тариф бір бағытқа – 12 320 теңге, – дейді әуекомпанияның корпоративтік коммуникациялар жөніндегі менеджері Тілек Әбдірақымов. Air Astana ішкі аудит жүргізіп, онлайн билет сату агенттігінің сайтында техникалық қате болғанын анықтады. – Билет бағасының шарықтауына шетелдік әуежайларға қону мен ұшу құны қоса есептелгені белгілі болды. Агенттік біздің компанияға техникалық қатенің жойылғанын растайтын ресми хат жіберді, – деді Тілек Әбдірақымов. Компания өкілі жазғы айларда, мектеп демалысы және басқа да мереке күндері сияқты сұраныс жоғары болған кезде билеттер әдеттегі күндерге қарағанда сәл қымбатқа түсетінін жеткізді. Маусымдық сұраныс төмен болған кезде авиабилеттер жарналар мен арзан тарифтердің арқасында арзандайтынын еске салды.