Адамзат тарихына көз жүгіртсек, әр заман мен дәуірде қоғам мен тұтас ұлттардың дамуы біліммен және ағартушылықпен тікелей байланысты екендігіне байқаймыз. Оның дәлелі ретінде, ежелгі Мысыр, Рим өркениеті, Қытай мен Араб ілімі, Ренессанс өрлеуі, Түркі әлемінің дамуын айтуға болады.
Қазақ даласында да жазу өнері мен әдебиеттің пайда болуы және қарқынды дамуы орын алды. Бұл үрдіс елі мен жеріне жанашыр, халқының дамуына өмірін арнаған арда тұлға азаматтардың еңбегімен тікелей сабақтасады. Осы ретте халқымыздың ұлы ұстазы, ақыны, қазақ көркем әдебиеті мен жазба әдебиетінің негізін қалаушы және ұлы ғұлама Абай Құнанбайұлының ерекше заңғар тұлғасын атап өту қажет. Абай өмір бойы ізденіп, Шығыс пен Батыстың, Азия мен Еуропаның белгілі жазушылары мен ойшылдарының еңбектері мен ой-толғауларын жан-жақты зерделеп, қазақ халқының ілгерілеуіне, қоғамның дамуын арттыруға, білімді және еңбекқорлықты дәріптеуге, адамгершілік құндылықтарын нығайтуға бағытталған өлеңдерін, қара сөздері мен ой-тұжырымдарын көптеп әзірлеп, қасиетті қаламның ұшымен қағазға түсіріп, қазақ еліне кеңінен таныстыруға өмірін арнаған заңғар азамат. Абай туындылары өмір мен дүниеге деген ізгі көзқараспен, ауқымды көкжиекпен, қазақ қоғамның дамуына деген терең ықыласпен, шетел мемлекеттерінің білім мен ғылымды толассыз зерделеуінің арқасында зор жетістіктерге жетуіне, осы ұлы көшке қазақ халқының ілесуіне деген терең дүниетанымдық пікірлерімен ерекшеленеді. Мәселен, Абай қылқаламынан шырақтаған өлеңдерінде білім мен ғылымды, тапжылмастықты арқау еткенін айқын аңғаруға болады. «Әуелде бір суық мұз – ақыл зерек» өлеңінде: «Әуелде бір суық мұз – ақыл зерек, Жылытқан тұла бойды ыстық жүрек. Тоқтаулылық, табанды шыдамдылық, Бұл – қайраттан шығады, білсең керек» - деген. Осымен бірге Абайдың «Пайда ойлама, ар ойла, Талап қыл артық білуге» деген өнегелі өсиетінен де бұл арнада ой тұжырымдауымыз қажет деп ойлаймын. Парасатты ойшыл еңбекке баулу құндылығына да ерекше көңіл аударған. Бұлардың көрінісін келесі қазыналы ойлардан аңғарамыз: «Өзіңе сен, өзіңді алып шығар, Еңбегің мен ақылың екі жақтап», немесе «Талап, еңбек, терең ой, Қанағат, рахым ойлап қой - Бес асыл іс көнсеңіз». Бұл тұжырымның тағы бір кескінін келесі өлек жолдарынан да нақты байқаймыз: «Бақпен асқан патшадан, Мимен асқан қара артық. Сақалын сатқан кәріден, Еңбегін сатқан бала артық». Абай Құнанбайұлы халық бойында еңбекке деген сүйіспеншілікті насихаттауға, еңбектің арқасында тұтас елдің алға жылжып, қойған мақсаттарына қол жеткізе алатындығын жан-жақты дәріптеген. Абай әлемі тұңғыйығына жеткізбес мұхит тереңдігіндей, қиыры көрінбес көк аспанның ауқымындай десек артық етпес. Осы келелі білім мен парасаттылықты айшықтауға, бірлік пен еңбекке деген қасиетті нығайтуға алаш қозғалысының жетекшілері, қазақ қоғамының зиялы қауымының жаңа толқыны да ерекше ден қойған. Ахмет Байтұрсыновтың, Әлихан Бөкейхановтың, Мағжан Жұмабаевтың, Міржақып Дулатовтың және өзге де алаш арыстарының еңбектері мен ой-пікірлерінде осы құндылықтарды молынан байқаймыз. Тәуелсіздік алған сәттен бастап еліміздің тілі мен білімін, мәдениеті мен шаруашылығын кеңейтуге бағытталған кешенді әлеуметтік-экономикалық реформалар іске асырылды. Осымен қатар әруақытта еліміздің ертеңі саналатын - жастардың білім алуына, озық әлем тәжірибесін игеруге және жастардың жауапты қызметтерде өз білімі мен біліктілігін дәлелдеуге ерекше назар аударылды. Бұл ретте, Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлының «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» бағдарламасын, жастар білімінің өрісін кеңейтуге арналған «Болашақ» бағдарламасын, Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының «Президенттік жастар кадрлық резервін» атап өткім келеді. Бұл аса маңызды бастамалардың барлығы жастардың сапалы білім алуына, табанды талпыныс жасауына, аянбай еңбек етуге, ғылым мен өндірісті ұштастыруға бағытталған. Қазіргі уақытта өсіп келе жатқан ұрпақтың бойында тұлға ретінде қалыптасуына және Қазақстанның озық елдер қатарына енуіне негіз болатын бірден-бір фактор – білімге деген құштарлықтың, еңбекке деген талпыныстың және ұдайы ізденістің негізінде деп білемін. Сондықтан осы қасиеттерді өскелең ұрпақ бойына сіңіру отбасында, мектеп пен жоғары оқу орны қабырғасында, қоғам ішінде үздіксіз жүзеге асырылуы қажет. Еліміздің кемел келешегінің ертеңі, Қазақстанның жарқын болшағының бастамасы - жастарымыздың білімі теңіздей, талабы таудай, жүрегі Отаным деп соқсын деген тілек білдіргім келеді.Алматы қаласы Мәслихатының хатшысы Станислав Владимирович Канкуров.