Погон тақса да, қылмыс жасайды
Погон тақса да, қылмыс жасайды
378
оқылды

Бұл күні қоғамның қауіпсіздігін сеніп тапсырған адамдардың өзіне сенім азайып барады. «Ет сасыса тұз себесің, тұз сасыса не себесің?» деуші еді ескілер. Қылмыс жасаған құқық қорғаушылар жайлы естігенде осы сөз еріксіз еске түседі. Иығына погон таққандардың арасында азаматтарға зорлық көрсеткендер шығып жатыр. Мұны қызметін қылмыс үшін пайдалану дейміз бе, әлде «адамдықтан жұрдай» деп айыптаймыз ба, әйтеуір қоғамға үлкен залал тигізіп жатқаны анық.

Жақында ғана Алматы об­лысы­ның Қарасай аудандық соты «әйелді зорламақ болды» деп айып­талған («Зорлау» және «Қылмысқа оқталу» баптары) Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы қызметкерін 9 жылға бас бостандығынан айырды. Ақ­паратқа қарағанда, айыпталу­шының аты-жөні Сабыржан Нарынбаев екен. 1989 жылы ту­ған. Алматы облысының Ұлттық қауіпсіздік департаментінде жедел уәкіл ретінде жұмыс істеген. Сот оны капитан атағынан айырды. Ал оқиға былай өрбіген. Жәбір­ленуші Айя Өмірзақова оқиға 2020 жылы қыркүйек айында болғанын айтқан. Ол жігітімен ұрысып қа­лып, көшеде жалғыз өзі жылаған. Оған бейтаныс ер адам келіп, жанашырлық кейіп танытып, үйіне жеткізіп тастайтынын айт­қан екен. «Ол діни уағыздар айтып, қиын кезде көмектен бас тартуға болмайтынын жеткізді», – дейді жәбірленуші. Бұдан соң қыз ке­лісіп, көлікке отырған. Ал жүргізу­ші жұрт сирек жүретін жерге апа­рып, қызды «ұрып-соғып, зорлауға тырысқан». «Ол көліктен шығып, жүксал­ғышты ашты. Не алғысы келгенін білмеймін. Осы сәтті пайдаланып, қашып шықтым. Ол қуды. Мені қуып жетіп, ұра бастады. Шашым­нан сүйреп, көлікке қайтадан апармақ болды. Мен айғайладым, ол менің аузымды жабуға тырыс­ты. Мен жерден бір уыс топырақ алып, оған қарай шаштым. Осы кезде ол мені бірден босата салды. Біз жаққа қарай бір көліктің келе жатқанын көрдім. Ол соны көре сала өзінің көлігіне отырып, қа­шып кетті», – дейді жәбір­ленуші.

Тұз сасыса не себесің?      

Құқық қорғаушылар зорлау сана­тындағы қылмысқа көп қаты­сатын тәрізді. Мәселен, ай басын­да Екібастұзда қыз зорлағаны үшін айыпты болған жоғары лауа­зым­ды полиция қызметкері жұ­мы­сы­нан босатылды. Осы оқиғаға қатысты бірінші болып заңгер Елена Семенова дабыл қаққан еді. Оның айтуынша, осыдан жарты жыл бұрын полицейлер есірткі заттарын таратты деген күдікпен 22 жастағы қызды ұстайды. Алды­мен оның жеке заттарына тінту жүргізіп, артынан тергеу амал­дарын бастау үшін полиция бөлім­шесіне әкетеді. Бірақ түн мезгілін­де күдіктіні жалдамалы пәтерге апарған. Заңгер Елена Семенова «олар пәтерге кірген кезде сол ма­йор диванда отырыпты. Бөл­меде тағы бір адам болған. Оның полиция қызметкері екенін ол таңертең ғана біледі. Бес минут өткеннен кейін майор қызды қорқыта бастайды. Ата-анасына қысым көрсетіп, бұл жайтты БАҚ арқылы тарататынын ескерткен. Ал бойжеткеннің қарсыласуға дәрмені жетпеген», – дейді. Қазір майор жұмыстан қуылғаны бол­маса, жарты жылдан бері соттал­ған жоқ. Тергеу енді басталған. Неге істі қозғау кешеуілдегені беймәлім. Былтыр да қыз зорлап, елді дүр­лік­тірген полицейлер аз бол­ма­ды. 2020 жылдың басында Түркіс­тан облысында 16 жастағы жасөспірімді үш жыл бойы зорлап келген бұрынғы полиция қызмет­кері Сәкен Сейітжапаров 15 жыл­ға бас бостандығынан айырылған болатын. 2013 жылдан бастап по­ли­цей жасөспірімді жиі зорлап жүр­ген, оған қоса «егер бұл жайт­ты біреуге айтсаң, онда интимдік сипаттағы фотосуреттер мен видеоны желіге салып жіберемін» деп қорқытқан. Баладан мезгіл сайын ақша бопсалаған. Соңғы алты жыл ішінде осы зорлау ісі бір­неше рет көтерілді. Бірақ дәлел жеткіліксіз деген желеумен әр кез оны орта жолдан жауып тастап отырған. Былтыр жаз ортасында Бал­қаш­та полиция қызметкері кәме­лет­ке толмаған қызды зорлады деген күдікпен ұсталды. Оқиға 2020 жылы шілде айының басында болған. Қылмысқа күдікті поли­ция қызметкері өзінің қызметтік жағдайын пайдаланып, кәмелетке толмаған саяжайдағы көршісін қорқытып, жыныстық қатынасқа түсуге мәжбүрлеген. Полиция қыз­мет­кері жәбірленушіні мари­хуана шеккені үшін қылмыстық айыптаулармен қорқытқан. Абырой болғанда, қыздың анасы полицияға шағымданып, қылмыс әшкере болған еді.

Білікті кадрлар даярлау қажет

Қоғамның барлық саласына қатысы бар тәртіп сақшыларының мәртебесін көтеру мен материал­дық-техникалық жағдайын жақ­сарту бұл саладағы бүкіл мәселені шешіп тастамасы анық. Өйткені түйткілдің түп себебі кәсіби білікті кадр даярлауға барып тіреледі. 2018 жылғы халыққа Жолдауында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев құқық қорғау органдарының жұмы­сына сапалы өзгерістер қажет деп, Үкіметке «Ішкі істер органдарын жаңғырту жөніндегі жол картасын» қабылдауды тапсырған болатын. Содан бері біраз өзгеріс болып жатыр. Әйт­кен­мен полицейлердің қоғамға жақын болудағы мәселелері қазір де тым көп. Талай жыл ІІМ-нің білім саласында қызмет еткен запастағы полиция генарал-ма­йоры Мирлан Қызылов бүкіл мә­селе білікті кадрларға келіп тірелетінін айтады. «Қатардағы полицей кәсіби маман, құрыштан құйылғандай денсаулығы мықты, рухани бай болмай, ішкі істер саласының көші түзелмейді. Осы саланың ыстығына күйіп, суығына тоңып қызмет атқарған мен полиция мамандарын даярлайтын білім ордасындағы материалдық базаны дұрыстамасақ, білікті кадрлармен қамтамасыз етпесек, мамандарды онда төрт жыл дайындамасақ, қалған әңгіменің бәрі курсанттар­дың құлағына бәйіт оқумен бірдей деп санаймын», – дейді ол. Қорыта айтсақ, полицейлердің өзі қылмысқа көптеп араласа бас­таса, қоғамның көңіліне жаппай селкеу түсері анық. Бұл тұрғыда келешек құқық қорғаушыларды тек заң аясында оқыта бермей, рухани мәселелерін де шешкен абзал тәрізді.

Мадияр ТӨЛЕУ