Ақмолада орман өрті жиіледі
Ақмолада орман өрті жиіледі
522
оқылды

Ала жаздай болған аптап ыстық ауыл шаруашы­лы­ғымен қатар орман шаруа­шы­лығына да орасан зор зиянын тигізіп келеді. Елі­міздің орманды аймақта­рының бірі – Ақмола облы­сында да тұтанған тілсіз жау­дың салдарынан сың­сы­ған қарағай мен қайың-те­ректі ормандарды өрт шал­ған оқиғалар жиілей түскен.

Жергілікті төтенше жағдайлар қызметі өңірдегі орман өртінің шамадан тыс көбейіп кеткенін айтып дабыл қақты. Олардың мәліметінше, тек соңғы бір аптада ғана облыс аумағында 5 рет орман өрті тіркелген. Жасыл желектің өртенуін тоқтату үшін облыстық Төтенше жағдайлар департаменті жергілікті атқарушы билік өкіл­дерімен бірлескен шаралардың жүргізіліп жатқанын айтты. Бірақ бұл шаралардың, өкінішке қарай жеткіліксіздігі айтылмай қалмады. Ведомствоның мәліметінше, жазда, өрт қаупі бар маусым бас­талғаннан бері облыс аумағында 1 200-ден астам рейд шарасы ұйымдастырылған. Тек жыл басы­нан бері 93 орман және 5 ірі дала өрті тұтанған. Өрт шалған орман алқабы 6 669 гектарға жетіп, шы­ғынның жалпы көлемі 6 миллион теңгеден асып түсіпті. Әсіресе, қалың қарағай мен қайыңы мол Бурабай мен Зеренді аудандарында орман жиі өртенеді екен. Мұнда сәйкесінше 30 және 18 орман өрті тіркеліпті. Сондай-ақ Ақкөл ау­данында – 13, Біржан сал ауда­нын­да – 11, Сандықтау ауданын­да – 7, Бұланды ауданында – 5, Степногорск қаласында –3, Көк­шетау қаласы мен Ерейментау ауданында – 2, Целиноград ауда­нында 1 орман өрті болған.
«Әрине, халықты ақпарат­тандыру мен өрт қауіпсіздігі ере­желерін сақтауға бағытталған жұ­мыстар жүйелі жүргізіліп келе­ді. Әсіресе, жергілікті атқарушы ор­гандармен бірлескен шаралар тұрақты түрде өткізіледі. Орман алқаптарын «Қазәуеорман қорғау» акционерлік қоғамының 3 әуе тобы аспаннан тұрақты түрде шо­лып отырады. Жер үстінде шолып, тексеру үшін шамамен 200 адам­нан тұратын 56 мобильді топ құ­рылған. Дегенмен осындай жұ­мыс­тар атқарылып жатса да, апат айтып келмейді. Өрт бірінен ке­йін бірі тіркеліп жатыр. Өрт тұтануына әкеліп соққан оқиғалар бойынша заңсыз іс жасағандар жауапкершілік арқалауда», – дейді Ақмола облысы Төтенше жағ­дайлар департаменті басты­ғының орынбасары Манарбек Шапағатов.
Аталған өртке қарсы мобильді топтар мыңнан астам рейд шара­сын ұйымдастырған. Нәтиже­сінде, 147 адам әкімшілік жауап­кершілікке тартылған. Олардың 134-не ескерту берілсе, 13 адамға 644 мың теңге мөлшерінде айып­пұл салынған. Биылғы қатты ыстықтың, жиі жай түсудің салдарынан орман­дағы өрттің саны артқан. Мәселен, қыр басындағы құр­ғақ шөптің тұтануынан шыққан өрт «Бұқпа» ірі орман шаруашы­лығының қарағайлы-қайыңды ормандарына әп-сәтте жеткен. Қызыл жалын 50 гектарға жуық аумақты шарпыған. Дегенмен өрт сөндірушілер орманның толық­тай жанып кетуіне жол бермепті. Алайда 1,5 гектардан астам жердің ағаштарына зиян келген.
– Орман өртін сөндіру үшін оған ең алдымен кіру қиын. Оған қоса, ағаштың үстіңгі жақтарының жанып кету қаупі күшті. Ал қайың мен қарағайдың басы тұтанса, оны тоқтату оңай емес. Ондай кез­де өрт сөндірушілердің өзде­ріне де қатер төнеді. Сонымен бір­ге өртенген орманның орны біраз уақыттан кейін қайта жануы мүмкін. Сондықтан оны 10 сағатқа дейін бақылауға аламыз. Биыл орман өртінің көбеюіне күннің ыстығы мен найзағай ойнап, жай­дың көп түсуі де себеп болды. Дегенмен жағдайды қиындатып тұрған ол ғана емес. Орман ша­руашылықтарында заманауи стансалар мен тиісті техникалар жетіспейді. Ал өрт сөндірушілер кейде белгілі бір себептерге бай­ланысты оқиға орнына дер кезінде жете алмауы мүмкін. Бұл өрт шал­ған жерлердің көбейіп, оны дер кезінде тоқтатуға қиындық кел­ті­реді, – дейді Манарбек Шапағатов.
Біз орман шаруашылықта­рын­дағы нақты жағдайды анықтау мақсатында облыстық Табиғи ресурстар және табиғатты пай­далануды реттеу басқармасымен де тілдестік. Бірақ басқарма бас­шысы техниканың жетіспеушілі­гі мәселесінің жоқ екенін алға тартты.
«Облыс орман шаруашылық­тарында техника қоры жеткілікті. Оған қоса, осы жақында Конс­титуция күніне орай тағы 20 трак­тор, «Уазик» сияқты көлік бө­лініп, техникаларымыз жаңартыл­мақ. Әрине, биыл қуаңшылыққа бай­ланысты орман өрті көп бол­ды. Дегенмен орманда ағаштардың өртеніп кетуі сирек. Бірен-саран ағаштар өртенгені болмаса, жағдай қалыпты. Үлкен өрт бол­ған жоқ. Биыл 1 300 гектарға жуық ағаш отырғызылды. Керісінше, орманда өрт болған жағдайда өрт сөндірушілер жеткенше біздің орманшылар өрттің 30-40 пайы­зын өздері сөндіріп тастайды», – дейді басқарма басшысы Руслан Әубәкіров.
Ал ормандар мен аң-құстар­дың жайына тікелей жауапты орган Ақмола облысы орман ша­руашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы сәл өзгеше дерек келтірді. Бұл ведомство да ыстық ауа райы мен жауын-шашынның жоқтығы өрттің көп болуына ықпал еткенін жеткізді.
– Мемлекеттік орман қорла­рында бүгінге дейін 76,5 гектар орман алқабында 93 өрт болды. Шығын сомасының жалпы көлемі 14 миллион 202 мың теңгені құ­рады. 160 текше метр орман түп-тамырымен күлге айналды. Орман өртінің басым бөлігі жай түсуден, ыстық пен қатты желдің салдары­нан болғаны анықталды. Қазір инспекция өртке қарсы мемлекет­тік қызмет органдарымен бірлесіп, қызметтік тергеу жұмыстарын жүргізіп жатыр, – дейді аумақтық инспекция басшысы Лашынтай Дүйсенов.
Қысқасы, қай мекеме қандай дерек келтірсе де, бәрі Ақмола ор­мандарында өрттің жиі шыға­тынын мойындайды.

Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, Ақмола облысы