Олимпиада 100 жылдан кейін Парижге қайта оралады
Олимпиада 100 жылдан кейін Парижге қайта оралады
313
оқылды

Жазғы Олимпиада ойындары араға бірнеше жыл салып, қайтадан Еуропаға оралады. Халықаралық Олимпиада комитеті 3 жылдан соң Парижде алауы тұтанатын Олимпиада ойындарының уақытын бекітті.

Франция астанасындағы жазғы Олимпиада ойындары 2024 жылы шілденің 26-ы мен тамыздың 11-і аралығында өтеді деп жоспарланып отыр. Былтыр қыркүйек айында ХОК тұңғыш рет өз тарихында екі жазғы Олимпиаданың өту орнын бір уақытта жариялаған болатын. Осылайша, 2024 жылы Олимпиада ойындары  Парижде, ал 2028 жылы Лос-Анджелесте өтетіні белгілі болды. Жақында Токиода өткен жазғы Олим­пиада ойындарының туы Па­риж қаласына табысталды. Осы­лай­ша, келесі XXXIII жазғы Олим­пиада ойындары 2024 жылы Фран­ция астанасында салтанат құрады. Халықаралық Олимпиада коми­тетінің басшысы Токио Олим­пиадасының жабылу салтанатында Томас Бах туды Париж қаласының мэрі Анн Идальгоға ұстатты. Париж мэрі Анн Идальго бастаған француз делегациясы мен атлеттер құрамасы Токиодан еліне Олимпиада туын алып оралды. Олимпиада туын табыстау рәсімі Эйфел мұнарасы маңында ұйымдастырылды. Салта­натты шараға Франция президенті Эммануэль Макрон және Токиода жарыс жолына шыққан спортшылар да қатысты. Жалпы, Франция үшін бұл өз жерінде өткізілгелі отырған алтын­шы олимпиада ойыны. Француздар бұған дейін 1924 жылы Шамониде, 1968 жылы Гренобльде, 1992 жылы Альбервильде қысқы Олимпиада ойындарын да ұйымдастырып еді. Белгілі болғандай, Париждегі спорттық жарыс  36 спорттық объектіде өтеді. Олардың 26-сы бұрыннан бар кешен. Тек кейбірі қайтадан жаңартылады. 8 спорттық кешен уақытша жарыс алдында дайындалады. Ал  2 жаңа спорттық кешен Олимпиадаға дейін салын­бақ. Жаңартылған Stade de France стадионында  жеңіл атлетикадан барлық жарыстар өтеді. Сонымен қатар әлемдік дүбірлі доданың ашылу және жабылу салтанаты осы стадионда ұйымдастырылады. Ролан Гаррос кешенінде теннис пен бокс бәсекелері өтеді. Жарыс қожайындары Олим­пиада кезінде Еуро-2016-дағы стадиондарын да пайдаланады.  Атап айтқанда, жанкүйерлер Тулуза, Марсель, Бордо, Лилль, Лион, Сент-Этьен мен Ниццада футбол ойындарын тамашалайды. Ал жағажай волейболының матч­тары Эйфель мұнарасының етегін­дегі Шам де Марста өтеді. Вело­шабандоздар  жарысы Елисей алаңында, ал триатлон мен ашық суда жүзу Сена өзенінің бойында болады. Өзге де спорт түрлерінен өтетін жарыстар Франциядағы озық үлгіде салынған керемет спорт­тық ареналар мен кешендерде өтеді. Париж қаласының мэрі Анн Идальго Олимпиадаға дайындыққа шамамен 7 миллиард еуродан аз қаражат кететінін атап өтті. Әзірге жоспарланған бюджет шамамен 6,6 миллиард көлемінде. Ал спорттық ойындарды ұйымдастыру комитеті билет сатудан 1 миллиард еуродан сәл астам кіріс түсетінін есептеп қойған. Трибунаның сыйымдылығы 85%, ал билеттің орташа бағасы 117 доллар болады деп күтілуде. Франция астанасында өтетін спорттық жарыстарға келер болсақ, каратэ Парижде өтетін Олимпиада ойындарының бағдарламасына ен­бей қалды. Халықаралық Олим­пиада комитетінің бұл спорт түріне Токиодағы Олимпиадаға енгіз­гені­нің арқасында Қазақстан қоржыны 2 медальмен толыққан болатын. Алайда  бұл  каратэшілердің Олим­пиададағы бірінші әрі соңғы жа­рысы болуы ғажап емес. Себебі  ХОК келесі Париж Олимпиада­сының бағдарламасына каратэ спортын қоспауды жөн санады. Бірақ жарыс басталғанға дейін шешім сан рет өзгеруі  мүмкін. Ең маңыздысы, Парижде өтетін келесі Олимпиадада ХОК-тің біздің ауыр атлеттерге салған тыйымы өз күшін жояды. Бұл дегеніміз – Қазақстан зілтеміршілері бұрын­ғыдай Олимпиадаға толық құрамда бара алады деген сөз. Яғни, Фран­циядағы додада кемінде 8-10 ауыр атлетіміз жарыс жолына шығады. Осы хабарды қуана хабарлаған ауыр атлетикадан Қазақстанның мемле­кеттік жаттықтырушысы Меңдіхан Тәпсірұлы 2024 жылы Париж Олим­­пиадасына кімдердің баруы мүмкін екенін айтты. – Әлем рекордтарын жаңартқан жасөспірімдеріміз бар.  Ерлер арасында да, қыздар арасында да олар­дың аттарын атауға болады. Енді ерекше көзге түсіп, 2024 жылғы Париж Олимпиадасына баратын басты үміткерлеріміз – Рахат Бекболат, Абылай Әуел­ханұлы, Есенгелді Сапи, Нұрғиса Әділетұлы, Ақмолда Сайрамкез және басқа да жасөспірімдеріміз. Сонымен бірге қыздар арасында Айсамал Сансызбаева, Аиша Омарова, Руфина Шалқарова, Ольга Пастухова, Надежда Ли, Раушан Мешітханова сияқты мықты жасөспірім қыздарымыз бар. Олар халықаралық жарыстарда тұрақты жүлделі орындармен оралып жүр. Аталған жастар алдағы Олимпиадаға баруға мүмкіндіктері бар, – деді Меңдіхан Тәпсірұлы. Ұлттық олимпиада комитетіне берген сұхбатында үздік спортшы­ларымыздың бірі Ольга Рыпакова 2024 жылы Парижде өтетін Олим­пиадаға бару-бармау туралы сұраққа жауап берген болатын. Ол Париж Олимпиадасына қатысу-қатыспауы әзірге белгісіз екенін айтты. Ал Елдос Сметов «алдағы Олимпиадаға қатысу ойыңызда бар ма?» деген сауалға былайша жауап берді. – 2024 жылғы Олимпиадаға бара аламын ба, әлде бара алмаймын ба, көреміз. Қазір елге барып демала­мын, денсаулықты қалпына келтіру керек. Кішігірім жарақаттарымды емдеймін. Жұрт көзіне көрінбейтін, бірақ жаныма бататын жарақаттар бар. Өзімді баптасам, денсаулығым жақсы болса, ел намысын неге қорғамасқа? – деді Елдос. Токиодағы жарыстан соң журна­лис­тердің бірнеше сұрағына жауап берген зілтемірші, Токио Олим­пиадасының қола жүлдегері Зүлфия Чиншанло да Париж Олимпиада­сына қатысуға тырысатынын жет­кізді. Әне-міне дегенше, Франция төріндегі Олимпиада ойындары да әлем назарын өзіне аударар кез келер. Сол кезде әлемдік додаға кімдердің баратынын біле жатар­мыз. Бастысы, спортшыларымыз пан­демия кезінде өткен Токио Олим­пиадасында жіберген кем­шіліктен сабақ алса екен дейміз. Ең қызығы, Париж қаласы Лондоннан кейінгі Олимпиада ойындарын 3 рет өткізген қала ретінде спорт тарихында қалатын болды. Алғашқы Олимпиада ойындары Франция астанасында 1900 жылы ұйымдастырылды. Одан кейін 1924 жылы өтті. Ендігі әлемдік дода 100 жылдан кейін қайтадан әсем Париж қаласына оралады. Барша спорт жанкүйерлері сол күнді асыға күтеді. Біз де өз саңлақтарымыздың  Париж төрінде сынға түсер сәтін көруге асықпыз.

Абылайхан ЖҰМАШ