Жазғы Олимпиада ойындары араға бірнеше жыл салып, қайтадан Еуропаға оралады. Халықаралық Олимпиада комитеті 3 жылдан соң Парижде алауы тұтанатын Олимпиада ойындарының уақытын бекітті.
Франция астанасындағы жазғы Олимпиада ойындары 2024 жылы шілденің 26-ы мен тамыздың 11-і аралығында өтеді деп жоспарланып отыр. Былтыр қыркүйек айында ХОК тұңғыш рет өз тарихында екі жазғы Олимпиаданың өту орнын бір уақытта жариялаған болатын. Осылайша, 2024 жылы Олимпиада ойындары Парижде, ал 2028 жылы Лос-Анджелесте өтетіні белгілі болды. Жақында Токиода өткен жазғы Олимпиада ойындарының туы Париж қаласына табысталды. Осылайша, келесі XXXIII жазғы Олимпиада ойындары 2024 жылы Франция астанасында салтанат құрады. Халықаралық Олимпиада комитетінің басшысы Токио Олимпиадасының жабылу салтанатында Томас Бах туды Париж қаласының мэрі Анн Идальгоға ұстатты. Париж мэрі Анн Идальго бастаған француз делегациясы мен атлеттер құрамасы Токиодан еліне Олимпиада туын алып оралды. Олимпиада туын табыстау рәсімі Эйфел мұнарасы маңында ұйымдастырылды. Салтанатты шараға Франция президенті Эммануэль Макрон және Токиода жарыс жолына шыққан спортшылар да қатысты. Жалпы, Франция үшін бұл өз жерінде өткізілгелі отырған алтыншы олимпиада ойыны. Француздар бұған дейін 1924 жылы Шамониде, 1968 жылы Гренобльде, 1992 жылы Альбервильде қысқы Олимпиада ойындарын да ұйымдастырып еді. Белгілі болғандай, Париждегі спорттық жарыс 36 спорттық объектіде өтеді. Олардың 26-сы бұрыннан бар кешен. Тек кейбірі қайтадан жаңартылады. 8 спорттық кешен уақытша жарыс алдында дайындалады. Ал 2 жаңа спорттық кешен Олимпиадаға дейін салынбақ. Жаңартылған Stade de France стадионында жеңіл атлетикадан барлық жарыстар өтеді. Сонымен қатар әлемдік дүбірлі доданың ашылу және жабылу салтанаты осы стадионда ұйымдастырылады. Ролан Гаррос кешенінде теннис пен бокс бәсекелері өтеді. Жарыс қожайындары Олимпиада кезінде Еуро-2016-дағы стадиондарын да пайдаланады. Атап айтқанда, жанкүйерлер Тулуза, Марсель, Бордо, Лилль, Лион, Сент-Этьен мен Ниццада футбол ойындарын тамашалайды. Ал жағажай волейболының матчтары Эйфель мұнарасының етегіндегі Шам де Марста өтеді. Велошабандоздар жарысы Елисей алаңында, ал триатлон мен ашық суда жүзу Сена өзенінің бойында болады. Өзге де спорт түрлерінен өтетін жарыстар Франциядағы озық үлгіде салынған керемет спорттық ареналар мен кешендерде өтеді. Париж қаласының мэрі Анн Идальго Олимпиадаға дайындыққа шамамен 7 миллиард еуродан аз қаражат кететінін атап өтті. Әзірге жоспарланған бюджет шамамен 6,6 миллиард көлемінде. Ал спорттық ойындарды ұйымдастыру комитеті билет сатудан 1 миллиард еуродан сәл астам кіріс түсетінін есептеп қойған. Трибунаның сыйымдылығы 85%, ал билеттің орташа бағасы 117 доллар болады деп күтілуде. Франция астанасында өтетін спорттық жарыстарға келер болсақ, каратэ Парижде өтетін Олимпиада ойындарының бағдарламасына енбей қалды. Халықаралық Олимпиада комитетінің бұл спорт түріне Токиодағы Олимпиадаға енгізгенінің арқасында Қазақстан қоржыны 2 медальмен толыққан болатын. Алайда бұл каратэшілердің Олимпиададағы бірінші әрі соңғы жарысы болуы ғажап емес. Себебі ХОК келесі Париж Олимпиадасының бағдарламасына каратэ спортын қоспауды жөн санады. Бірақ жарыс басталғанға дейін шешім сан рет өзгеруі мүмкін. Ең маңыздысы, Парижде өтетін келесі Олимпиадада ХОК-тің біздің ауыр атлеттерге салған тыйымы өз күшін жояды. Бұл дегеніміз – Қазақстан зілтеміршілері бұрынғыдай Олимпиадаға толық құрамда бара алады деген сөз. Яғни, Франциядағы додада кемінде 8-10 ауыр атлетіміз жарыс жолына шығады. Осы хабарды қуана хабарлаған ауыр атлетикадан Қазақстанның мемлекеттік жаттықтырушысы Меңдіхан Тәпсірұлы 2024 жылы Париж Олимпиадасына кімдердің баруы мүмкін екенін айтты. – Әлем рекордтарын жаңартқан жасөспірімдеріміз бар. Ерлер арасында да, қыздар арасында да олардың аттарын атауға болады. Енді ерекше көзге түсіп, 2024 жылғы Париж Олимпиадасына баратын басты үміткерлеріміз – Рахат Бекболат, Абылай Әуелханұлы, Есенгелді Сапи, Нұрғиса Әділетұлы, Ақмолда Сайрамкез және басқа да жасөспірімдеріміз. Сонымен бірге қыздар арасында Айсамал Сансызбаева, Аиша Омарова, Руфина Шалқарова, Ольга Пастухова, Надежда Ли, Раушан Мешітханова сияқты мықты жасөспірім қыздарымыз бар. Олар халықаралық жарыстарда тұрақты жүлделі орындармен оралып жүр. Аталған жастар алдағы Олимпиадаға баруға мүмкіндіктері бар, – деді Меңдіхан Тәпсірұлы. Ұлттық олимпиада комитетіне берген сұхбатында үздік спортшыларымыздың бірі Ольга Рыпакова 2024 жылы Парижде өтетін Олимпиадаға бару-бармау туралы сұраққа жауап берген болатын. Ол Париж Олимпиадасына қатысу-қатыспауы әзірге белгісіз екенін айтты. Ал Елдос Сметов «алдағы Олимпиадаға қатысу ойыңызда бар ма?» деген сауалға былайша жауап берді. – 2024 жылғы Олимпиадаға бара аламын ба, әлде бара алмаймын ба, көреміз. Қазір елге барып демаламын, денсаулықты қалпына келтіру керек. Кішігірім жарақаттарымды емдеймін. Жұрт көзіне көрінбейтін, бірақ жаныма бататын жарақаттар бар. Өзімді баптасам, денсаулығым жақсы болса, ел намысын неге қорғамасқа? – деді Елдос. Токиодағы жарыстан соң журналистердің бірнеше сұрағына жауап берген зілтемірші, Токио Олимпиадасының қола жүлдегері Зүлфия Чиншанло да Париж Олимпиадасына қатысуға тырысатынын жеткізді. Әне-міне дегенше, Франция төріндегі Олимпиада ойындары да әлем назарын өзіне аударар кез келер. Сол кезде әлемдік додаға кімдердің баратынын біле жатармыз. Бастысы, спортшыларымыз пандемия кезінде өткен Токио Олимпиадасында жіберген кемшіліктен сабақ алса екен дейміз. Ең қызығы, Париж қаласы Лондоннан кейінгі Олимпиада ойындарын 3 рет өткізген қала ретінде спорт тарихында қалатын болды. Алғашқы Олимпиада ойындары Франция астанасында 1900 жылы ұйымдастырылды. Одан кейін 1924 жылы өтті. Ендігі әлемдік дода 100 жылдан кейін қайтадан әсем Париж қаласына оралады. Барша спорт жанкүйерлері сол күнді асыға күтеді. Біз де өз саңлақтарымыздың Париж төрінде сынға түсер сәтін көруге асықпыз.Абылайхан ЖҰМАШ