Telegram қолданушылары биыл қарашада балалар жаппай ауыра бастайды, оған мектептер мен балабақшаларда азот оксиді мен бериллий шашу себеп болады деген ақпарат таратып жатыр. Осы жайттың әсерінен ата-аналар балаларына вакцина салдыруға мәжбүр болады-мыс.
Желіде тараған ақпаратты Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті жоққа шығарды. «Бұл жалған ақпарат. Қазір мектептерде коронавирусты таратпау бойынша барлық шара қабылданған. 379 540 педагог пен мектеп қызметкерлері вакцина салғызды. Бұл барлық орта білім беру қызметкерлерінің 96 пайызы. Оқушылар арасында коронавирустың таралуына жол бермеу бойынша шаралар алгоритмі әзірленді», – деді комитетінің ресми өкілі Ержан Байтанаев. Мәлімет бойынша, азот оксидін көзге көрінбейтіндей шашу мүмкін емес. Азот оксиді – өткір иісі бар қызыл-қоңыр, кейде қызғылт сары газ. Оны байқамау мүмкін емес. Сондай-ақ комитет жалған ақпарат таратушылар Қылмыстық кодекстің 274-бабы бойынша қылмыстық жауапқа тартылатынын ескертті. Яғни, бұл бап бойынша 3 мың АЕК мөлшеріне дейінгі айыппұл салу түріндегі жауапкершілік, 800 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тарту, 3 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеу немесе сол мерзімге бас бостандығынан айыру қарастырылған.А.ЖОЛДАС