Ауыр жаза да жол апатын азайтпады
Ауыр жаза да жол апатын азайтпады
302
оқылды

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, жол апа­ты­нан қаза тапқандардың тең жартысы жылдамдықты шамадан тыс асыр­ған­дар мен мас күйінде рөлге отыр­ғандар екен. Биылдың өзінде елі­мізде 10 мың азамат алкогольді ішім­дік ішіп, есірткіге еліткен күйде көлік жүргізгені үшін әкімшілік қамау­ға алынса, 12 мың адам көлік басқару құқығынан уақытша айырылды. Ал мас күйінде көлік жүргізген мыңға жуық азамат жүргізуші куә­лігімен өмір бойына қош айтысты. Алайда ережені елең қылмай­тындар үшін жасалған мұндай жаза жол апатын азайта ала ма?

Камера саны көбейтілді

Қазір қауіпсіздік белбеуін тағып, рұқсат етілген жылдамдықпен жүретін жүр­гізушілер аз. Көлік тізгіндегендердің көбі рөлде келе жатып телефон шұқылап отыратынын жиі байқауға болады. Бағдаршамның қызыл түсінен қиқулатып өте шығатын жүргізушілер де, жаяу жүргінші жолағында қатты жылдамдықпен жүйткитіндер де баршылық. Ал масаң күйде көлік басқаратындарды жауапкер­шілікке тартқызғанмен, жаза мерзімі біт­кен соң «ескі әніне» басатындары жетер­лік. Соның салдарынан жаяу жүргіншілер арасында көлік дөңгелегінің астына түсіп, дүниеден озып жатқандар көбейді. Апта соңында тұрғындардың арыз-шағымын онлайн режимде қараған Алматы об­лыс­тық Полиция департаментінің басшысы Серік Күдебаев аймақтағы жол-көлік оқиғаларының 95,1 пайызы жол ережесін елең қылмайтын жүргізушілердің кінә­сінен болғанын айтты. Ал ІІМ Әкімшілік по­лиция комитеті төрағасының орынба­сары Серік Түсіповтің айтуынша, биыл тәртіп сақшылары бақылау камерасының көмегімен 1,6 млн бұзушылықты анықта­ған. Соның ішінде әрбір бесінші жол-кө­лік оқиғасы жүргізушілердің жылдам­дық­ты асыруынан болып отыр. Сол үшін был­тыр жергілікті атқарушы органдармен бірге қосымша 3,5 мың камера орнатылды. Бүгінде жол ережесін бұзғандарды бақы­лайтын камера саны 13 200-ден асады. Полицияның қатысуынсыз, камералар анықтаған жол ережесін бұзу фактілері қазірдің өзінде он пайызға артып, 150%-ға жеткен.

Жүргізу куәлігінен бірден айыру керек

Әлем елдерінде тасжолдағы тәртіпті ретке келтіру мәселесі күн тәртібінен түс­кен емес. Былтыр Ресей Федерациясы ке­ңе­сінің мүшесі Сергей Леонов алко­голь­ді және есірткі қолданып, жол қозға­лысы ережесін бірнеше рет бұзғандарға жүргізуші куәлігінен өмір бойына айыру жазасы қолданылу керек деп мәлімдеді. «Егер көлік тізгінін масаң күйінде бас­қарса, оны бірінші рет бір жылға, екінші рет екі жылға, ал үшінші рет өмір бойына құқығынан айыру керек», – деді сол кезде кеңес мүшесі. Биыл осы ұсыныс көрші ел­дегі жол қозғалысы ережелеріне қатыс­ты заң нормаларын өзгертуге септігін ти­гізді. Ресей конституциялық соты ішім­дік ішіп көлік жүргізгендерді жүгендеу үшін осындай жаза қолдануды құптап отыр. Дегенмен сот шешіміне қарсы пікір айтушылар да көбейген. Олардың пікі­рінше, мұндай жаза тым қатал құқықтық салдарға әкеледі. Мәселен, Калининград облысында бір азамат 14 рет мас күйінде көлік жүргізіп, төрт рет сотты болған. Астрахань облысында да көлік тізгінін мас күйінде басқаратын біреу 2016 жылдан 2018 жылға бірнеше рет жауапқа тарты­лыпты. Бұл жазаны қаншалықты қатайт­қанмен, жауапкершілікті сезінбей­тін­дердің санын қысқартпайтынын көрсетіп отыр. Бірақ мемлекеттік дума маскүнем жүргізушілерге сабақ болатын жаңа заңды күшіне енгізуге барынша қолдау білдірді. Латвияда да соңғы екі жылда жол ере­жесіне байланысты заңға бірқатар өзгеріс ен­гізді. Оның ішінде есірткі немесе ал­когольді мас күйінде көлік жүргізгені үшін 1,5 промилледен 1 200-ден екі мың еуроға дейін айыппұл және бес жылға дейінгі мерзімге құқығынан айыру та­ғайын­далды. Егер алкогольді масаңдық 1-1,5 про­миллені құраса, айыппұл 850-ден 1 400 еуроға дейін, үш жылға дейінгі мерзімге құқықтан айыруға жазаланады. Ал алкогольді немесе есірткіні пайдалану арқылы жол-көлік оқиғасын жасаса, 1 200-ден 2 000 еуроға дейін айыппұл, бес жылға дейінгі мерзімге құқығынан айыру­ға әкеліп соғады. Есірткі заттарының не­месе алкогольдің болуына талдау тапсыру­дан бас тартуға да жаза бар. Ал жазадан кейін де көлік тізгінін ішімдік ішіп, бірнеше рет ұсталса, жүргізуші куәлігінен өмір бойы айырылады. Молдова билігі өзге елдермен са­лыс­тырғанда жол ережесіне жүрдім-бардым қарайтын жүргізушілерге тым қатал. Бұл мемлекетте мас күйінде көлік жүргізуші­лерінің санын едәуір қысқарту үшін біраз жылдан бері жазаны қатайтты. Мәселен, мас күйінде бірнеше рет рөлге отырған­дардың көлігі тәркіленіп, жүргізуші куәлігінен өмір бойына айыру жазасына кесіледі. Дегенмен осы жазаның өзін тым жұмсақ екенін айтқан молдавалық заңгерлер пробация инспекциясында есепте тұрған адам саны 2017 жылы 700 адамға өскенін айтқан. Сондықтан олар көлік жүргізу кезінде алғаш рет мас болған жүргізушілерді де бірден жүргізу құқы­ғынан айыруды ұсынды. Өйткені дәл осындай жаза Тайланд пен АҚШ-та бұ­рыннан қолданылады екен.

Стандартқа сай жол жасалсын

Заңгер-құқықтанушы Ирак Елекеев жол апатының артуына жүргізушілердің жүгенсіздігі ғана емес, мемлекет тарапы­нан жасалып жатқан жұмыстың жүйесіздігі де себеп болып отырғанын айтады. «Қа­лааралық жолдарды екіжолақты етіп салу керек. Өйткені көлік жүргізушілері көп жағдайда қарсы бағытқа шығып, жол апатының алдын аламын деп жол-көлік оқиғасын жасайды. Батыс Еуропа–Батыс Қытай көлік жолын осы стандартқа сай салдырдық. Осы жолдағы жол-көлік апаттары азайғанын немесе көбейгеніне зерттеу жүргізген ешкім жоқ. Екіншіден, шетелдегідей әрбір көлікті спутник арқылы космостан бақылап отыратын мүмкіндікті қарастыру қажет. Шетелде талай болдық қой. Көптеген елде кешкі сағат 9-дан таңғы сағат 6-ға дейін ауыр жүк көліктері мен ав­то­бустарды жүргіз­бейді. Себебі түнгі уақытта жол апаты бо­лудың қауіп-қатері ба­сым. Бізге де сондай ережені енгізу қа­жет. Біз­де қазір жылына 3 000 адам жол-кө­лік оқи­ғасынан қаза табады, қаншама адам жа­рақат алып жатыр», – дейді Ирак Елекеев. Белгілі заңгер Абзал Құспанның ай­туынша, жартылай қабылданған ше­шім­нің соңы мәселенің шешімі бола алмайды. «Кешенді түрде кіріспеген соң шикі шешім жол-көлік апатын азайтуға септігін тигізе алады дегенге сенбеймін. Жол ере­жесін жиі бұзатын адамдардың жүргізуші куәлігін алып жазалаудан бұрын осы куәлікті беретін кезде бас ауырту керек еді. Көлік үйрену курстары мен куәлік беретін орындарды тексеруден бастау керек» деп санайды заңгер. Сондай-ақ ел­дегі қырық жылдан бері жөндеу көрме­ген ойқы-шойқы жолдардағы жауап­кер­шілікті мың жерден қатайтқанмен, сапа­сыздықтың соңы орны толмас оқиғамен аяқталуы әбден мүмкін. Көлік жүргізушілері де заңгерлердің пікірімен толығымен келіседі. Олардың ойынша, сапалы жол салып, бақылауды күшейтсе, жүргізушілер тарапынан да ере­­жені ескеріп, тәртіпке бағы­на­тын­дар­дың қатары артуы мүмкін. Ең бас­тысы, тас­­жолдың бойындағы тәртіп жөнге келіп, жол-көлік оқиғасының саны азаяр еді.

Жадыра МҮСІЛІМ