Жас ғалымдардың инновациялық жобалары
Жас ғалымдардың инновациялық жобалары
196
оқылды

Алматы облысында Тә­уел­сіздіктің 30 жылдығына орай түр­лі шара өткізіліп ке­леді. Со­лардың бірі ретінде болашағын ғы­лыммен бай­ланыстыратын жас дарын­дарды қолдау мақса­тын­да ұйым­дастырылған «Жас ға­­лым» ғылыми-иннова­ция­лық жо­­балар байқауын айтуға бо­лады.

Сындарлы сынаққа қатысқан 30-дан астам жас ғалым қазылар алқа­сы­ның талқысына өздерінің түрлі сала­дағы ғылыми еңбегін ұсынды. Оларды жасыл энергети­каны дамыту, білім саласына ин­новация енгізу, мүмкіндігі шек­теулі жандардың қоғамға бейім­де­луін жеңілдету және басқа да бағыттар қызықтырады екен. Бай­қауда топ жарған жеңімпаз­дарды облыс әкімінің орынбасары Арслан Дәндібаев құт­тықтап, марапаттады. Алматы облыстық Жастар сая­саты мәселелері жөніндегі бас­қармасы ма­мандарының ай­туына қарағанда, «Жас ғалым» ғы­лыми-инновациялық бай­қауы өңірдегі болашағын ғылым­мен бай­ланыстыратын талантты жас­тар­дың бастамаларын қолдау мен олардың ғылыми әлеуетін арт­тыру­ды мақсат етеді. Ертеңгі ел ғылымының көсегесін көгертетін жастардың арасындағы байқауда 8 жас дара шығып, олар 300 мың­нан 1 млн теңгеге дейін ақшалай сыйлықтармен марапатталды. Қатарластарынан оза шапқан Тимур Рақысбаев «Мектеп жа­сына дейінгі балаларға арналған Zerdeli bala оқыту мобильді қо­сым­шасы» жобасын бәйгеге қо­сып, бас жүлдеге ие болса, Сүлей­мен Демирел атындағы уни­вер­ситеттің компьютер ғылымдары ма­ман­дығы бойынша PhD док­тор­лығы бойынша білім алушы Аймөлдір Алда­бергеннің инк­люзивті білім беру ұйым­дарының жұмысын жеңілдетуге арналған жобасы бірінші орыннан көрінді. Аймөлдір Алдаберген дис­лекциясы бар балаларға арналған жасанды ин­теллектке негізделген анимациялық генератор алгорит­мін құру туралы жо­баға кірісу жайындағы ой алғаш док­торан­турада оқи бастағанда кел­генін айтады. – Қазақстанда дислекциясы бар балаларды тәрбиелейтін 19 мектеп бар. Жобаға кірісер ал­дында сол мектеп­тер­мен бай­ла­ныс орнатып, сала ма­ман­да­ры­ның ой-пікірін тыңдадым. Олар мұндай жобаның қажет еке­нін айтты. Қазір педагогтер бала­ларға мә­тінді суреттер арқы­лы ұғын­дыру үшін оны пласти­лин­нен жа­сап көрсетеді. Бұл едәуір уақыт­ты алады және шы­ғыны көп. Ал менің жобамда мәтін бойынша суреттерді анимация ар­қылы жылдам көрсетуге мүм­кіндік бар, – дейді жас ғалым. Инклюзивті білім беруді дамытуға қосылған елеулі үлес деуге тұратын бұл жобаны білім жүйесіне енгізсе, тех­нологиялық жаңалық саланың жүгін едәуір жеңілдетпек. Сол сияқты «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының жеңімпазы Дамир Нұркежанов Future-IT робо­тотехника мектебі, Талдықорған жо­ғары политех­ни­калық колледжінің студенті Жігер Берліғожа Eko Green, С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің студенті Гүлім Серғалы «Мүм­кіндік» (Opportunities), С.Де­мирел атындағы университетінен Қамар Бегайым «Қа­зақстанның ЖОО-да оқуға арналған грант­тарды талдау», І.Жансүгіров уни­верситетінің жанындағы колледж сту­денті Сапар Сұлтан «Энергия өн­діретін инновациялық тақ­тайша», Юлия Лим «Жастар мен мүмкіндігі шектеулі жандарға ар­налған «Поте­н­циал» уақыт клубы» жобаларымен үздіктер қатарынан орын алды.

Болат АБАҒАН, Алматы облысы