«Nur Otan» партиясының «Халыққа көмек» жобасы аясында Алматы облысында күнделікті қоғамдық қабылдауға келетін тұрғындардың саны аз емес. Еліміздегі эпидахуалға байланысты қабылдаудың онлайн форматы қарастырылған. Жедел желі арқылы да мәселелер оңтайлы шешілуде.
Партияның аумақтық филиалдарына өтініш айтып, әлеуметтік көмекке жүгінетіндердің басым бөлігі көпбалалы, аз қамтылған отбасылар. Сондықтан да әрбір мәселе мұқият бақылауға алынған. Апта сайын жасалып отырған сараптау жұмысы барысында партия филиалдарына осы жоба аясында жыл басынан 6 753 өтініш түсіп, оның 3 829 (56%) оңтайлы шешілгені анықталды. Апта сайын аумақтық филиалдарға жүгінетін тұрғындардың біразына тоқтала кетейік. «Nur Otan» партиясы Кербұлақ аудандық партия филиалына хабарласқан Қоғалы ауылының тұрғындары «Халыққа көмек» жобасы аясында мал азығын сатып алуға көмек көрсетуді сұрады. Аудандық филиал төрағасының бірінші орынбасары Гүлжан Камамбаева «Қоғалы» бастауыш партия ұйымының төрағасы Асқар Баядиловпен хабарласып, көмек сұраған жалғызбасты қарттарға және мүмкіндігі шектеулі азаматтардың отбасыларына қысқа дайындалуға қолдау танытуды өтінді. Соның нәтижесінде, көмек сұраған отбасыларға шөп жеткізіліп берілді. Панфилов аудандық партия филиалына өтінішпен шыққан «Облыстық жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған көмекші мектеп-интернат» мемлекеттік мекеме басшысы Бақия Раева жеке кәсіпкерлер арқылы өзі басқарып отырған мектеп-интернатқа көмектесуді жеткізді. Аудандық филиал төрағасының бірінші орынбасары, аудандық мәслихат депутаты Қанат Досмаилов мектеп-интернаттың мәселесін шешу үшін облыстық мәслихат депутаты Серік Ақсубаевпен бірлесіп 200 000 теңге көлемінде қаржылай көмек көрсетті. «Nur Otan» партиясы Ескелді аудандық филиалына Қарабұлақ ауылдық округінің тұрғындары Ломоносов көшесіндегі №23 тұрғын үйдің алдында балаларға арналған алаңның жоқтығына байланысты шағымданған болатын. Тұрғындарды «Қарабұлақ» БПҰ төрағасы Берік Дүйсенбинов қабылдап, мәселенің шешілу жолын қарастырды. Оның айтуынша, Ломоносов көшесіндегі №23 тұрғын үйдің балалар алаңының ауласын абаттандыруға жергілікті бюджеттен 3 550 400 теңге бөлініп, байқау қорытындысы шығарылыпты. Жақын арада ойын алаңы салынып, қолданысқа берілмек. Райымбек аудандық филиалының қоғамдық қабылдау бөлмесіне келген Қайнар ауылының тұрғыны, аз қамтылған азамат Қуат Қасымов тұрмыстық жағдайының қиыншылығы мен тұрақты баспанасының жоқтығын айтып, мұңын шақты. Ауыл азаматының баспаналы болуына көмек қолын созған Райымбек аудандық партия филиалы төрағасының бірінші орынбасары Гүлнар Арипова, аудандық «Кәсіпкерлік» бөлімінің басшысы Абылай Бақытжанұлы мен Қайнар ауылдық округінің кәсіпкерлері бірігіп, мәселені шешті. Қарасай ауданы Қаскелең қаласының тұрғыны Арман Палымбетова баласын Алматы қаласында орналасқан ауруханаға қарату үшін қаражат сұрап, өтініш білдірген еді. Ананың өтінішін облыстық мәслихат депутаты Бекет Абишев оң шешіп, баланың еміне 200 000 теңге көлемінде қаржылай көмек көрсетті. Көксу аудандық партия филиалына Балпық би ауылының Мейрамбек Нұрмұхамбетов хабарласып, заң аясында көмектесуді сұрады. Нақты айтқанда, ол кісі 2005 жылы сатып алған үйін тұрмысының төмендігіне байланысты уақытында заңдастырмапты. Соған сай заңгерлік көмекке мұқтаж болып шықты. Аудандық филиал ықпалымен өтініш иесіне адвокат Диас Бейсенов көмектесіп, баспанасын заңдастырып берді.Болат АБАҒАН, Алматы облысы