Қарағанды облысы әлі күнге дейін «қызыл аймақта». Ауырғандар саны азаяр емес. Арнайы құрылған ауруханалар лық толы. Біз барған Қарағанды қаласындағы №1 ауруханада да науқастардың саны артқан.
17 науқас ауыр халде жатыр
– Біздің №1 аурухана 5 ақпаннан бастап коронавируспен ауырғандарды қабылдайтын инфекциялық госпиталь ретінде қайта құрылды. Мұнда 250 төсек-орын бар. Қазір науқастардың саны өсуіне байланысты қосымша 15 төсек дайындауымызға тура келді. Бұл аурухана – бірінші дәрежелі стационар. Октябрь ауданымен бірге Бұқар жырау мен Қарқаралы ауданына қызмет көрсетеміз. Науқастардың бәрі ковидпен ауырғандар. КТ-дан өткіземіз. ПТР-тест алып, барлық тексерісті жүргіземіз. Біздің стационарда олар барлық емді алып, жазылып шығады, – дейді №1 аурухана директорының орынбасары Дмитрий Матюшко. Стационарда арнайы жабдықталған жансақтау бөлімі бар, онда ауыр халдегі 17 науқас жатыр. Көбінің өкпесі 90 пайызға дейін қабынған. Сонымен қатар жүрек, қант диабетімен ауыратындар да осында. Аяғы ауыр әйелдер мен бала туғаннан кейін дертке шалдыққандар да бар. Олардың бәрі осы ковидтің симптомымен түскендер. Арасында гемодиализ алатын екі адам да бар екен. – Ауыр халде жатқандардың арасында вакцина алғандар жоқ. Орташа деңгейде ауырғандардың арасында бар. Бізде қазір 265 науқас емделіп жатыр. Оның 11 пайызы вакцина алғандар. Бұл инфекция жұқтырғандардың 4 пайызы ғана. Өздеріңіз көріп отырғандай, 96 пайызы вакцина алмағандар. Әлеуметтік желіде білгішсініп, елге ақыл айтқыш, науқастарды емдеп көрмеген, қалай емдеу керегін де білмейтін, медициналық білімі жоқ блогер, заңгер тағы да басқа мамандық иелері қаптап кетті. Сонымен қоймай, өздері құрастырып, вакцинаға қарсы ойын жазып жатыр. Оған қарапайым халық сенеді. Олардың жазғандарының бәрі қате. Мысалы, антиваксердің бірі «қалада вирус алғаннан кейін сонша адам өлді» немесе «бірнеше адам екпеден кейін ауырып қалыпты» деген қауесет таратады. Осыдан барып жасы ұлғайған кісілер, жастар да осы сөзге иланады. Сенгеннен кейін халық арасында өсек тарайды. Негізінде, нақты ақпаратты тек білікті мамандар айтуы керек. Және де халық осы мамандардың айтқанына құлақ асуы тиіс.«Үйде бәріміз «вакцина алды» деген паспорт сатып алдық»
Жақында «вакцина алды» деген жалған паспортпен келген екі емделушіні әшкереледік. Олар өздерін алдағанымен қоймай, басқаларға да қауіп төндіреді емес пе? Сонымен бірге бір отбасы «үйде бәріміз «вакцина алды» деген паспорт сатып алдық» деп ашығын айтты. Өйткені ем алуға келгенде өтірік бәрібір анықталады. Тексеріп көргенде вакцина алған деген тіркеу Қарағанды облысында емес, басқа облыста болып шықты. «Өтіріктің құйрығы бір-ақ тұтам» деген осы болса керек. Ауруханадағы дәрігер, медбике, санитарлардың бәрі де осы науқастармен тығыз жұмыс істейді. Иә, мұнда қазір 200-дей адам еңбек етеді. Олардың 90 пайызы вакцина алды. Қалғандары медқарсылымы барлар. Осы уақыт ішінде дәрігерлер арасында тек 2 адам ауырып қалды. Әрине, олардың бұл вирусты қай жерде жұқтырғаны белгісіз. Оны ешкім дәлелдей де алмайды. Бұл жерде айтайын дегенім, екі қызметкер де вакцина алмаған, – дейді Дмитрий Матюшко. Біздің бұқаралық ақпарат құралдарының өкілі екенімізді білген науқастар өз жанайқайын: «Елдің бәрі сенбейді. Коронавирус бар. Жеткізіңіздерші. Әзірге шетелге шығып демалуды, той-томалақ өткізуді, халық көп жиналған жерге баруды қоя тұрсыншы. Вакцина алып, өзіңізді ғана емес, жаныңыздағыларды да сақтаңызшы» деп жеткізуге тырысты. Айкен ЦАЙ:«Өліп қала жаздадым...»
– Жасым 58-де. Мұнда жатқаныма 25 күн болды. 21 шілдеде түстім. Жедел жәрдеммен алып келді. Басында қарағанда өкпенің қарайғаны 25 пайыз болса, кейін 95 пайызға дейін жетті. Күні-түні жанымнан кетпей, зыр жүгірген дәрігерлердің арқасында тірі қалдым. Қазір жақсымын. Дәрігерлер өмірімді сақтап қалды. Өте қатты ауру бұл. Той дегенді ұмытыңыздаршы. Вакцина алыңыздар. Міне, соны білмей, білсек те, түсінгіміз келмей, төсекке таңылдық. Өліп, тірілдім десем де болады. Ақ халатты абзал жандар болмаса не болар еді деп ойлаймын. Қатты қорықтым. Әлі күнге дейін өз-өзіме келе алар емеспін. Дәрігерлерге рақмет. Бір ажалдан алып қалды. Вакцинаға сенбеген жанның бірі едім. Енді шыққаннан кейін үш айдан соң бірден вакцина аламын. Сіздер де вакцина алыңыздаршы. Бала-шағаларыңызды сақтаңыздаршы. Жұмабек САДЫҚОВ:«Ауа жетпей қиналып қала беремін...»
– Ковидтің тырнағына ілінгеніме үш-төрт күн болды. Суықтан деп жатыр. Дене қызуым түспей қойды. Бір ысып, бір тоңып жатырмын. Арнайы аппаратпен дем аламын әзірге. Ауа жетпей қиналып қала беремін. Өз басым бұл аурудың барына сендім. Әр адам өзін сақтауы керек. Қазір көбі көп адам шақырып, той тойлап жүр. Әрине, тойсыз болмайды. Мереке де керек. Бірақ рұқсат етілген талаппен жүрсек керек. Вакцина алған жоқпын. Дегенмен дәрігерлер рұқсат берген уақытта екпе аламын. Татьяна МЯЛЕНКО:«Немереме ризамын...»
– Мұнда 2 тамызда түстім. Дене қызуым он күн бойы түспей қойды. Жасым 68-де. Ауру басталғанда ауа жетпей, дем ала алмай қиналдым. Өте қорқынышты. Басқаның басына бермесін. Жансақтау бөлімінде жатқан жоқпын. Бірақ алтыншы күні өмірмен қоштастым деп ойладым. Өйткені өте ауыр жағдай болды. Тұншығып өліп қала жаздадым. Оттегі жанымда, соның және дәрігерлердің арқасында аман қалдым. Барлық медицина қызметкеріне айтар алғысым шексіз. Мен немереме ризамын. Вакцина басталған бетте екпе алды. Туған-туыстардың бәрін желкелегендей болып вакцина салдыртты. Соның арқасында жанымдағылар ауырған жоқ. Үйдегілердің ішінде мен ғана қант диабеті болып вакцина алмаған едім. Енді өкініп отырмын. Мұндай қорқынышты көргенше екпе ала беруім керек еді. Осы жерден жазылып шыққан соң вакцина аламын. Басқаларды да екпеге шақырамын. Ауруханада жатып таныстарымның бәріне телефон шалдым. Германиядағы туыстарыма да «вакцина салыңдар, бұл – ойнайтын ауру емес» деп көргенімді айттым. Валантина КУЗЬМИНА:«Жолдамамен барамын деп опық жедім»
– Өзім мүгедекпін. Бурабай демалыс орнына жолдама берді, мен бардым. Сол жерде ауырып қалдым. 2 тамызда сұлқ құладым. Үйде үш күн жаттым. Дене қызуым көтеріліп, жағдайым ауырлап кетті. Осында жедел жәрдем алып келді. Дәрігерлер жанымды сақтап қалды. Карантин уақытында адамдар көп жүретін жерлерді жауып тастаса деймін. Өйткені сол мен барған Бурабайға бүкіл елден халық ағылып келіп жатыр. Дұрыс та шығар, жаз уақыты. Бірақ ешқандай санитарлық талап сақталмайды. Жер-жерде қоқыс, адамдардың бірінде бетперде жоқ. Асханаларда 250-300 адам тамақ ішеді, арақашықтық сақталмайды. Осыдан кейін ковидті жеңеміз деп қалай айтамыз? Той тойлауды, мерекелеуді қоя тұруымыз керек. Аман болып, осы пандемияны жеңсек, әлі тойлайтын күндер туады ғой. Әйтпесе, бұл пәлекеттің қайдан келіп жабысатынын ешкім білмейді. Ауырмаңыздар, сақтаныңыздар, вакцина алыңыздар дегім келеді.Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ, Қарағанды облысы