2020 жылдың пандемиясы әлемді қай жағынан алғанда да абдыратып кеткені белгілі. Адамдардың өмір салтына дейін оқшауланумен өзгеріп кеткені сондай, әлемдік қор нарығындағы қай биржада да құлдырау мен өсу тенденциясы қатты айырмашылықпен қатар жүрді. Мәселен, туризм, қонақүй, мейрамхана, әуекомпаниялардың акциялары қатты түсіп кетсе, онлайн қызметтер, кинопрокат индустриясы, медицина, ритейл, жеткізіп беру және тағы да басқа салалар қарыштап өсті. Оған енді бүгінде вакцина шығаратын компаниялар қосылды.
Қор нарығы – өмір айнасы
Әлемге өте тез тараған коронавирус пандемиясы инвесторларды, тіпті жинағы бар қарапайым адамдарды да «осынау тұрақсыздық пен сенімсіздік кезінде ақшамды қайтсем сақтап қала отырып, одан әрі көбейте аламын?» деген тығырыққа тіреген болатын. Өйткені әлемдік тұтыну күрт азайып кетті де, жекелеген салалардың өз қызметін біржолата тоқтатқандары да болды. Олардың қатарында, әсіресе туризмді, мейрамханаларды, қонақүйлерді айтуға болады. Бірақ бұл қор нарығының барлық саласы дағдарысқа ұшырады дегенді білдірмейді. Керісінше, акциялары қарыштап өскен «көгілдір фишкаларды» атап кетуге болады. Олар – экономикалық та, геосаяси да теріс ахуал әсер етпеген FAANG (Facebook, Amazon, Apple, Netflix, Google) тобына жататын әлемдік алыптар. Сондай-ақ Microsoft компаниясы да бұлтты қызметтер мен қашықтан жұмыс істеуге арналған бағдарламалық қамту сегменттерінде пандемия факторына батыл қарсы тұра алды. Бұлардың қатарында ZOOM видеосервистер платформасын, велотренажерлар сататын Peleton Interactiv, Square қаржылық қызметтер мен сандық төлемдер компаниясын атауға болады. Ал салалар бойынша айтар болсақ, алтын өндірушілер мен IT компаниялардың және азық-түлік ритейлдерінің акциялары тез өсті. Тағы бір атай кететін тенденция, қор нарығына жекелеген инвесторлардың, яғни жеке адамдардың келе бастауы. Мәселен, 2020 жылы Ресей қор нарығына жекелеген инвесторлар өте көп келген екен. Олардың саны – 4,2 млн. Бұл бұған дейінгі жылдарды қосқанда да, солардың санынан асып түсетін көрсеткіш. Соның нәтижесінде нарықтағы жекелеген инвесторлардың саны 8,5 млн-ға жеткен. Жинағы бар қарапайым адамдардың қор нарығына келуіне бірінші кезекте депозиттерге берілетін пайыздық мөлшерлемелердің аздығы әсер етсе керек. Бұл тұста қор нарығы да өмір айнасы екені нақты аңғарылады. Сұраныс пен ұсыныстан тұратын теңгерімді дүниеде тұтынушылық әлеует басты маңызға ие екені анық.Отандық биржаның еңсесі пәс
Қазақстан акциялар нарығы негізінен KASE-де саудаланады. Одан бөлек, Лондондағы, Шанхайдағы, Мәскеудегі қор биржаларында қазақстандық компаниялар бар. Осы реттен келгенде былтырғы пандемияның қазақстанның қор биржасына айтарлықтай теріс әсер еткенін көруге болады. Өйткені дивидендтер төленген кезде көп инвестор қолындағы акциясына сенімсіз болып, сата бастады. Оның орнына алтынға, мемлекеттік облигацияларға ақша салғанды жөн көрді. Мұны экономистер коррекция немесе табысты монетизациялау деп атайды. Оның үстіне жалпы экономикалық жағдай да тұрақты емес еді. «Былтырғы пандемия кезінде қазақстандық компаниялардың бағасы біраз уақытқа дейін өзгеріссіз келген болатын. Бірақ көп ақша алтын сатып алуға жұмсалды. Өйткені алтын дегенімізді өздеріңіз білесіздер, дағдарыс кезіндегі кепілдік қуаты өте мықты, жоғары сұранысқа ие тауар. Оның валютамен пара-пар мәртебесі бар. Сондықтан әлемдегі Dow Jones, NASTAQ, FTSE сынды белді қор биржалары бірқалыпты жағдайда тұрған еді. Біздің КАСЕ де 3800 индекс дәрежесінде болатын, бір өкініштісі биылғы шілде айында олар 3 100-ге дейін 700 пунктке төменге түсіп кетті. Оның себебі мынадай: әр тоқсан сайын дивиденттер төленеді. Сол төленген кезде акция бағасының коррекциясы болады. Ол көп ретте оны сатумен байланысты», – дейді экономист Сапарбай Жобаев. Маманның айтуынша, бүгінде әлемдік биржалар бірқалыпты тұр. Алтынның да бағасы бірқалыпты. Себебі мемлекет халыққа, кәсіпорындарға өте үлкен жәрдем беріп жатыр. Осылайша, ақша массалары көбейген соң акциялардың да бағасы өсіп жатыр. Ал біздің қор биржасының 20-30 пайызға төмендеуі, әрине нарық жағдайындағы сұранысқа байланысты. Егер жақын уақытта ағымдағы шоттың төлем балансына теріс әсері болмаса, акциялардың бағасы бірқалыпты сақталуы мүмкін.Әлем ретроспективті кезеңнен өтті
Нарық әрқашанда алдағы күндерге үлкен иек артады. Сондықтан дәл қазіргі туризм, қонақүйлер, әуе қатынастары сияқты салалардың құлдырауы мен әлсіреуін, ал керісінше онлайн әлем, медицина және вакцина шығаратын компаниялардың өсіп, нығая түсуін ретроспективті ахуал деп қарастыруға болады. Дәл қазір коронавирусқа қарсы алғашқы вакциналар шыққаннан өткен жылдың соңынан кейін-ақ нарық қалпына келу циклына аяқ басты. Экономикалар қайтадан толық қуатына іске қосылып, бел алып келеді. Осы ретте локдауннан анағұрлым қатты зардап шеккен циклге құрылған секторлар өз шығынының басым бөлігін котировкалары көтеріле бастаған алғашқы жартыжылдықта-ақ қайтара алды.Былтырғы пандемия кезінде қазақстандық компаниялардың бағасы біраз уақытқа дейін өзгеріссіз келген болатын. Бірақ көп ақша алтын сатып алуға жұмсалды. Өйткені алтын дегенімізді өздеріңіз білесіздер, дағдарыс кезіндегі кепілдік қуаты өте мықты, жоғары сұранысқа ие тауар.
«Олай болатыны да анық еді. Өйткені рецессиядан шығып, экономика жандана бастаған жағдайда адамдар жаңа автомобильдер сатып алып, жиі-жиі ұшып, металл өнімдеріне де, химиялық өндіріске де және тағы басқаларына сұраныс арта бастайды. Осының бәрін біз қазір бақылап отырмыз. Бір сөзбен айтқанда, әлемдік экономиканың қалпына келу үрдісі толық қарқынмен жүріп жатыр. Өз кезегінде жоғарғы технологиялармен байланысты көптеген акция өткен жылғы құлдыраудан кейінгі максимумына қайтадан жетіп, жаңалап алды. Енді олардың котировкалары «локальды консолидация» дәрежесінде тұр. Бұл дегеніміз – бүгінгі әлем анағұрлым технологияға бой ұрған сайын олардың акциялары да өсе түсуі мүмкін дегенді білдіреді. Осылайша, бүгінде акциялар нарығы алдағы 6 айда көптеген ел вакцина салдыру кезеңінен өтіп, иммунитеті бекіген халық бизнеске оралады деп бағалап отыр», – дейді «Фридом Финанс» инвестициялық компаниясының аналитигі Елдар Шәкенов. Қаржы маманының айтуынша, қор нарығы әлі де болса бұғанасы бекімеген қалпында. Оған тек экономикалық емес, геосаяси жағдай да әсер етіп кетуі мүмкін. Сол үшін әлемнің алпауыт елдері күрделі кезең толық аяқталғанша саяси амбицияларын екінші кезекке ысырып қоя тұрғаны абзал. «Одан бөлек, нарықтың құбылуына әсер ететін маңызды фактор дәл қазір АҚШ-тың федералды резервті жүйесінің (ФРС) алдағы перспективадағы ұстанатын саясаты болып тұр. Оның фискальды болсын, ақшалай-несиелік болсын, сондай-ақ пайыздық мөлшерлемелерді көтеріп жіберуі туралы болсын ұстанымын барлығы да бірінші кезекте қаперге алып отыр. Жалпы алғанда, компаниялардың корпоративті табысы өсіп, әлемдегі вакцина алғандар санының тәуір динамикасы аңғарылған жағдайда және ФРС пайыздық мөлшерлемені 2023 жылға дейін көтермеу уәдесіне тұрса, сондай-ақ бір айда 120 млрд долларға есептелген QE бағдарламасы барда нарықтың өсуіне қолайлы климат сақталуы тиіс», – дейді Елдар Шакенов. Осы тұрғыда Қазақстанның сабақ алар тұсы – тездетіп пандемиялық кедергілерді еңсеру үшін халықты вакцина салдыруға батылдықпен кірісуі.Нұрлан ҚОСАЙ