Қазақстанда аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент және ауыл округі әкімдерін тікелей сайлауы өтті. Халық таңдауын жасады, өзі қалаған кандидатына дауыс берді. Қарағанды облысы бойынша барлығы 75 ауылдық округ әкімі сайланды. Шет ауданы Ақадыр кентінің жаңа сайланған әкімі Азамат Әбілдин жұмысына білек сыбана кірісіп кетті.
«Ауылдарды өмір сүруге қолайлы мекенге айналдыруымыз керек» деген Елбасы, «Nur Otan» партиясының төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сөзін ұран қылған Азамат Азатұлы Ақадырға сырттан келген жоқ. Ол бұл ауылдың мұң-мұқтажын жақсы біледі. Еңбекке адал жан. – Бала кезден ата-анам мені адалдыққа, еңбексүйгіштікке, туған жерді сүюге үйретті. Мен де осы құндылықтарды балаларымның бойына сіңіруге тырысудамын, – дейді ол. Ақадыр кенті бұрын аудан орталығы болатын. Кейін Шет ауданына қосылды. Бүгінгі күні мұнда 10 735 адам тұрады. Азаматты бұл ауылдың өз баласы деуімізге де себеп бар. Өйткені ол 1977 жылдың 3 ақпанында Ақадыр ауданы Ақшатау кеңшарында дүниеге келген. Ақшатау кентінде орта мектепті бітіріп, 1997 жылы Е.Бөкетов атындағы КарУ-дың тарих факультетін ойдағыдай аяқтайды. – Жұмыс жолымды осы ауданда бастадым. Ақжал кентіндегі орта мектепте тарих пәнінен мұғалім болдым. Ал 2003 жылдан мемлекеттік қызметтемін. 2012 жылдың 15 тамызынан осы күнге дейін Шет ауданы әкімінің орынбасары қызметін атқардым. Сондықтан да мен өзімді осы ауылдың адамы санаймын. Әрі ауыл халқымен етене араласып жүргендіктен кент тұрғындарын мазалап жүрген мәселелерді бір кісідей білемін. Кентішілік жолдардың нашарлығы, ескі үйлердің сырт келбетін жөндеу, көпқабатты үйлерді жылу қазандықтарына қосу, әлеуметтік сұрақтарды шешу, аулаларды абаттандыру бәрімізді де толғандырады, – дейді Азамат Әбілдин. Сондықтан да болар, Азамат өз сайлауалды бағдарламасына алдағы төрт жылда кентішілік автожолдың жағдайын жөндеуге ықпал ететінін, бір 24 пәтерлі және екі 12 пәтерлі тұрғын үйдің құрылысына жәрдемдесуге, 2022-2024 жылдары тұрғын-үй коммуналдық шаруашылықты жаңғырту тетігі арқылы ескі үйлердің сырт келбетін жөндетуді, кенттегі спорт мектебі стадионында жүгіру жолағын салуға, ғимаратта орналасқан отқазандығын сыртқа шығаруға жәрдемдесетінін жеткізді. Азамат Азатұлы сонымен қатар Ақадыр кентіндегі су жинағышты және кентішілік арықтарды тереңдетуді қадағалап, аулаларды абаттандыру мен қоғамдық орындарға жарық жүргіземін деген құлшынысын білдірді. «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресте бар күшімді саламын. Бізде жемқорлықққа жол жоқ. Әрине, ауылымызда белгілі тарихи тұлғалар көп, сол кісілердің мәдени-рухани мұрасын насихаттауға, кентіміздің данқты спорттық дәстүрін жалғастыруға үлесімді қосамын», – дейді кент әкімі Азамат Азатұлы. Біз де жаңа сайланған әкімнің жұмысына сәттілік тіледік!Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ, Қарағанды облысы