Журналистің қазасына Бакееваның қатысы бар ма?
Журналистің қазасына Бакееваның қатысы бар ма?
312
оқылды

Ішкі істер министрлігі журналист Қалыбек Атжанның өліміне байланысты тексеру жүргізіп жатыр. Журналист Facebook парақшасында Айна Бакеева ұсынған тыныс алу жаттығуынан кейін денсаулығының нашарлағанын жазған болатын.

«2021 жылдың 11 тамызында қазақстандық журналист Қалыбек Атжанның 9 тамызда қайтыс болу фактісі бойынша шағым түсті. Ол 7 тамызда Facebook әлеуметтік желісіндегі жеке парақшасында А.Бакеева ұсынған тыныс алу жаттығуынан кейін денсаулы­ғының нашарлағанын хабарлаған болатын. 2021 жылдың 11 тамы­зында аталған шағым ІІМ Ақ­параттарды тіркеу кітабына тір­келді және Қылмыстық-процестік кодекстің 181-бабы 5-тармағы тәртібімен тиісінше тексеру жүргізу үшін Денсаулық сақтау министрлігі Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің Жамбыл облыстық департаментіне одан ары беру мақсатында Жамбыл облыстық Полиция департаментіне жібе­рілді», – делінген ІІМ таратқан ақпаратта. Ведомство мәліме­тін­ше, Жамбыл облыстық Полиция департаменті тексеруінің қоры­тындысында процестік шешім қабылданады.

Тексеру жүріп жатыр

Оқиға қалай болған еді? 9 та­мыз күні белгілі журналист Қа­лы­бек Атжан қайтыс болды. 67 жас­тағы ардагер журналист ковид жұқ­тырып алған. Таныстарының бірі оған тыныс алу жаттығулары бар бейнематериалды жібереді. Ал ол бейнематериалдың авторы реа­би­литолог дәрігер Айна Ба­кее­ва бо­латын. Қалыбек Атжан әлеу­меттік желідегі жазылушыларына тыныс алу жаттығуына дейін жағ­дайының жақсарғанын, жат­тығудан соң нашарлап кеткенін жазған. Осы оқиғадан кейін блогер Ілияс Мыңжасаров Айна Бакее­ваның қызметін тексеру керек еке­нін, өйткені тыныс алу жатты­ғу­ларынан кейін де тағы біраз адам өмірімен қоштасуы мүмкін екенін жазған еді. А.Бакеева жур­налистің қазасынан кейін нау­қас­тарды қабылдауды тоқтатқан. Айна Бакееваның тыныс алу жаттығуларын жүргізіп жүргеніне бір жылдан асты. Ол БАҚ-қа бер­ген сұхбатында: «Бір жыл бойы көптеген науқастарға бұл жатты­ғулардың көмегі тиді. Бұл туралы менің Instagram парақшама жазылған жағымды пікірлерден байқауларыңызға болады. Өткен жылы жазда елде дәрі-дәрмек жетіспей, ауру асқынып, қатты қиналған науқастар хабарласқан кезде тыныс алу жаттығуларын жасап, суды көбірек ішу қажет екенін ұсынған едім. Осылайша, дертпен алысқан жандарға қо­лымнан келген көмегімді бердім» деген екен.

Жаттығудың көмегі бар ма?

Дегенмен Айна Бакееваның ты­ныс алу жаттығуларының кө­мегі бар ма? Біз осы сауалды дә­рігерлерге қойып көрдік. Про­фессор, гигиенист-эпидемиолог дәрігер Арай Төлемісованың ай­туынша, «ковидпен ауырғандарға реабилитация кезінде міндетті түрде жаттығулар жасату керек. Бұл ковидтен кейінгі реабили­та­ция деп аталады. Ковид қай адам­ға қалай әсер етеді? Адамдардың бәрі бұл індетпен бірдей ауырып жатыр деп айтуға болмайды. Өйткені бұл инфекция мутацияға ұшырап кетті. Әр адамның ағзасы әртүрлі болғандықтан, әрқай­сысында дерттің асқынуы әртүрлі болып тұр. Сондықтан дәрігерлер әр адамға ауруына қатысты ем қабылдатады. Егер ковидпен ауырған адамның қызуы қатты көтеріліп тұрса, бойда әлсіздік бар болса не болмаса пневмониямен ауырып тұрса, әрине оларға мін­детті түрде дәрігерлік көмек ке­рек. Дерті қатты асқынып тұрма­са, ондай науқастарға аздап жат­тығулардың жеңіл түрін пай­да­лануға болады. Жата бермей, кө­бірек жүргені дұрыс», – дейді. Қатты науқастанып тұрған адамдарға міндетті түрде дәрігер­дің көмегі қажет. Көпшілік өз бетінше ем-дом қабылдап жатады. Бұл да дұрыс емес. Арай Төле­мі­сова осылай дейді. «Аурудың ал­дын алуға болады. Ол бетперде киіп, қолды жиі-жиі сабындап жуып, көпшілік орындарға бар­мау. Ал егер инфекция жұқтырған жағ­дайда адамда оның белгісі бірден көрініс береді. Кейбіреулер бұл індетті жеңіл өткізіп жатыр. Бұл – ковидтің симптомсыз түрі. Оның өзінде дәрігерге қаралып, қажетті витаминдерді қабылдаған абзал. Содан кейін ғана жаттығу жасауға болады. Қатты ауырып тұрған науқасқа массаж алу, жат­тығу жаса деп айтуға болмай­ды», – дейді профессор. Ал дәрігер Ботагөз Мүслімова да профессордың пікірінің жаны бар дейді. «Кез келген науқас ең алдымен дәрігердің көмегіне жү­гініп, ем қабылдауы керек. Дер­ті­не қарсы дәрі-дәрмектерді алып, індеттен арылып, жағдайы қа­лып­ты болған соң ғана кешенді түрде жаттығу қа­жет. Оның ішінде массаж қабыл­дау, ты­ныс алу жолдарын реттей­тін ­жат­ты­ғулар жасауына болады», – дейді дәрігер. Оның айтуынша, тыныс алу жаттығуын науқас стацио­нарда негізгі емін алып болып, үйіне жіберілгеннен кейін ғана жасауы қажет. «Бұл жаттығу­лар­дың өкпе қызметін қайта қалпына келтірудегі маңызы өте зор», – дейді дәрігер. Сондай-ақ дәрігер «Кез кел­ген адам ковид вирусы, жұқпалы процесс екенін ұмыт­пауы тиіс. Әрине, жұқпалы про­цесс кезінде өкпеде, жалпы ағзада әртүрлі өзгерістер болуы мүмкін. Жалпы, тыныс алу жаттығулары тиімді. Бірақ жедел кезең аяқтал­ғаннан кейін ғана. Кез келген инфекциялық аурулардың жедел кезеңіндегі тыныс алу жаттығуы немесе басқа да физиотерапиялық әдістер тек зиянын тигізеді» де­генді айтып отыр. Әзірге тергеу амалдары жүріп жатқандықтан, жоғарыда айтыл­ған оқиғаға қатысты бір жақты пікір айтуға әлі ерте. Мәселенің анық-қанығын құзырлы орган­дар анықтай жатар. Ең басты мәсе­ле – инфекцияны жұқтыру­дың алдын алу. Вакцина салды­рып, дертке қарсы тұру. Ал кез кел­ген тыныс алу жолдарын рет­тейтін жаттығулар ковидтен ке­йінгі реабилитация кезінде тиімді екенін дәрігерлер де айтып отыр. Учаскелік дәрігер Ботагөз Мүс­лімова: «Стационардан жазылып шыққан науқас тек дәріге үміт арт­пауы керек. Өкпені корона­ви­рус зақымдаса, тыныс алу органы үшін реабилитацияның маңызы зор. Бұл жаттығуларды үйде жүйе­лі түрде жасау керек. Кейде, тіпті күніне үш рет 15-20 минуттан. Мін­детті түрде өкпе тыныс алуы керек», – дейді. Сондықтан вирус жұқтырып, ем-дом қабылдаған азаматтар ауруханадан шық­қан­нан кейін ғана жаттығу жасауына болады. Оның өзінде дәрігердің кеңесіне сүйенгені абзал.

Айым БЕКТҰР