Алматының бас санитар дәрігері Жандарбек Бекшин вакцинация төлқұжатын сатып алған азаматтарға вакцинаны ақылы салуды ұсынды.
Жандарбек Бекшиннің айтуынша, жалған вакцинация паспортын сатып алған адамдар басқа азаматтардың денсаулығына және мемлекеттік бюджетке зиян келтірді. Себебі жалған паспорт жасалған жағдайда вакцинаның пайдаланылмаған дозалары жойылады. «Вакцина паспортын сатып алғандар, біріншіден, олар вакцина салғызбаған. Екіншіден, вакцина төгіледі. Сондықтан олар вакцинаны өз қаражаты есебінен алуы керек. Осылайша, олар қатесін түсінеді», – деді Бекшин. Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Нариман Табынбаев Денсаулық сақтау министрлігімен бірлесіп, вакцинацияның жалған паспортын сатып алуға өз еркімен ниет білдіргендер үшін рақымшылық жасау мәселесін қарастырып жатқанын айтты. Айта кетейік, бұған дейін Ішкі істер министрлігі вакцинация паспорты мен ПТР-тестін бұрмалау фактісі бойынша 110-нан астам қылмыстық іс қозғалғанын хабарлаған еді. 28 құқықбұзушылықтың 20-ын медицина қызметкерлері жасаған. Әлеуметтік желілерді бақылау барысында ІІМ қызметкерлері жалған вакцинация паспорты мен ПТР-анықтамасын сату туралы 70 хабарландыруды анықтады, олардың 37-і бұғатталды.М.ҚАЙРАТҚЫЗЫ