Ауылы үшін барын салмаққа бекінді
Ауылы үшін барын салмаққа бекінді

Бүгінгі қоғамда қыз-келіншектердің биік лауазым иеленіп, жоғары мінбелерден көрініп жатқаны шындық. Былтыр «Nur Otan» партия­сы­ның праймеризінде де әйелдердің қарасы аз болмаған. Пар­тиялардың Мәжіліс пен мәслихаттарға арналған тізімдерінде де әйелдер мен жастар үлесі 30 пайыздан кем болмауы керек. Заңда солай көрсетілген. 

Ауыл әкімдері сайлауында да әйелдер біршама белсенділік танытты. Бірқатарына елдің таңдауы түсіп, да­уыс саны жағынан қарсылас ер аза­мат­тардың арасынан суырылып шығып, же­ңіске жетті. Бүгінгі кейіпкеріміз – жақында өткен сайлауға түсіп, өзі тұрып жатқан Аршалы ауданы Волгодоновка ауылының тізгінін ұстаған Тыныштық Қыдырбаева. Елорданың дәл іргесіндегі Волгодо­нов­ка ауылдық округіне Волгодон ауылы­мен қатар Қойгелді және 42 разъезд елді мекені кіреді. 2 мыңнан астам түтін түтетіп жат­қан ауылдың негізгі бөлігі елордаға қаты­нап қызмет етеді. Басым бөлігі тір­шілігін мал және егін егумен табады. Де­генмен ауылдағы әлеуметтік мәселелердің көбеюі әйел адамның белін бекем бууына себепші болса керек.

Әкімдер келімді-кетімді болған соң сайлауға түскен

Тыныштық Ұзақпайқызы сонау Маң­ғыстау облысы Бейнеу ауданында дүниеге келсе де, арман қуып елордаға келіп қыз­мет еткендер қатарынан. Кейін осы өңірде біржола тұрақтап, жолдасы да, өзі де елор­даның іргесіндегі Волгодоновкаға қоныс тепкенді жөн санапты. Кейіпкеріміз би­лікке араласуына негізгі себеп өз ауылына бас­шылыққа келген әрбір әкімқаралардың осы ауылдан емес, келімді-кетімді адам бол­ға­нына іштей налығанынан екенін айтады. «Осы уақытқа дейін Волгодоновка ауы­лында мектепте оқу және тәрбие ісі жөніндегі орынбасары болып жұмыс істе­дім. Әрине, ауылда мәселе өте көп. Әйел адам болған соң халық сеніп тапсырған лауазымның жүгі ауыр екенін жақсы тү­сінемін. Дегенмен он жылдан астам осын­да тұрғанда әкімдердің ауданнан немесе қаладан келіп-кетіп қатынап істейтінін көрдім. Сондықтан елге тұрақтамай жиі ауысып жатты. Соңғы әкім зейнетке шық­қан. Ауылдағы өзекті мәселелердің шеші­мін таппай жатқаны жаныма бататын. Әсіресе, шұрық тесікке айналған жолы­мыз, төгілмей жатқан қоқыстар, басқа да әлеуметтік күрделі мәселелер толған­дыр­ды. Соқырішектей болған бар-жоғы бес-ақ шақырым жолымыз респуб­ли­калық ма­ңызға ие екен. Бірақ еш нәрсе өзгермеді. Содан не болса да ел ішінен бір адам шығу керек қой деген оймен сайлауға түсуге бел байладым. Әрине, елге аста-төк уәде бе­ру­ден аулақпын. Дегенмен қолда бар мүм­­кіндікті пай­даланып, сеніп тапсы­рыл­ған ауыр жүкті абыроймен әрі жа­уапкерші­лікпен атқар­сам деген ниетім бар», – дейді Тыныштық Ұзақпайқызы.

Ауылдың тазалығына мән беремін

Ауыл тізгінін қолға алған жаңа әкім алғашқы қадамы тазалықты қолға алудан бастауды жөн санағанын айтады. Осы орайда жергілікті кәсіпкерлердің де қолдау көрсетіп, бетін қайтармай демеушілік көмектерін жасап жатқанын алға тартты. «Әйел болған соң жан-жағыңның, жалпы бәрінің тап-таза болғанын қалай­сың ғой. Мен де ауылымның мұнтаздай болып, абаттандырылғанына барынша назар аудармақпын. Сондықтан ауылдың кіреберісінен бастап ағаштар егіліп, қо­қыстардың төгілуіне көңіл аударып жа­тыр­мын. Ауылдың ортасында ескі бұзыл­ған балабақша ғимараты бар. Шыны ке­рек, кім көрінген әбден қоқыс үйіндісіне айналдырған. Тіпті, көліктерімен әкеліп сол жерге төгіп кететінін де талай көрген­мін. Соны сүріп тастап орнына ауыл адам­дары мен жастар демалатын гүлзар жасап, ағаштар егіп, орындықтар қойсақ па дей­мін. Оған жергілікті кәсіпкерлермен де ке­лісіп, қоқысын тазартып қойдық. Орын­дықтар да әзірленді. Сондай-ақ ауылда қараусыз әрі иесіз қалған стадион мен ескі хоккей корты бар. Нысандар ешкімнің меншігінде болмай шықты. Енді соны әкімдіктің теңгеріміне кіргізіп, құжатта­рын жасатып жатырмыз. Ауыл спортқа өте жақын. 7 жыл бойы ауыл аудандық «Ақ бидай» спартакиадасының чемпионы атанған. Сондықтан да осы спорттық ны­сандарды демеушілердің көмегімен қайта жаңғыруына жол ашуды жоспарыма енгіздім», – дейді Тыныштық Қыдырбаева.

Ауылдың атын қазақшаландырсам деймін...

Жаңа әкім ауылдың тіршілігіне ғана емес, тіл мәселесіне де бейжай қарай алмайтынын аңғартты. Әсіресе, ауылының әлі күнге «Волга» және «Дон» өзендерінен қоныс аударған адамдар үшін «Волгодон» атанғанына іштей налитынын жасырмады. «Әрине, ауылда өзге ұлт өкілдері де көп тұрады. Осыған дейін де бұл жағдай бірне­ше рет көтерілген. Жұмабек Тәшенов есі­мін берейік деп ол да жоғары жақтан кейін қайтарылған. Негізі, тарихи мәнге ие қазақ тілінде қолайлы келетін атты таппай біраз қиналдық. Біресе мораторий жарияланып, біресе басқа да себептермен ауылдың аты қазақшаланбай тұр. Ел  бұрынғы «еліміз тоқ болсын» деген атауды ­ұсы­нып жатыр. Елде бұрын да осындай атау болыпты. Ескі де болса ауылдағы стадион­да «Елтоқ» стадионы деп жа­зылып тұр. Осындай деректермен ауылдың атын қа­зақшаласақ па деймін», – дейді Тыныш­тық Ұзақпайқызы. Алдағы болашағына нық сеніммен қа­раған нәзік жанды әкім отағасының қашанда қолдау білдіретінін айтты. Саяси додада да жолдасының демеу болғанын атап өтті. «Мен үшін отбасым үш балам мен жұбайым, қолдаушым әрі тірегім. Жұба­йым мектепте денешынықтыру пәнінің мұғалімі. Әрине, жалақысы ұстаздардың жалақысынан әлдеқайда төмен екенін білгеннен кейін сайлаудан бас тартсам ба деп те ойладым. Күйеуім «Әйелім бастық болып кетті!» деп үрікпейді. Керісінше, бас­таған ісіме қолдау білдіріп, елдің да­муына үлес қосқың келеді ғой. Әлі-ақ бәрі дұрыс болады. Елдің батасын алып, құр­ме­тіне бөленесің деп сайлауға түсуіме түрт­кі болды. Сөйтіп, халықтың қалауымен әділ түрде өткен сайлауда жеңіске жеттім», – дейді Тыныштық Қыдырбаева. Ауыл әкімі биыл тұңғыш рет халықтың дауыс беруімен өткен әкімдер сайлауы бұрынғыдан гөрі әділ өтті деген пікірде. Оған өз көзімен де куә болған. «Әкімді халық сайлаған бұл саяси дода ауыл тұрғындары үшін тың әрі жағымды жаңалық болды. Халық «өздері тағайындай салады» деген стереотипті ойдан арылып, өз болашағы үшін белсенді дауыс берді. Тіпті, дауыс беру кезінде «әділ өтті ме, тексереміз!» деп көлігін сайлау учаскесінің алдына қойып, видео тіркегішін қосып кеткендер де болды. Сайлауға 5 адам түс­кен. Екі адамның құжаттары дұрыс болмай өтпей қалды. Үш адамның басқалары қа­ла­дан, ауданда әкімшілік қызметте істей­тіндер болды. Бірақ халық «өз ауылымыз­дың ауасын жұтып, осы елде тұрады ғой» деп маған дауыстарын берді деп ойлаймын. Сондықтан да жауапкершілік жүгін арқалап, абыроймен елдің туын жықпай алға қадам бастырсам деймін. Сайлаудан кейін мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевпен де кездесудің сәті түсті. Аршалы ауданынан алты адам бардық. Соның ішінде Аршалы ауданында жалғыз әйел әкім болғандықтан, кездесуге мен де ілі­ніппін», – дейді Тыныштық Ұзақпайқызы. Ел сенімін ақтауға ұмтылған әкімге біз де сәттілік тіледік.

Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, Ақмола облысы