Оралдық Кәкима Қажипанова қызын 18 жерден пышақтап өлтірген қылмыскер жазадан құтылып кете ме деп алаңдайды. Өйткені, тергеу амалдары төрт ай өтсе де, әлі аяқталмаған, - деп хабарлады "Астана" телеарнасы.
Енесі бұрынғы күйеу баласының қызыма көрсетпеген қорлығы жоқ, әйелін ұрып-соғуды әдетке айналдырған жігіттің оны өлтіруге дайындалғаны анық деп есептейді.
"Үйге келгеннен кейін қызым айтты: «Біз екеуміз екі түрлі адамбыз, мама. Маған қол жұмсайды, түнімен отырғызып қойып ұйықтатпаған күндері болды. Аяқ жаққа отырғызып қойып, ұйықтап бара жатсам аяғымен түртіп оятады», - деді. Жұмыстан сәл кешігіп қалсам, автобуспен келеді ғой. Кейде дүкенге соғады. Сондайда есікті кілттеп қояды дейді. Сонда талай жаңбырда, желде, боранда сыртта жүрген шығар, соның бірін де айтқан жоқ қой. Келісетін шығармыз деп ойлаған сияқты", - дейді марқұмның анасы Кәкима Қажипанова.
Полиция департаментінің мәліметінше, адам өлтірді деген күдікпен Орал қалалық әкімдігінің бұрынғы қызметкеріне қатысты қылмыстық іс қозғалған. Бірақ тергеу барысында кейбір мәселелерді нақтылау үшін арнайы сараптама тағайындалып, күдікті Алматы қаласына жіберілген.
"Сараптаманың қорытындысына сәйкес, бұл жерде тергеудің қойған сұрақтарына жауап алу мүмкін болмады. Сондықтан стационарлық режимде психологиялық-психиатриялық сараптама жүргізуге шешім қабылданды. Ол Алматы қаласында жүргізіледі. Ендігі сараптаманың нәтижесін күтудеміз. Күдіктінің қорғаушысы, "ол бұрынғы әйелінің жұмысына барып, балаларының болашағын ақылдасқысы келді, оны өлтіру ойында болмағандығын айтады", - дейді БҚО ПД баспасөз қызметінің жетекшісі Мөлдір Садырғалиева.
"Пышағы мұның қалтада жүретін сувенирлік пышақ. Міне, сот-дәрігерлік сараптамасы бойынша 4 рет кеудесінен пышақ салған. Ал басқа 13-інің бәрі - жеңіл жарақат! Қазір мен сізге Жоғары соттың постановлениесін көрсетемін. Бүкіл жарақат салғаны бар ғой 30 секундтың ішінде жасалған. Ал енді анадай қатыгездікпен жасау үшін оған енді уақыт керек", - дейді күдіктінің қорғаушысы Ғинаят Салықов.
Сарапшылар қылмыстың қандай жағдайда жасалғанын анықтап жатыр. Яғни күдіктіге қандай баппен айып тағылатыны нақтыланады.
Бұған дейін Оралда әкімдіктің бұрынғы қызметкері әйелін пышақтап өлтіргенін жазған болатынбыз.