Аймақтар газбен қамтылып жатыр
Аймақтар газбен қамтылып жатыр
180
оқылды

«Nur Otan» партиясының сайлауалды жоспарын іске асыру аясында Қызылорда облысында бірінші жартыжылдықта Жосалы мен Жалағаш ауданының орталықтары табиғи газбен толықтай қамтылды. Қазір партияның «Өзгерістер жолы: әр азаматқа лайықты өмір!» өңірлік сайлауалды бағдарламасы 16 пайызға орындалып үлгерген.

Жалпы, алдағы 5 жылда 19 елді мекенді газбен қамту жоспарлан­ған. Жыл соңына дейін Жол кар­тасы ая­сында Қазалы қаласы Шиелі ау­данының Бекежанов және Қодама­нов ауылдары табиғи газға толық қосылады. Осылай тұр­ғындардың газ тұтыну үлесі 67,4 пайызға жетеді деп жоспар­ланған. Сонымен қатар Қармақшы ау­данындағы Төретам және Ақай ауылдарының электр желілерін ке­ңейту және жаңғырту жұмыс­тары жүргізілді. Ал бұқаралық спорт­ты дамыту аясында жақында Жалағаш ауданында жабық жүзу бассейні пай­далануға берілді. Кешен бір уақытта 20 адамға дейін қабылдай алады. Алдағы уақытта оқушыларға ар­налған тегін жүзу үйірмесі ашыл­мақ. Оған 20-ға жуық оқушы қа­былданып, көп­балалы отбасылардан шыққан және ата-анасының қам­қорлы­ғын­сыз қалған балаларға жеңіл­дік­тер қарастырылмақ. Сон­дай-ақ мүм­кіндігі шектеулі азамат­тар мен қарттарға бассейнге күніне 1 сағат тегін кіру мүмкіндігі берілмек. 2025 жылдың соңына дейін өңірде тағы 19 жаңа спорт ныса­нын салу жоспарланған. Оның ішінде 5 спорттық-сауықтыру ке­шені, 12 стритбол алаңы және 2 жүзу бас­сейнін салу көзделіп отыр. Биыл Қызылорда қаласы бо­йынша «Бастау – бизнес» жобасы арқылы кәсіпкерлік негіздерін оқуға 535 адам қатыспақ. Сәуір айынан бастап 641 азаматтың кәсіптік жо­басы «Атамекен» ұлт­тық кәсіпкерлік палатасына жол­данған. 528 азамат оқу курстарын аяқтап үлгерген. Оның ішінде 102 азамат мемлекеттік грант алды. Жалпы, грант 660 азаматқа жос­парланған. Қазір 482 азамат мем­лекеттік грант алып, шағын кә­сібін ашқан. Мал шаруашы­лығымен 122 адам, құс шаруашы­лығымен 30 адам, көлік жөндеу орындарын ашқан 54 адам, тігін шеберханасын ашқан 156 адам, кондитерлік цех ашқан 120 адам тіркелген. Партия тарапынан бұл игі істер одан әрі жал­ғасын таппақ.

М.ХАҚНАЗАР