«Адалдық алаңына» айнала бастады
«Адалдық алаңына» айнала бастады
194
оқылды

Демократиялы, зайырлы, құ­қықтық және әлеуметтік мем­ле­кетіміздің ең қымбат қазы­на­сы – адам және адамның өмірі, құқығы мен бостандығы. Конс­титуция­мыз­­­дың алғашқы ба­бын­да айтыл­ған бұл сөздің мән-мағынасы зор. Егемендік алғалы бері халықтың тыныш­тығы мен бостандығын сақ­тап, құқығын қорғау күн тәртібінен бір түскен емес. Өйткені аза­мат­­тардың құқығы қорғалған, тәртіпке бағынған қоғамда әділ­дік орын алары сөзсіз.

Ауқымды реформаның алғашқы жемісі

Биылғы жыл ІІМ жүйесінде Құ­қықбұзу­шылықтың алдын алу және «жұртқа жақын полиция» қағидатын қамтамасыз ету жы­лы» деп жария­ланды. Осылайша, құқық қор­ғау саласында ауқымды реформа, по­лицейлердің жалақысын көтеру және қыл­мысты азайту бойынша түбегейлі өзгеріс басталды. Үш жыл бұрын қабылданған 2019-2021 жылдарға арналған полицияны реформалаудың Жол картасы штаттық құрылымды оңтайландыруға бағытталды. Жаң­ғыр­ту аясында жалақыны көтеру, тәртіп сақшыларының әлеуметтік пакетін жақсарту, жоғары оқу орын­дарында қыз­метке іріктеуді және кадр­лар даярлауды өзгерту жоспар­ланған. Алғашқы кезеңде полиция қызметкерлерінің саны 11%-ға қыс­қарды. Бұл шамамен алғанда 10 мың адам. Жол-патрульдік полицияны патруль­дік қызметке ауыстырып, қызметкерлерді мектептерге, көше­лерге, қоғамдық орын­дарға жіберді. Еліміздің алты облысында туристік полиция құрылды. Сондай-ақ ІІМ 106 қосымша басқару буындары мен 1 483 басшылық лауазымдарды қысқартты. Жал­пы ауданы 13 мың шаршы метр болатын үй-жайларды босатып, 630 автокөлік кері қайтарылды. Осы арқылы ведомство 16 млрд теңгені үнемдеген. ІІМ Кадр саясаты департаментінің бас­тығы Ораз Жолдасовтың айтуын­ша, ре­форма барысында 2 жыл ішінде полиция­ның жеке құрамының штат­тық саны 13,5 мың адамға қысқарды. «Биыл мамандан­дырылған күзет қызметінің бөлімшесінде 3 мың адам қысқартуға ұшырады. Қазір Қазақ­стандағы 100 мың тұрғынға шаққанда полиция қызметкерлерінің саны 369 адам­ды құрайды. Бұған дейін 100 мың адамға шаққанда 471 қызметкер болған. Сон­дықтан біз штат санын едәуір қысқарттық. Бірақ тиімділік төмендеген жоқ. Қылмыс­тың ашылуы мен қоғамдық тәртіпті қор­ғауды қамтамасыз етудің көрсеткіші жақ­сы» деп сендірді департамент бастығы. Сон­дай-ақ ол саптық бөлімшелердің сер­жанттық лауазымдарын офицерлік лауа­зым­дарға ауыстырылғанына тоқталды. «Сер­жанттар құрамы, негізінен орта-ар­найы біліммен терілген болатын. Іс жүзінде көбінің жоғары білімі болған жоқ. Олар күн­діз-түні көшелерде қызмет етеді. Сол үшін оларға жоғары білікті кәсіби дайындық қажет. Қазіргі жағдайда олардың білімі орта-арнайы. Рефор­маның негізгі бағыт­тарының бірі – білім берудің кәсіби деңгейін арт­тыру», – дейді Ораз Жолдасов.

Оқу орындарында оң өзгеріс

Министрлікке қарасты бірқатар оқу орталығы таратылды. Өйткені оқу орталық­тарында қазіргі заман талап­тарына сай материалдық-техникалық база мен жоғары білікті педагогикалық мамандардың жеткі­ліксіздігі себеп болды. Ұйымдастыру­шылық-штат­тық іс-шаралар өткізілгеннен кейін академиялардың штаттық санының 10%-ы қысқарып, бюджеттік шығын­дар азайды. Бұл ведомстволық оқу орындары­ның тиімділігін арттыруға негіз болды. Енді бакалавриат бағдар­ламасы бойынша Қарағанды акаде­миясынан басқа күндізгі оқыту ныса­нының қысқартылуына байла­нысты оқу және казармалық ғимараттар бо­са­ды. Оқу жүк­темесі төмендеп, бұл білікті оқытушыларға ІІО лауазым­дарына кандидаттарды қысқа мерзім аралы­ғында сапалы дайындауды жүзеге асыруға мүмкіндік берді. Бүгінде Алматы, Қарағанды және Қос­танай, Ақтөбе заң институты, Шымкент оқу орталығы ғана қалды. Оның ішінде Қарағанды академиясы жоғары тергеу мектебіне қайта бейім­делді. Осылайша, Қазақстанда алғаш рет тергеушілердің жеке мектебі пай­да болды. «Құқық қорғау органдары­ның бірде-бір жоғары оқу орны тер­геушілерді дайындамайды. Сол Ре­сейде үш жоғары тергеу мектебі бар. Тергеушілер барлық құқық қорғау ор­гандарында: сы­бай­лас жемқорлық­қа қарсы қызметте, про­куратурада, ҰҚК, ІІМ-де сұранысқа ие. Сондық­тан біз мамандандырылған жоғары оқу орнын құра бастадық. Ал бака­лавриатты тек Қарағанды академия­сында қалдыр­дық», – дейді ІІМ Кадр саясаты депар­та­мен­тінің бастығы. Академияда медиасауат­ты­лық, ше­шендік өнер және халықпен тиімді коммуникация сияқты жаңа пәндер пайда болды. Бұдан бөлек, кез келген шақта адамдармен қарым-қатынас жасауды үй­рену мен құқық қорғау қызметкері ретінде өзін-өзі ұстау мақсатында полиция стан­дарты дайындалды. Ол бойынша полиция­ның кәсіби және жеке қасиеттеріне қойы­латын талаптарды, сондай-ақ әртүрлі жағ­дайда сақталуы керек мінез-құлық нор­малары белгіленді.

Жемқорлыққа қарсы күрес

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мақсатында ІІМ 30 стацио­нар­лық бекеттің алтауын ғана қалдырды. Бұл автокөлік ие­лерінің осындай посттарда еш себепсіз олар­ды тоқ­татып, ақшаны қорқытып алаты­ны туралы шағымдардың көптеп тү­суінен туындаған шара. Дегенмен бекет­тердің жо­йылуы қылмыстық жағдайдың нашарла­уы­на әкелген жоқ. Керісінше, жемқорлық қыл­мыстардың саны 10%-ға төмендеді. Сонымен қатар маманданды­рылған ХҚКО-ларда тіркеу-емтихан бө­лімдері жабылды. Бұл функцияларды енді «Азаматтарға арналған үкімет» жүзеге асы­рады. Бұл да полиция қызметкерлерінің 12-17%-ы заң­сыз нөмірлер мен жүргізуші куәліктерін бергені үшін пара алатыны туралы шағымнан соң таратылды. Бұдан басқа, жаяу патруль­дермен автокө­ліктерді тоқтатуға тыйым салынды. Енді көлікті тек автопатруль тоқтата алады. Бұдан бөлек, ІІМ-де спорттық және мәдени-бұқаралық іс-шара­ларда қауіпсіздікті қамтамасыз етуге полицейлерді жаппай тарту практи­касын қысқарту қолға алынды. Енді бұ­қаралық іс-шараларды ұйым­дастырушылар жеке күзет құры­лым­дарының қызметкер­лерін, еріктілерді тар­тады. Сондай-ақ ІІМ қызметте­рінің тізі­мі­нен мекенжай анық­тама­сын беру алынып тас­талды. Енді бұл мәліметтерді тікелей «элек­тронды үкімет» порталынан алуға бо­лады. Көлікті тіркеу қызметі де жеңілдетілді. Биылдан бастап «Police 102» мобильді қосымшасы іске қосылған болатын. Бұл жеке арна бойынша оқиға куәгерлері тікелей полицияға хабарласуға мүмкіндік алды. SOS батырмасын басу арқылы олар құ­қықбұзушылық туралы полицейлерге дереу хабар береді. Қосымшаның көмегімен қызметкерлердің әрекетіне шағым жасауға да болады. Ал оператор адамның орналас­қан жері мен өңірін анықтап, дереу оқиға орнына жақын экипажды жібереді. Азамат­тық қоғам институттарымен өзара іс-қи­мыл бойынша да жұмыстар жалғасып жа­тыр. Тұрмыстық сыбайлас жемқорлық дең­гейін қысқарту және азаматтардың се­німін арттыру мақсатында Işkı ıster ministrlıgı – Adaldyq alańy жобасы іске қосылды. Былтыр халыққа арнаған Жолда­уында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев учаскелік инспек­тордың мәртебесін заңнама арқылы арттырып, оның өнімді жұмыс іс­теуіне мол мүмкіндік беру керегін айт­қан еді. Қазір құқық қорғау сала­сындағы реформаның ең маңызды­сы да осы. Қо­ғамдық тәртіпті сақтап, құқықбұзу­шы­лықтың алдын алу үшін алдымен учаскелік полицейдің танымал, қолжетімді әрі беделді болуына, заңмен құқығы қорға­луына басымдық беру.

Жадыра МҮСІЛІМ