Қарағанды қаласының іргесіндегі аудан тұрғындары бір аптадан астам уақыт ауызсусыз отыр. Ұзақ жылдарға жалғасқан бұл мәселе жергілікті халықты әбден мезі еткен.
Қаланың іргесінде тұрса да, су тоқтаса болды, тіршілік нәрін 5 литрлі бөтелкемен тасып, үйдегі ыдыстарды толтырады. Себебі үйге келетін құбыр жөнделіп болмады. Бұрын сыздықтап ағатын ауыз су бір аптадан бері мүлде тоқтап қалған.
– Бір демалыс бойы 150-200 отбасы сусыз отыр. Мына жақтан тасып әкелеміз. Сонда әкімдік қайда қарап отыр? «Қарағанды су» әдетте, су болмағанда тасып әкелуші еді, ондай да көмек жоқ. Ал жергілікті әкімдік болса қала іргесіндегі аудан тұрғындарының мәселесін біледі, – Қарағанды қаласының тұрғыны Мәди Идрисов.
«Үлкен Михайловка» деп аталатын ауданға су жекеменшік мұнарадан келеді екен. Онда 75 тонналық қазандық бар. Тұрғындар ай сайын жан басына шаққанда 375 теңгеден төлейді. Су әр көшенің басындағы ортақ құдық арқылы келеді. Бірақ кейбірі су құбырын өзінің үйіне дейін тартып алмақ болған. Осы кезде су құбыры тесілген.
– Қазіргі таңда су құбырын салу жобасы аяқталды, сараптамада жатыр. Ол аяқталған соң келесі жылы құрылыс басталады. Келер жылы орталық су құбырына қосылады, – Қазыбек би ауданы әкімінің орынбасары Бейсен Үсенов.
Әкімдік аталған ауданда ресми 188 үй бар дейді. Тұрғындар болса 400-ге жуықтадық деп отыр. Апталап судың болмауы салдарынан бау-бақшасы қурап, сусаған халық орталық суға қосыламыз деген уәдеге үмітпен де, күдікпен де қарайды.