Қарағанды қаласының Әкімшілік құқық бұзушылық жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты туысының денсаулығына қасақана зиян келтірді деп айыпталған Осакаров ауданы Пионерский ауылдық округінің әкімін кінәсіз деп тапты.
Әкімшілік құқық бұзушылық туралы істі судья Марат Хожабергенов қараған. Сот жәбірленуші әкімнің туысы екенін анықтады және олардың арасында келіспеушілік болған. Сотта жәбірленуші әкім оны ұрып, дене жарақатын келтіргенін мәлімдеді. Оның сөзін туысы растады. Бірақ әкім өзі кінәсін мойындамады.
Сот тараптардың қарама-қайшы куәлік еткенін ескере отырып, жәбірленушіні тексерген сарапшының куәлігін тыңдады. Ол әйелдің денесіндегі көгерген іздер қақтығыстан бірнеше күн бұрын болғанын анықтады. Судья сараптама негізінде әкімге қатысты әкімшілік іс жүргізуді тоқтатып, тиісті қаулы шығарды.
"Медициналық тексеру биыл 8 шілдеде жүргізілді. Сотта сот-медициналық сарапшы жәбірленушінің жарақаттары бес күн бұрын пайда болғаны анықталғанын мәлімдеді, ал іс материалдарына сәйкес, жанжал биыл 5 шілдеде болған. Сот жоғарыда көрсетілген дәлелдемелерді бағалап, кінәлілікке қатысты кез келген күмән әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қозғалған адамның пайдасына шешілетінін ескере отырып, оның іс-әрекетінде әкімшілік құқық бұзушылық құрамының болмауына байланысты айыпталушыға қатысты іс жүргізуді тоқтату туралы шешім қабылдады", – делінген соттың баспасөз қызметінің хабарламасында.
Айта кетейік, бұған дейін Қарағанды қаласының 54 жастағы тұрғыны Осакаров ауданы Пионер ауылдық округінің әкімінің үстінен полицияға арыз берген. Тұрғын шенеунікке ұрды деп айып таққан.