Қазақстанда 1 тамыздан бастап коронавирус инфекциясының таралу индексі 14 пайызға төмендеді. Бұл туралы ҚР Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой айтты, – деп хабарлады ҚазАқпарат.
«Пандемия басталғалы бері әлемде КВИ-дің 210 млн-нан астам жағдайы тіркеліп, 4 миллионнан астам адам қайтыс болды. Бұл дельта штамының кең таралуымен байланысты. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметтері бойынша штамның бұл түрі әлемнің 142-і елінде таралған. ДДСҰ алты өңірінің төртеуінде шілденің екінші жартысында сырқаттанушылықтың өсуі байқалғаны туралы мәлімдеді», – деді ол Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында.
Оның дерегінше, Қазақстанда 20 тамыздағы жағдай бойынша COVID-19-тың оң нәтижесімен 723 064 науқас және КВИ-дің теріс нәтижесімен 67 141 жағдай тіркелген. КВИ-мен ауыратын науқастардың шамамен 83 пайызы, яғни оның ішінде КВИ-дің оң нәтижесімен 597 850 науқас және КВИ-дің теріс нәтижесімен 57 455 науқас сауығып шықты.
«Эпидемиологиялық жағдайды бағалау матрицасына сәйкес Қазақстан Республикасы және елдің 16 өңірі «қызыл» аймақта орналасқан. «Жасыл» аймақта тек Түркістан облысы ғана тұр. Соңғы үш апта ішінде Қазақстанда эпидемиологиялық жағдайдың біртіндеп тұрақтануы байқалады. Бір аптаның ішінде орташа есеппен 53 мыңға жуық жағдай тіркелуде, осы аптаның өткен 4 күнінде КВИ-дің оң нәтижесімен 28 588 жағдай және КВИ-дің теріс нәтижесімен 1 376 жағдай тіркелді», – деді Алексей Цой.
Министрдің атап өтуінше, 1 тамыздан бастап Қазақстан Республикасында коронавирус инфекциясының таралу индексі 1,11-ден 0,97-ге, яғни 14 пайызға төмендеді.
«Инфекциялық төсек-орынмен қамту – 52, реанимациялық төсек-орынмен қамту 48 пайызды құрайды. Инфекциялық төсек-орындарының жоғары қамтылуы Ақтөбе облысында – 77, Қызылорда облысында – 66, Алматы қаласында – 63, Алматы облысында – 60 пайыз екені байқалады», – деді ол.