Сайлауалды бағдарламаның іске асуын тексерді
Сайлауалды бағдарламаның іске асуын тексерді
224
оқылды

«Nur Otan» партиясы Батыс Қазақстан облыстық филиа­лы жанындағы Miras ай­мақтық кеңесінің отырысы ZOOM платформасы арқылы өтті. Жиынның күн тәртібінде партияның «Өзгерістер жолы: әр азаматқа лайықты өмір!» сайлауалды бағдарламасын орындау жөніндегі мәселелер көтерілді.

Мәселелерді атап айтар бол­сақ, Батыс Қазақстан облысы бойынша Жол картасының бағыт­тарына сәйкес, Бөкейорда ауданы Хан ордасы ауылындағы 909,1 шаршы метр тарихи-мәдени, сәулет-этнографиялық кешеннің құрылысы мен «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ұлттық спорт түрлерін дамыту және на­сихаттау жайы қаралды. Сондай-ақ Орал қаласындағы 1 000 орын­дық концерт залы бар мәдениет сарайының құрылысы, облы­сымыз­дың қасиетті жерлерін 3D форматында аралау бойынша интерактивті сапарларды енгізу секілді сауалдар сөз болды. Кеңес барысында Батыс Қазақстан облысы Мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының басшысы Сайран Дүйсенов және облыстық Құрылыс басқармасы басшысының орынбасары Қайрат Досанов кеңес мүшелерінің ал­дында баяндама оқып, сайлауалды бағдарламаның іске асуы бағы­тында бірқатар іс-шара атқарылып жатқанын тілге тиек етті. Олардың айтуынша, қазір барлық жұмыстар жоспарға сай іске асып жатыр. Осыған қарамастан партия Мә­дениет саласына қатысты сұрақ­тарды талқылап, басқарма бас­шыларына жолдады. Осы тұста партия тарапы кеңес мүшелеріне әрбір жиынға белсене атсалысып, халық тарапынан айтылған өтініш талқыға салып отыруды талап етті. Бұдан бөлек, Парламент Мәжілісінің депутаттары Мәлік Құлшар мен Снежанна Имашева Батыс Қазақстан облыстық Ден­саулық сақтау басқармасының басшыларымен кезікті. Жиында облыстық Денсаулық сақтау басқармасы басшысының орын­басары Гүлнар Әбдірах­манова халық қалаулыларына аталған басқармада коронавирусқа қарсы қолданылып жатқан ша­ралар туралы баян етті. Ол облыс тұр­ғын­дарының биыл сәуір айынан бастап екпе алып жатқанын, соң­ғы кезде коронавируспен ауыр­ғандар саны азайғанын айтты. Бұған қоса, екпе алуға қатысты тұр­ғындарға оның пай­дасы мол екеніне көзін жеткізу үшін об­лыстағы беделді адамдарды түсін­діру жұмыстарына тарту қажет­тілігіне тоқталды. Кездесу барысында облыс ор­талығындағы емхана басшы­лары коронавирусқа және аурухана­ларға байланысты қордаланған мәселелерді депутаттардың наза­рына салды. Қазір індет өршіп тұрған шақта медицина саласы көп қажеттілік пен көмекке мұқ­таж. Осыны ескерген халық қалау­лылары бұл жайтты қаперіне алатынын айтты. Сонымен қатар депутаттар облыстың алыс аудандарына да барып жатыр. Мәселен, Жаңақала ауданына бас сұғып, аудан орта­лы­ғындағы мектептер мен кітап­хана, мәдениет үйінің жағдайымен танысты. Соңғы рет 2008 жылы жөндеуден өткен спорт залдың халін көрді. Бұл үшін халық қа­лау­лылары аудан басшыларына мән-жайды ескертіп, тез арада мәсе­ленің шешімін табуды тапсырды. Бұдан соң ауданға қарасты Бірлік ауылына барып, тұрғындармен кездесу өтті. Онда Мәжіліс депу­таттары Мәлік Құлшар мен Сне­жанна Имашева ардагер­лермен жүздесіп, ауылішілік жолдарға жүр­гізіліп жатқан жөн­деу жұ­мыс­тарының сапасын бақылады.

Мадияр ТӨЛЕУ